Шымкенттегі индустриялық аймақтарда құрылыс қарқыны күшейді

Oinet.kz 28-10-2025 12

Шымкент қаласы бүгінде өндіріс пен инвестиция тартуда аймақтық көшбасшылардың қатарында тұр. Соңғы жылдары қала экономикасының тірегіне айналған индустриялық аймақтарда ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптасуда. 

Screenshot_19.jpg

Бұл аймақтар тек жаңа өндіріс орындарын ашып қана қоймай, жұмыс орындарын көбейту мен экспорт әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

Қаланың даму картасында ерекше орын алатын «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылыс индустриясы мен металлургия саласын дамытуға бағытталған. Мұнда қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Су, газ, электр және кәріз жүйелері орнатылып, аймақтың өндірістік қуатын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Енді темір жол рельстерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өндірістік кәсіпорындардың логистикасын айтарлықтай жеңілдететін маңызды қадам. Мердігер ұйымдар жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр. Инфрақұрылым толық іске қосылған соң, мұнда ондаған жаңа зауыттар мен өндіріс орындары бой көтеріп, Шымкенттің экономикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.

Қала аумағындағы тағы бір стратегиялық жоба – «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Бұл аймақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға маманданған. Мұнда қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы 95 пайызға орындалған.

Сумен жабдықтау және кәріз жүйелері толығымен аяқталып, электр және газ желілері пайдалануға берілген. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін зауыттардың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік тудырады. Алдағы уақытта мұнда ет және сүт өнімдерін, жеміс-жидек пен көкөністі өңдеу бағытында жаңа кәсіпорындар ашылмақ.

Мамандардың айтуынша, агро-индустриялық аймақтың толық іске қосылуы қала мен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, импортқа тәуелділікті азайтады. Сонымен қатар, фермерлерге өз өнімін тиімді бағада өткізуге жол ашады.

Индустриялық аймақтар қатарында «Сауда-логистикалық орталық»  та ерекше орын алады. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – халықаралық стандарттарға сай «А» және «В» класты заманауи қоймалық және логистикалық нысандарды орналастыру.

Бүгінде аймақ толығымен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Мұнда газ, электр, су, кәріз жүйелері мен кірме жолдар толық тартылған. Инфрақұрылым қуатының жүктемесі 90 пайызды құрап отыр, ал аймақтың жалпы аумағы 100 пайыз игерілген.

Осы аумақта қазіргі таңда ірі қоймалық кешендер мен логистикалық компаниялар шоғырланған. Бұл Шымкенттің Орталық Азиядағы сауда тасымалының маңызды торабына айналуына мүмкіндік беріп отыр. Қаланың қолайлы географиялық орналасуы, көлік дәліздері мен темір жол желілерінің жақындығы кәсіпкерлерге зор мүмкіндік туғызуда.

Индустриялық аймақтардың даму қарқыны Шымкенттің экономикалық стратегиясының нақты жемісі. Қалалық әкімдік пен инвесторлардың бірлескен жұмысы нәтижесінде өндірістік инфрақұрылым қалыптасып, бизнес жүргізуге қолайлы орта жасалды.

Индустриялық инфрақұрылым даму жолында
Шымкент – инвесторлар сенім артқан қала
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу