Шымкент – инвесторлар сенім артқан қала
Шымкент бүгінде еліміздегі инвестициялық әлеуеті жоғары аймақтардың біріне айналып отыр. Үшінші мегаполис соңғы жылдары өндіріс, логистика және құрылыс салаларында айтарлықтай қарқын алып, шетелдік және отандық кәсіпкерлердің назарын өзіне аударды.

Қалада жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын жеті индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда жалпы құны 685,9 миллиард теңге болатын 446 жоба қарастырылған. Оның 312-сі іске қосылып, нәтижесінде 321,4 миллиард теңге инвестиция тартылды және 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Мұның бәрі – қаланың экономикалық белсенділігі мен бизнесті дамытуға жасалған нақты қадамдардың нәтижесі.
Индустриялық аймақтардың толтырылу деңгейі бүгінде 90 пайыздан асып отыр. Бұл көрсеткіш – инвесторлардың Шымкентке деген сенімін және қаланың инфрақұрылымдық мүмкіндіктерінің жеткілікті екенін айғақтайды. Инженерлік желілер, жол, су, газ және электр жүйелерінің толық тартылуы өндіріс нысандарын ашуға ыңғайлы жағдай туғызған.
Өңір экономикасын одан әрі әртараптандыру мақсатында қала әкімдігі үш жаңа бағыттағы индустриялық аймақ құру туралы шешім қабылдады. Бұл – өндіріс саласын жаңа деңгейге көтеріп, Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Соның бірі – «Құрылыс материалдары» индустриялық аймағы. Ол 2024 жылғы әкімдік қаулысына сәйкес құрылған. Аталған аймақтың басты мақсаты – құрылыс индустриясын және ағаш өңдеу саласын дамыту. Қазіргі таңда бұл аймаққа құрылыс материалдары мен ағаш өңдеу бағытындағы кәсіпорындарды шоғырландыру жоспарланып отыр.
Жаңа аймақ Алтынтөбе тұрғын алабының маңында 77 гектар аумақты қамтиды. Бұдан бөлек, Бозарық «Солтүстік-1» және «Солтүстік-2» учаскелерінде қосымша 2,8 және 2,6 гектар жер бөлінген. Бұл жерлердің барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, инвесторларға тиімді жағдай ұсынылады. Бүгінде аймақта алғашқы екі кәсіпорын өз жұмысын бастап кетті. Олардың бірі – «Юг Oil Pro» ЖШС, ол ағаш өңдеу және жиһаз өндірісімен айналысады. Екіншісі – «KazInnovationGroup» ЖШС, бұл компания заманауи құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған. Екі кәсіпорын да жергілікті шикізатты пайдаланып, өңірлік өнім үлесін арттыруды көздеп отыр.
Бүгінде Шымкент тек оңтүстік өңірдің емес, бүкіл елдің инвестициялық орталығына айналып келеді. Мұнда бизнес жүргізуге қолайлы экожүйе қалыптасқан: инфрақұрылымы дайын, көлік логистикасы дамыған, ал әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау нақты және ашық.
Жаңа жобалар мен өндіріс орындары іске қосылған сайын, қала экономикасының қуаты артып, тұрғындардың әл-ауқаты да жақсара бермек. Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы – оның даму болашағының айқын көрінісі.


