Шымкенттегі жаңа индустриялық аймақ

Oinet.kz 28-10-2025 12

Шымкент қаласы индустриялық әлеуетін арттыру бағытында нақты әрі жүйелі қадамдар жасап келеді. Соңғы жылдары өңірде жаңа өндіріс алаңдары ашылып, экономиканың әр саласы жаңаша серпін алды.

Screenshot_21.jpg

Енді сол үрдістің жалғасы ретінде қалада тағы бір ірі жоба – «Темір» индустриялық аймағы құрылуда. Бұл аймақ металлургия және машина жасау саласын дамытуға арналған стратегиялық бастама ретінде қарастырылып отыр.

Жаңа индустриялық аймақтың басты мақсаты – өңірде металлургиялық кластер қалыптастыру, яғни металл өңдеу, дайын бұйымдар шығару және қосалқы өндіріс желілерін біріктіру. Сондай-ақ, бұл аймақ құрылыс индустриясына арналған металл өнімдерін шығарып, ішкі нарықты сапалы әрі отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Темір» индустриялық аймағының жалпы аумағы 1 076 гектарды құрайды. Бұл – Шымкент үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды өндірістік аумақтардың бірі. Индустриялық аймақты құру жұмыстары Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы  қаулысына сәйкес жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру бірнеше кезеңнен тұрады және қазірдің өзінде алғашқы маңызды жұмыстар қолға алынған.

Бүгінгі таңда аймаққа тиесілі жер телімдерін мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу рәсімдері жүріп жатыр. Бұл кезең аяқталғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталады. Сол арқылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға қажетті нақты қаржы көлемі анықталады.

Мамандардың айтуынша, болашақта аймақта электр желісі, газ, су және кәріз жүйелері, сондай-ақ теміржол тармақтары толықтай жүргізілетін болады. Мұндай ауқымды инфрақұрылым өндіріс орындарын тиімді орналастыруға және инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қала әкімдігі потенциалды инвестициялық жобалар тізбесін жасап үлгерді. Бұл тізімге отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырған бірқатар өндіріс жобалары енгізілген. Олардың арасында металл өңдеу зауыттары, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар және машина жасау бағытындағы өндіріс орындары бар.

Қала басшылығының айтуынша, бұл жоба тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызы жоғары. Өйткені жаңа аймақта мыңдаған жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындардың табысы артады. Сонымен қатар, өңірлік бюджетке түсетін салық көлемі ұлғайып, қала экономикасы жаңа деңгейге көтеріледі.

«Темір» индустриялық аймағы – Шымкенттің өнеркәсіп картасындағы ірі жобалардың бірі. Оның табысты жүзеге асуы қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, оңтүстік өңірдің экономикалық дамуына тың серпін бермек.

Шымкент – инвесторлар сенім артқан қала
«Жылыжай кешені» индустриялық аймағы: агроөнеркәсіптің жаңа мүмкіндіктері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу