Жаңа жобалар қаласы
Шымкент – еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан өндірістік орталықтарының бірі. Соңғы жылдары бұл қалада инвестиция көлемі артып, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашылуда.

Индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда іске асырылып жатқан жобалар жергілікті экономиканы жаңа деңгейге көтеріп, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.
Биыл іске қосылған маңызды жобалардың қатарында «ANDA COMPANY», «Кока-Кола Алматы Боттлерс» сынды кәсіпорындар бар. Бұл өндірістердің әрқайсысы өз саласында тың серпін беріп, аймақтың экономикалық өрлеуіне үлес қосып отыр.
«ANDA COMPANY» ЖШС – ветеринарлық вакциналар шығаратын өндіріс орнын іске қосты. Инвестициялық құны 1,8 миллиард теңге, ал ашылған жұмыс орындарының саны 35 адам. Бұл ауыл шаруашылығында маңызды рөл атқаратын бағыт, себебі ветеринарлық препараттар мен вакциналар отандық нарықта әрдайым сұранысқа ие. Бұрын мұндай өнімдердің көбі шетелден әкелінсе, енді Шымкентте өзіміздің зауыт оларды өндіре бастады.
Ал әлемге танымал «СП Кока-Кола Алматы Боттлерс» компаниясы да Шымкенттегі өндірісін кеңейтті. 27 миллиард теңге инвестиция құйылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл халықаралық брендтің аймақ экономикасына деген сенімін білдіретін көрсеткіш. Алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт жаңа технологиямен жабдықталған, экологиялық стандарттарға сай және энергия үнемдеу жүйелерімен қамтылған.
Тағы бір ауқымды жоба «BALABI TEXTILE» ЖШС. Компания 6 миллиард 528 миллион теңге инвестиция салып, шұлық өнімдерін шығаратын зауытты іске қосты. Мұнда 260 адамға тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жеңіл өнеркәсіп саласын жандандырудағы үлкен жетістік. Өнімдер қазірдің өзінде отандық нарыққа шығып, экспортқа да бағытталып отыр.
Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы тек отандық компаниялармен шектеліп тұрған жоқ. Жыл басынан бері қала әкімдігі бірқатар ірі шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Олардың қатарында Fabe Polska sp z o.o., Selena Group, AKSA ENERJI ÜRETIM A.Ş секілді компаниялар бар.
Fabe Polska sp z o.o. компаниясы Шымкентте жоғары технологиялы жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді және жаңа жұмыс орындарын ашпақ.
Selena Group болса, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыттың құрылысын қолға алуға ниетті. Компанияның өнімдері бүгінде әлемнің 100-ден астам елінде сатылады, енді олардың бір бөлігі Қазақстанда шығарылады.
Ал түрік инвесторы AKSA ENERJI ÜRETIM A.Ş Шымкентте бу-газ қондырғысын салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба қаланың энергетикалық тәуелсіздігін күшейтіп, өнеркәсіп нысандарын үздіксіз қуатпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы жобалардың барлығы Шымкенттің инвестициялық әлеуетін арттырып қана қоймай, қаланың халықаралық әріптестік деңгейін де көтеріп отыр. Шетелдік компаниялардың келуі қала инфрақұрылымының дамуы мен инвестициялық климаттың жақсарғанының нақты дәлелі.


