Инвестиция мен идея түйіскен аймақ

Oinet.kz 29-10-2025 21

Шымкенттің индустриалды аймағы қала экономикасының жүрегі. Мұнда күн сайын жаңа өндіріс орны бой көтеріп, жұмыс орындары ашылып жатыр. Ең бастысы әр жоба өз саласында жаңашылдық пен сапа әкеліп, шаһардың өндірістік беделін арттыруда. Биыл  

Screenshot_5.jpg

іске қосылған жобалардың арасында ел тұрмысына тікелей әсер ететін өндірістер аз емес. Солардың қатарында «ZeineP», «Политрейд Казахстан», «RaiMar», «Еврокристалл» және «Cleans Fabric» сынды серіктестіктер бар. Олардың әрқайсысы өз бағытының көшбасшысы болуға лайық кәсіпорын.

Мәселен, «ZeineP» ЖШС дезинфекциялық құралдар шығаратын өндірісін іске қосты. Пандемия кезеңінен кейін бұл саладағы сұраныстың азаймағаны анық. Аталған кәсіпорын 0,6 миллиард теңге инвестиция құйып, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Енді антисептик, тазалық құралдары мен дезинфекторлар отандық өнім ретінде сауда сөрелеріне шығуда. Бұл  импортқа тәуелділікті азайтудың нақты қадамы.

Ал «Политрейд Казахстан» серіктестігі құрылыс саласының сенімді серігіне айналмақ. Компания ПВХ құбырларын өндіретін зауытын іске қосып, 1,3 миллиард теңге инвестиция салды. 30 адамға жұмыс табылды. Су және кәріз жүйелеріне арналған бұл құбырлар сапасымен ерекшеленеді. Енді еліміздегі көптеген құрылыс нысандарында отандық өнім пайдаланылатын болады.

Индустриалды аймақтың тағы бір табысты жобасы  «RaiMar» ЖШС. Компания газбетон мен құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт ашты. Инвестиция көлемі 0,5 миллиард теңге, ал 20 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Құрылыс нарығындағы сұраныс жоғары болғандықтан, зауыт өнімдерін тек Шымкентке емес, Түркістан облысының өзге өңірлеріне де жеткізеді.

Өндірістік қуатын арттырып отырған кәсіпорындардың бірі  «Еврокристалл» ЖШС. Бұл зауыт бұған дейін шыны ыдыстарын шығарып келген болса, енді өндірісін кеңейтіп, жаңа желілерді іске қосты. Жобаға 3,2 миллиард теңге бағытталып, 15 адамға жаңа жұмыс орны ашылды. Елімізде шыны ыдысқа деген сұраныс жылдан жылға артып келеді, ал бұл өндіріс сол қажеттілікті жергілікті деңгейде өтеп отыр.

Тұрмыстық саладағы маңызды жоба «Cleans Fabric» ЖШС. Компания ылғалды майлықтар шығаратын өндірісін іске қосты. Инвестициялық құны 0,8 миллиард теңге, 20 жұмыс орны құрылды. Бұл өнімдер күнделікті тұрмыста, медицина мен білім беру мекемелерінде кеңінен қолданылады. Енді бұрын шетелден әкелінетін майлықтардың баламасы өз елімізде шығарылады.

Осы бес кәсіпорынның жұмысы Шымкенттің индустриалды аймағының әлеуетін айқын көрсететін мысал. Мұнда әр жоба экономикаға дем, ал әр жұмыс орны тұрғынның өмір сапасына қосылған үлес. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, инфрақұрылым тартылған соң, өндіріс саласына қызығушылық та артып келеді. Шаһар билігі тарапынан көрсетілген қолдау мен жеңілдіктер нәтижесінде аймақ кәсіпорындары тұрақты даму жолына түсті.

Шымкентте миллиардтар қайда жұмсалып жатыр?
Жаңа жобалар қаласы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу