Шымкентте миллиардтар қайда жұмсалып жатыр?
Шымкенттің өндірістік әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Бұл нақты іске айналған жоспарлар мен ел экономикасына қосылған үлес.

2025 жыл индустриалды аймақ үшін ерекше кезең  болмақ. Себебі биыл жалпы құны 111,4 миллиард теңгені құрайтын 24 жобаны  жүзеге асыруды қолға алған. Ал олардың нәтижесінде 2 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде жоспардың жартысынан көбі орындалған. Нақтырақ айтсақ, 17 жоба іске қосылып үлгерді. Олардың жалпы инвестиция көлемі 76,7 миллиард теңге, ал құрылған жұмыс орындарының саны 1 512 адамды қамтып отыр.
Индустриалды аймақ тек өндіріс орталығы емес, ол жаңа идеялар мен кәсіпкерлік бастамалар тоғысқан үлкен алаң. Мұнда шағын және орта бизнестен бастап, ірі зауыттарға дейін қатар дамып келеді. Мысалы, «QazAlPack» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алюминий қаптамасын шығаратын өндірісін жаңғыртып, өз саласында тың серпін әкелді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 30 миллиард теңге, ал ашылған жұмыс орындарының саны 112. Бұл кәсіпорынның өнімдері тек ішкі нарықта емес, шетелге де экспортталып жатыр.
Сондай-ақ, құрылыс саласына серпін берген тағы бір ірі жоба — «Sauran Bricks» зауыты. Мұнда автоклавты газбетон шығарылады. Құны 7,8 миллиард теңге болатын бұл өндіріс 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Газбетон экологиялық таза әрі сапалы құрылыс материалы. Сондықтан зауыттың өніміне сұраныс жоғары.
Қағаз өнімдерін шығару бағытында «BIK Kanc» серіктестігі ерекше үлес қосуда. Компания А4 және А3 форматтағы қағаз шығаратын зауытты іске қосты. Инвестиция көлемі 0,5 миллиард теңге, нәтижесінде 15 адамға жұмыс табылды. Бұл елімізде жиі айтылатын импортты алмастыру саясатының нақты көрінісі.
Индустриалды аймақтың бүгінгі тынысы кәсіпкер мен мемлекет арасындағы серіктестіктің жемісі. Бір жағынан, инвесторлар сенім артып, өз капиталын енгізіп жатыр. Екінші жағынан, қала әкімдігі инфрақұрылымды дамытып, инженерлік желілер мен жолдарды тартып беруде. Мұндай жүйелі қолдау кәсіпорындардың өз әлеуетін толық көрсетуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, қала тұрғындарына жұмыс, ал экономикаға табыс әкеледі.
Келешекте іске қосылатын қалған 7 жоба да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде. Оның ішінде тамақ өнеркәсібінен бастап, машина жасау, құрылыс материалдары мен химия салалары қамтылады.
Шымкенттің индустриалды аймағы бүгінде тек өндіріс орны емес қаланың болашағына жол ашатын үлкен мектеп. Мұнда жаңашылдық, еңбек және табыс ұғымдары тоғысады. Ал әр іске қосылған жоба тек кәсіп емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.

 
 
 
