Шымкент – тұрақты өркендеу мен жаңаша дамудың орталығы

Oinet.kz 29-10-2025 17

Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағыттары талқыланды. Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ұйымдастыруымен ұлттық сарапшылар алаңы KISI GPS: Gylym. Pikir. Sayasat (Ғылым. Пікір. Саясат) атты кезекті отырыс өтті.

Screenshot_3.jpg

Кездесу тақырыбы – «Қазақстанның өңірлік тұрақты дамуы: цифрлық, экономикалық және әлеуметтік бағдарлар» болды.

Іс-шараның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген өңірлік саясаттың негізгі бағыттарын талқылау және оларды тиімді жүзеге асыру тетіктерін қарастыру болды.

Кездесу барысында сарапшылар мен ғалымдар аймақтардың цифрлық трансформациясы, экономикалық тұрақтылығы және әлеуметтік даму бағыттарын жан-жақты талдады.

Шымкент қаласының дамуы еліміздің үшінші мегаполисі ретінде ерекше назарда екені айтылды. Қала бүгінде индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асырып, кәсіпкерлікті қолдау мен цифрландыру бағытында көш бастап келеді.

Жиынға ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадир Нарымбетов, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің проректоры Ғани Бесбаев, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы мен Қоғамдық кеңестің өкілдері қатысты.

Олар өз сөздерінде Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақтылық пен жаңашылдықты үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Алуа Жолдыбалина өз баяндамасында өңірдің даму стратегиясын жүзеге асыруда ғылыми сараптаманың рөліне тоқталды:

– Шымкент – экономикалық және демографиялық тұрғыдан серпінді дамып келе жатқан қала.

Мұнда инновацияға ашықтық, кәсіпкерлік белсенділік пен адами капиталдың әлеуеті жоғары.

Тұрақты даму саясаты дәл осы өңірлерден бастау алып, елдің жалпы экономикалық өсіміне негіз болмақ, – деді ол.

Жиында спикерлер жергілікті басқару жүйесін жетілдіру, цифрлық шешімдерді енгізу, жасыл экономика мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы ұсыныстарды ортаға салды.

Қалалық мәслихат төрағасы Бахадир Нарымбетов өз сөзінде қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты күшейту Шымкенттің тұрақты дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

– Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру – біздің басты мақсатымыз.

Бұл ретте экономикалық жобалармен қатар әлеуметтік әділдік пен азаматтардың белсенділігін арттыру да маңызды.

Шымкент бүгінде өндіріс, кәсіпкерлік және цифрлық инновацияны үйлестіре отырып, жаңа даму кезеңіне қадам басты, – деді ол.

Кездесу қорытындысында қатысушылар өңірлік саясатты жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар әзірледі.

Атап айтқанда, жергілікті экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, жастарды кәсіпкерлікке тарту, қалалық инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар топтамасы жасалды.

Бұл ұсыныстар Шымкенттің дамуын жаңа деңгейге көтеріп, елдің оңтүстік өңірінің тұрақты экономикалық өсуіне серпін бермек.

Шымкентте өткен бұл сараптамалық кездесу – өңірлік дамудың жаңа бағдарларын айқындаған маңызды алаң болды.

Мұнда талқыланған бастамалар мен ұсыныстар тек қала деңгейінде ғана емес, жалпы елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар болмақ.

Шымкент бүгінде тұрақты дамудың тірегіне, инновациялық шешімдер мен экономикалық серпіннің орталығына айналып келеді.

Қауіпсіздік пен сапа – басты назарда: Шымкенттегі тұрғын үй және инженерлік жүйелер жаңаруда
Шымкентте миллиардтар қайда жұмсалып жатыр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу