Қауіпсіздік пен сапа – басты назарда: Шымкенттегі тұрғын үй және инженерлік жүйелер жаңаруда

Oinet.kz 29-10-2025 16

Шымкент мегаполисі бүгінде тек жолдар мен әлеуметтік нысандар тұрғысынан ғана емес, тұрғын үй қоры мен инженерлік инфрақұрылым деңгейінде де жаңару кезеңін бастан кешіп отыр. 

Screenshot_2.jpg

Қалада сапалы құрылыс мәдениетін қалыптастырумен қатар, тұрғындардың тұрмыс қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру бағытында нақты шаралар қолға алынуда.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының дерегінше, 2024 жылы құрылыс талаптарын бұзған 168 нысан бойынша 339 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 106 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл көрсеткіш қалада құрылыс сапасын арттыру мен ережелерді қатаң сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың ауқымын көрсетеді.

Сонымен бірге, басқарманың бақылауындағы тағы бір маңызды сала – көпқабатты тұрғын үйлердің басқару жүйесін реформалау. Бүгінде Шымкентте 2570 көпқабатты үй тіркелсе, олардың ішінде 142-сі «тұрғындар бірлестігі» (ОСИ) жүйесіне көшкен. Бұл модель тұрғындардың өз меншігіне деген жауапкершілігін арттырып, тұрғын үй қорын ұтымды басқаруға жол ашады.

Қалада лифтілер мен газбен қамту қауіпсіздігі де ерекше назарда. Қазір 1235 лифт тіркелген болса, 2025 жылы 12 лифт, ал 2026 жылы тағы 23 лифт жаңартылады. Газ инспекциясы 2024 жылы 110 профилактикалық іс-шара өткізіп, 2396 ақаулы абонентті анықтаған. Бұл – тұрғындардың өмірін қорғауға бағытталған нақты әрекет.

Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуында құрылыс сапасын арттыру, тұрғын үй қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту – басты басымдықтардың бірі. Қалада жүргізіліп жатқан бұл кешенді шаралар шаһардың келешекте заманауи әрі қауіпсіз мегаполис ретінде дамуына жол ашпақ.

Айта кетейік, Шымкент – елдің экономикалық, мәдени және әлеуметтік өмірінің күретамыры саналады. Мұндай ірі қалаларда халық тығыз орналасқандықтан, тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымның жағдайы қоғамның өмір сапасын айқындайтын басты факторлардың бірі болып отыр. Сондықтан тұрғын үй қорын және инженерлік жүйелерді жаңарту — мегаполистің тұрақты дамуының аса маңызды шарты.

Заң үстемдігі мен қалалық тәртіп: Шымкентте рұқсатсыз құрылыстарға тосқауыл қойылуда
Шымкент – тұрақты өркендеу мен жаңаша дамудың орталығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу