Мектеп оқушылары арасында «Дәм мен дәстүр» байқауы өтті

Oinet.kz 09-11-2025 3

Шымкентте колледж оқушылары мен мектеп оқушылары арасында «Дәм мен дәстүр» көрме- байқауы өтті. Бұл көрмеге Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты колледждер мен мектеп оқушылары белсене қатысты. 

Screenshot_10.jpg

Байқауды ұйымдастырған - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжі.

Байқаудың басты мақсаты – 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында білім алушылардың кәсіби дағдыларын шыңдау, ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру. Жас аспазшылар байқауда  

тағам дайындау шеберлігін көретіп ғана қоймады, сонымен бірге ұлттық мәдениет пен дәстүрді бейнелейтін авторлық тағамдарын ұсынды.

№145 жалпы білім беретін мектептің 10 «Ә» сынып оқушысы Балжан Базарбай қазы-қарта, тары-жент, бауырсақ сынды ұлттық тағамдарды ерекше шеберлікпен дайындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Байқау барысында ол бұл шараның оқушылар үшін маңызды тәжірибе екенін айтып, ұлттық тағамдарды дәріптеу – халқымыздың болмысы мен мәдениетін сақтаудың бір жолы екенін ерекше атап өтті.

«Бұл байқауға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ұлттық тағамдарды дайындау арқылы халқымыздың салт-дәстүрін тереңірек танып, оны құрметтеудің маңызын сезіндім. Осындай шаралар арқылы біз өз мәдениетімізді насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырамыз деп ойлаймын», – деді Балжан.

Ал №146 жалпы білім беретін мектептің 5 «Б» сынып оқушысы Н.Сапаралы дайындаған наннан жасалған ерекше формадағы тағамдар байқау көрермендерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Ұлттық тағамға деген шығармашылық көзқарасы мен ерекше талғамы арқылы жас қатысушының еңбегі көптің көңілінен шықты.  

«Бұл байқауға қатысу маған үлкен тәжірибе болды. Өз қолыммен ерекше тағам дайындап, ұлттық дәстүрлермен жақынырақ таныстым. Ең бастысы — ата-бабамыздан қалған асыл мұраны бағалап, оны заманауи үлгіде көрсете алдық деп ойлаймын», — деп өз әсерімен бөлісті кішкентай аспаз. 

Гагарин атындағы №34 жалпы білім беретін мектептің 11 «А» сынып оқушысы Нұрай Тұрысбек дайындаған ерекше торт – қазақтың киіз үйі бейнесінде жасалған. «Қонақжай үй» деп аталған бұл тәтті туынды ұлттық мәдениеттің, салт-дәстүр мен қонақжайлылықтың жарқын көрінісі. Жетекшісі – Гаухар Жұмаева.

Нұрайдың айтуынша: «Бұл торт – жай ғана тағам емес, ол – жылулық пен дәмділікке толы ұлттық символ. Киіз үй секілді әр бөлігінде ұлттық рух бар. Қонақжай үй – әрбір қонаққа арналған, мәдениет пен дәстүрдің дәмді үйлесімі. Дәм мен дәстүр байқауы арқылы біз ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, оны замандастарымызға жеткізе аламыз. Бұл байқау мен үшін өте әсерлі әрі маңызды іс-шара болды. Тағам дайындау арқылы ұлттық дәстүрлерімізді танып, нанға деген құрметтің маңызын ұғындым. Өз қолыммен ерекше пішіндегі нан түрлерін әзірлеу маған үлкен шабыт берді. Болашақта да осындай тағамдар арқылы халқымыздың ас дайындау мәдениетін жаңғыртуға атсалысқым келеді», – деді Нұрәли. 

Бұл байқау жас жеткіншектердің шығармашылығын шыңдап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған игі бастама болды.

Жас аспазшылардың ұлттық нақышта безендіріп, креативті түрде әзірлеген ерекше тағамдары көпшіліктің және қазылар алқасының назарына ұсынылып, жоғары бағаланды.

Көрме нәтижесінде қатысушылардың аспаздық өнерге деген қызығушылығы мен еңбегі ескеріліп, үздік деп танылған қатысушылар мен жетекшілері арнайы дипломдармен марапатталды.

В Шымкенте создают единый архитектурный стиль в городской застройке
Ұлттық тағамдардың тарихы мен мәнін түсінуге насихатайтын байқау өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу