Ұлттық тағамдардың тарихы мен мәнін түсінуге насихатайтын байқау өтті
Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжімен бірлесіп «Дәмді Fest-2025» атты ауқымды фестиваль ұйымдастырды.

Фестивалі аясында кәсіби шеберлікті шыңдауға арналған маңызды іс-шара – «Өнерлі аспаз - 2025» байқауы өтті.
«Дәмді Fest-2025» фестивалінің басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдени мұраны дәріптей отырып, жас ұрпақты ұлттық тағамдарды құрметтеуге және ұлықтауға тәрбиелеу. Бұл шара арқылы кәсіби шеберлікті арттырумен қатар, дәстүрлі тағамдардың маңыздылығын насихаттау және оларды заманауи форматта сақтап, жаңғырту көзделген.
Байқауға қаламыздағы «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығын дайындайтын білім мекемелерінен жалпы саны 6 команда қатысты.
Фестивальдің салтанатты ашылуында университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев сөз сөйлеп, іс-шараның жас аспаздар үшін маңыздылығын атап өтті және қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс аспаздық білім мен креативтілікті талап ететін төрт кезеңнен тұрды:
1. Таныстыру: Командалардың өзін-өзі таныстыруы және байқауға дайындығы.
2. Торт безендіру шеберлігі: Кондитерлік өнердегі дәлдік пен эстетиканы көрсету.
3. Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарын жаңғырту: Тарихи тағамдарды жаңаша әрі заманауи түрде ұсыну.
4. «Дәм Vibe» (Дәмді көңіл-күй): Қатысушылардың аспаздық өнерімен қатар, сахналық шеберлігі мен креативті қойылымдарын көрсетуі.
Командалардың дайындаған тағамдарының сапасы мен ерекшелігіне, сондай-ақ көрсеткен өнерлеріне өңіріміздегі беделді мамандар баға берді. Қазылар алқасының құрамында белді мейрамханалардың шеф-аспаздары, танымал фудблогерлер және тамақ инженериясы саласының үздіктері болды. Олар қатысушылардың еңбегін әділ бағалап, болашақ аспаздарға кәсіби кеңестерін берді. Аспаздық сайыстың қорытындысы бойынша келесі оқу орындары жеңімпаз атанды:
Бас Жүлде: «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжінің аспаздары.
І орын: М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжі.
ІІ орын: Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы.
ІІІ орын: Дарынды балаларға арналған мамандандырылған №1 лицей-интернаты. Жеңімпаздарға алғыс хат табысталып, қаржылай сыйлықтар берді. Осылайша, байқау қатысушылары ұлттық тағамдардың тарихы мен мәнін терең түсініп, өз дәстүрлерін құрметтеуге және оларды жаңғыртуға ынталандырылады. Бұл шара жас ұрпақтың мәдениетімізге деген сүйіспеншілігін арттырып, елдің рухани байлығын сақтауға үлес қосады.


