Баспанамен қамтуда әлеуметтік осал топтарға басымдық беріледі

Oinet.kz 06-11-2025 5

Шымкент қаласында Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Жиында Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов, Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаев және Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов өз салалары бойынша баяндама жасады.

Screenshot_9.jpg

Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаев қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны әлі де көп. Соған қарамастан, соңғы жылдары жалдамалы және несиелік пәтерлер беру ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

– Биыл мыңға жуық отбасыға арендалық тұрғын үйдің кілті табысталды. Көпбалалы, аз қамтылған және жетім балалар санатындағы азаматтарға басымдық беріліп отыр. Келесі жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді ол.

Сонымен қатар, тұрғын үйді жалға алу ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы арқылы көптеген отбасыға қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Мониторинг нәтижесінде заңсыз пайдаланылған пәтерлер анықталып, тиісті шаралар қабылданған.

Қалада жастарға арналған жалдамалы пәтер беру бағдарламасы да тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. 2020 жылдан бері мыңдаған жас баспаналы болған. Бұдан бөлек, «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие беру жалғасуда.

– Мемлекет тарапынан азаматтарға бастапқы жарнаны төлеу үшін тұрғын үй сертификаттары ұсынылады. Бұл, әсіресе, жас отбасылар мен әлеуметтік әлсіз топтар үшін үлкен көмек, – деді Көпжан Төлебаев.

Ал Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев өз баяндамасында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен инфрақұрылымдық жобалары туралы мәлімет берді.

Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов қаланы Smart City тұжырымдамасы аясында дамыту бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде қаланы басқару жүйесі заманауи технологиялар арқылы тиімділігін арттырып келеді.

Сондай-ақ, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов Шымкенттің туристік әлеуетінің артып келе жатқанын атап өтті. Биыл бірнеше тарихи нысанда абаттандыру және цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа қонақ үйлер ашылған. Креативті индустрия саласы да қарқынды дамып келеді. Мәселен, Shymkent Creative Hub орталығы ашылып, жас өнерпаздар мен кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік берілді.

Кеңес мүшелері баяндамаларды тыңдап, бірқатар сұрақтар қойып, нақты ұсыныстарын жеткізді.

Жиын соңында Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов басқарма басшыларының есебін оң бағалап, айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын атап өтті. Оның айтуынша, талқыланған әрбір мәселе қаланың әлеуметтік дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Кеңес мүшелерінің ұсыныстары қоғамдық бақылауда болады.

Шымкентке тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден аспақ
Өндіріс орындарының жұмысы экологиялық талаптарға сай болуы тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу