Өндіріс орындарының жұмысы экологиялық талаптарға сай болуы тиіс

Oinet.kz 06-11-2025 5

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен кезекті аппарат отырысы өтті. Жиында бірқатар өзекті мәселелер қаралды. 

Screenshot_10.jpg

Атап айтқанда, индустриалды аймақтарда заң тәртібінің сақталуы, мемлекеттік бағдарламалардың биылғы 10 айдағы орындалу нәтижелері, сапасыз нысандардың пайдалануға берілмеуін қадағалау шаралары, сондай-ақ, «Alaqan mektep» және «E-Ashana» жүйелерін енгізудің аралық нәтижелері талқыланды.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтің айтуынша, бүгінде қала аумағында жалпы ауданы 1 276 гектарды құрайтын 7 индустриалды аймақ бар. Бұл аймақтарда 312 кәсіпорын жұмыс істеп, 8 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Дегенмен, жүргізілген мониторинг барысында экологиялық талаптарды толық сақтамайтын және тұрғындар тарапынан жиі шағым түсетін бірқатар өндіріс орындары анықталған. Осыған байланысты Экология департаментімен бірлесіп, аталған кәсіпорындардың қызметін ретке келтіру мақсатында тексерулер жүргізілген.

– Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша кәсіпорындарға заң аясында ұйғарымдар берілді және айыппұлдар салынды. Биылдың өзінде Экология департаменті тарапынан 29 ұйғарым шығарылып, жалпы көлемі 37,6 миллион теңге айыппұл өндірілді, – деді басқарма басшысы.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Ол өндіріс орындарының қызметі экологиялық талаптарға қатаң сай болуы керектігін, қоршаған орта мен тұрғындардың денсаулығына зиян келтіретін әрекеттерге жол берілмейтінін атап өтті.

Сондай-ақ, жиында құрылыс саласындағы жұмыстардың барысы да қаралды. Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаевтың мәліметінше, 2025 жылы басқарма тарапынан 110 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның 65-і биыл пайдалануға берілсе, қалған 45 нысан келесі жылға өтпелі ретінде жалғастырылады.

– Биыл мердігер ұйымдар мен техникалық және авторлық қадағалау мекемелеріне келісім-шарт талаптарын орындамағаны үшін 12,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, құрылыс ережелерін бұзған бірқатар мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданды, – деді Олжас Тәжібаев.

Отырысты қорытындылаған қала әкімі жауапты басқармаларға құрылыс сапасын арттыруды, өндіріс орындарының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын қадағалауды тапсырды.

Баспанамен қамтуда әлеуметтік осал топтарға басымдық беріледі
Құжатсыз нысандарды анықтау жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу