Шымкентте әйелдер бизнестің биігін бағындырды

Oinet.kz 06-11-2025 3

Әйелдер кәсіпкерлігі – қазіргі экономиканың маңызды қозғаушы күші. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, нәзік жандылардың бизнестегі белсенділігі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инновациялық идеялардың жүзеге асуына зор үлес қосып келеді.

Screenshot_13.jpg

Қазақстанда да бұл бағыт қарқынды дамып отыр. Елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысынан астамын әйелдер басқарады. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» әйелдер бүгінде ауыл шаруашылығынан бастап ІТ, өндіріс пен қызмет көрсету салаларына дейінгі түрлі бағыттарда табысты жобалар жүзеге асырып, ел экономикасының өркендеуіне өз ізін қалдыруда.

Осы орайда Шымкент қаласында AMANAT партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Әйел аманаты» бағдарламасы аясында интерактивті тренинг өтті. Іс-шараның басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылығын арттыру, іскерлік қабілеттерін дамыту және табысты кәсіпкерлік тәжірибелерін кеңінен тарату болды.

Кездесуге түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіпкер әйелдер, жас бастамашылар мен бизнеске қызығушылық танытқан тұрғындар қатысты. Қатысушыларға кәсіпті жаңадан бастаған және тәжірибелі кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары, жеңілдетілген несиелеу және оқыту жобалары туралы кеңінен ақпарат берілді.

Шарада AMANAT партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова, Halyk Bank қалалық филиалы директорының орынбасары Айдос Келдібаев, және Еңбек мобильді орталығының кәсіпкерлікті оқыту және қолдау бөлімінің басшысы Гүлвира Даужанова сөз сөйледі.

– Әйелдердің іскерлік әлеуетін дамыту – қоғамның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудың басты тетігі. Бұл тренинг өз ісін бастауға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және табысты кәсіпкер болуға ұмтылған әйелдер үшін үлкен мүмкіндік. AMANAT партиясы әйелдердің бизнес бастамаларын әрдайым қолдап, олардың әлеуетін толық ашуға бағытталған нақты істер атқарып келеді, – деді Наргиза Керімбаева.

Іс-шараның ерекшелігі – оның интерактивті форматта өтуінде. Қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, кәсіби мамандармен пікір алмасты. Көптеген әйелдер өз бизнесін бастау немесе кеңейту бағытында нақты жоспарларымен бөлісіп, жаңа серпін алды.

– Қазір мемлекет тарапынан әйел кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ең бастысы – мүмкіндікті дер кезінде пайдалану. Біздің орталық тренингтер мен оқыту курстарын өткізіп, әрбір әйелдің өз кәсібін бастауына жағдай жасап отыр, – деді Гүлвира Даужанова.

Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай шаралардың өз қабілеттеріне деген сенімді арттырып, іскерлік көзқарасты қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Тренинг көптеген әйелдер үшін жаңа идеялар мен шабыттың бастауы болды.

Мұндай кездесулер – тек кәсіби даму алаңы емес, әйелдердің өз армандарын жүзеге асырып, бизнестің биігіне көтерілуіне жол ашатын маңызды баспалдақ. Өйткені әйелін қолдаған ел – өркендеген ел, ал әлемді тербеткен әйелдер – экономиканың да тірегі.

Шымкентте 449,4 млрд теңгеге 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады
Құрылыстың қарқыны емес, сапасы маңызды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу