Құрылыстың қарқыны емес, сапасы маңызды
Шымкенттегі тұрғын үй сапасына қатысты мәселе неге жиі көтеріледі? Қала қанша көркейсе де, салынған ғимараттардың сапасы көңіл көншітпесе, даму өз нәтижесін бермейді.
Соңғы жылдары Шымкентте тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп бой көтергенімен, кейбірінде сапасыз құрылыс пен ақаулар жиі тіркеліп жүр.
Мәселен, былтыр мүгедектер мен көп балалы отбасыларға берілген жаңа үйлердің шатырынан су тамшылап, жертөлелеріне су жиналғаны анықталды. Кей пәтерлерде жарық жиі сөніп, жылу жүйесі дұрыс істемеген. Тексеру кезінде мердігер компанияның 54 пәтерлі үйге жеке үйге арналған шағын сорғы орнатқаны белгілі болды.
Мұндай мысалдар аз емес. Қала әкімдігі мен тиісті органдар құрылыс сапасын бақылау бағытында қатаң шаралар қабылдап отыр. Қалалық құрылыс басқармасы сапасыз жұмыс жасаған мердігер компанияларға жалпы сомасы 176,5 миллион теңге айыппұл салған. 2023 жылы ғана 168 нысан бойынша әкімшілік жауапкершілік қаралып, айыппұл көлемі 107 миллион теңгеге жеткен.
Жаңа тұрғын үйлерге қатысты шағымдар көбіне жертөлеге су кіру, қасбеттің су өткізуі, ішкі әрлеу сапасының төмендігі сияқты ақауларға байланысты. Бұлар – мердігердің тікелей жауапкершілігіне жататын мәселелер. Қазір заңнама бойынша тұрғын үйлерге 7 жылдан 10 жылға дейін кепілдік мерзімі белгіленген. Бірақ кепілдік қағаз жүзінде ғана емес, нақты механизммен қамтамасыз етілуі тиіс.
Құрылыс инженері Ербол Сүлейменовтің айтуынша, басты мәселе – бақылау мен жауапкершіліктің әлсіздігі.
– Бізде үйді салған мердігер нысанды тапсырған соң, толық қол үзіп кетеді. Ал шетелдік тәжірибеде компания өзі салған үйге қызмет көрсетуді де жалғастырады. Бұл олардың сапаға деген көзқарасын өзгертеді. Егер біз осы жүйені енгізсек, сапасыз құрылыс азаяр еді, – дейді маман.
Қазіргі таңда қалада бірқатар компаниялар, соның ішінде BI Group сынды ірі құрылыс холдингтері мұндай тәжірибені енгізіп жатыр. Олар тек үй салып қана қоймай, өздерінің сервистік компаниялары арқылы тұрғындарға техникалық қызмет көрсетуді жалғастырады.
Мамандардың пікірінше, құрылыс сапасының төмендеуіне тағы бір себеп – кадр тапшылығы. Жастардың инженерлік салаларға қызығушылығы азайып, тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Бұл мәселе болашақта құрылыс сапасына әсер етуі мүмкін.
Қазір Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан жаңа Құрылыс кодексі осы түйткілдердің шешімін табуға бағытталған. Кодексте құрылыс процесін цифрландыру, жобалау мен бақылауды бір жүйеге келтіру, сондай-ақ адам қауіпсіздігін бірінші орынға қою көзделген.
Шымкент секілді қарқынды өсіп келе жатқан мегаполис үшін ең бастысы – жылдамдық емес, сапа. Құрылыс қарқыны қаланың келбетін өзгертсе, оның сапасы тұрғындардың өмір сапасын айқындайды.
Сондықтан мегаполистің тұрақты дамуы үшін әрбір кірпіштің сапасы мен әрбір жобаның жауапкершілігі маңызды.


