Болатбек Әлиев: «Заңсыз» нысандар әкім ауысқан соң пайда болады
Мәжіліске Шымкенттен сайланған депутат Болатбек Әлиев бастаған бір топ депутат үкімет жетекшісі Олжас Бектеновке сауал жолдап, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемелерін әкімдіктен үкіметтің құрамына беру қажеттігін көтерді. Оның айтуынша, бүгінде өңірлердегі құрылысты әкімдіктер өздері салады, өздері бақылайды. Нәтижесінде жергілікті жердегі шенеуніктер көптеген заңсыздықтарға барады. Депутат былай дейді:

«AMANAT» партиясы фракциясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде құрылыс саласындағы жағдайды және мемлекеттік бақылау, лицензиялау мен мемлекеттік сатып алу саласындағы құқық қолдану тәжірибесін жүйелі түрде мониторингтен өткізіп келеді. Осы жұмыс аясында жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының (МСҚБ), лицензиялау және мемлекеттік сатып алу жүйесінің қызметін қамтитын тұрақты жүйелік мәселе анықталды. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметі деңгейінде кешенді шешімді талап етеді.
Біріншіден. Жергілікті жерлердегі мүдделер қақтығысы
Қазіргі таңда өңірлерде келесі тәжірибе қалыптасқан:
– әкімдік құрылымдарының бірі құрылысқа тапсырыс беруші ретінде әрекет етеді; – сол әкімдіктің өзге басқармалары арқылы сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттар береді;
– құрылыс салу жөнінде шешімдер қабылдайды; – ал бақылауды басқа бөлімше – МСҚБ жүзеге асырады. Іс жүзінде бір органның өзі рұқсат береді, келіседі және бақылау жасайды. Сондықтан ол өз әріптестері мен кураторының заңсыз шешімдеріне объективті түрде әрекет ете алмайды. Осының салдары: – сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттар бас жоспарға және егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына қайшы түрде беріледі; – бастапқыда салынбауы тиіс нысандар тұрғызылады; – бұзушылықтар ерте кезеңде тоқтатылмайды.
Ал кейін: әкім ауысқан соң кенеттен «заңсыз» нысандар пайда болады. Нысандарды бұзу жүргізіліп, сот шешімдері шығарылады. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілерінің инвестициялары зардап шегеді.
Екіншіден. Лицензиялар мәнін жоғалтты
Бүгінде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі 400-ден астам компанияның техникасы мен мамандары болмай-ақ лицензия алғанын анықтады.
Яғни: – материалдық база жоқ, – кадрлар жоқ,
– ресурстар жоқ, бірақ лицензия бар.
Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 2009–2013 жылдары дәл осындай себептермен – ресурсы жоқ жалған компанияларға байланысты ондаған мың лицензияның күші жойылған болатын. Араға 10 жылдан астам уақыт өтті, реформалар, цифрландыру жүргізілді, алайда жағдай қайталануда. Кей жағдайларда тіпті нашарлаған.
Болатбек Әлиев осыларды ескере отырып үкіметтен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау жүйесін өзге мемлекеттік бақылау салаларындағыдай модельге келтіру, яғни оны орталық мемлекеттік органға тікелей бағынысты ету арқылы бақылау функцияларының тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды сұрайды.
Жалпы, депутат Шымкенттегі өте өзекті мәселені көтеріп отыр. Сауалда «көзбен көріп, қолмен ұстағандай» нақты мысалдар келтіргенде тіптен қатып кетер ме еді. Шымкентте мемлекеттің жерлерін жекеменшік компанияларға заңсыз беріп, заңсыз құрылыс жүргізудің Мұрат Әйтеновтың кезінде өршігенін бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек көтерген болатын. Осыған қатысты талай сот отырыстары өтіп, жер мемлекетке қайтарылды. Бірақ бұдан бұзылып кеткен заңсыз құрылыстарды көргеніміз жоқ. Олардың бәрі де кейінірек қайта заңдастырылды. Өзі рұқсат беріп, өзі бақылайтын, өзі құрылыс жүргізетін әкімдердің әрекеті расында да өзбілермендік. Бірақ сол үшін жауапқа тартылған шенеуніктерді де көргеніміз жоқ.
"Рейтинг" газеті


