Құрылыс – Шымкент экономикасының қуатты локомотиві
Шымкент қаласы соңғы жылдары еліміздегі ең серпінді дамып келе жатқан мегаполистердің біріне айналды. Қала аумағында жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жол және инженерлік инфрақұрылым жүйелері жаппай салынып, Шымкенттің сәулеттік келбеті түбегейлі өзгеруде. Қазір мегаполис нағыз алып құрылыс алаңына айналды десек артық емес.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қалада жыл сайын шамамен 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл – тек құрылыс көлемінің өсуі ғана емес, экономиканың көптеген салаларына серпін берген көрсеткіш. Себебі, құрылыс индустриясы тек ғимарат салумен шектелмейді, ол – мыңдаған жұмыс орнын құратын, жергілікті өндірісті, көлік-логистика мен қызмет көрсету секторын дамытатын мультипликативті әсерге ие сала.
Құрылыс қарқынының артуы қаланың әлеуметтік дамуына да тікелей ықпал етуде. Жаңа шағын аудандар мен тұрғын үй кешендері бой көтеріп, балабақша, мектеп, аурухана, спорт кешендері сияқты әлеуметтік нысандар да қатар салынуда. Мұның барлығы – қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді саясаттың нәтижесі.
Мәселен, соңғы жылдары мегаполисте инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту ерекше назарда. Электр, су, кәріз және газ жүйелерін жаңарту арқылы жаңа тұрғын үй алаптарының қалыптасуына жағдай жасалуда. Қала әкімдігі құрылысқа рұқсат беру және жобаларды келісу үдерісін цифрландыруды қолға алды. Бұл өз кезегінде бюрократиялық кедергілерді азайтып, инвесторлар үшін тартымды жағдай туғызды.
Бүгінде Шымкенттің экономикалық өсімінің негізгі тірегіне айналған құрылыс саласы елдік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда. Қаланың стратегиялық даму жоспарында 2030 жылға дейін тұрғын үй қоры мен инфрақұрылымды кеңейту, жаңа индустриялық аймақтар ашу және қала маңын кешенді дамыту көзделген.
Құрылыс саласының өркендеуі – елдің экономикалық әлеуетінің айғағы. Себебі дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде құрылыс – тұрақты экономикалық өсім мен әлеуметтік әл-ауқаттың басты индикаторы саналады. Сондықтан Шымкенттегі бұл бағыттағы қарқын елдегі урбанизация мен заманауи қала мәдениетінің дамуына нақты үлес қосуда.
Мегаполистің бүгінгі дамуы – ертеңгі өркендеген экономика мен сапалы өмірдің кепілі.


