Шымкенттегі әлеуметтік нысандар – Қамқорлық пен ізгіліктің айғағы
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға баса назар аударуы тиіс екенін әрқашан айтып келеді. Әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін адамдар мен аға буын өкілдерінің жағдайы – қоғам дамуының өлшемі.

Президенттің ұстанымы қазір Шымкенттегі әлеуметтік саясаттың өзегіне айналған.
Соңғы екі жылда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен әлеуметтік салада талай істің басы қайрылды. Талай іс дегенде, қазынаның қаржысын игеру немесе жоғарыға әп-әдемі етіп есеп беру үшін ғана істелетін жалпылама жұмыстар жайлы емес, тұтас әлеуметтік топтарды жарылқайтын, тағдыр тауқыметін тартып жүрген жандардың ауырын жеңілдетіп, күнделікті өмірін жақсартатын нақты істер туралы айтпақпыз.
Иә, әкімдіктің ондай істері баршылық. Басқасын айтпағанда, қала әкімі қызметке кіріскелі бері ерекше күтімді қажет ететін балалардың жағдайына ерекше назар аударып келеді. Олардың толық емделіп, тәуір тұрмыс кешуіне жағдай жасап бағуда.
Осы тұрғыда қаламызда ерекше күтімді қажет ететін балаларға қамқорлық пен жылулық сыйлайтын бірегей мекеме бар. Ол – Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесі. Бұл орталық 1967 жылдан бері психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда мекеме 240 орынға арналған. Соның ішінде 140 орын стационарлық, ал 100 орын жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. Мұнда балалар тек күтім мен ем алып қана қоймай, өмірге деген сенімін қайта табады, өз мүмкіндіктерін ашуға талпынады.
Орталықта бүгінгі таңда балаларға 8 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Соның ішінде ең маңызды бағыттардың бірі – әлеуметтік-медициналық қызмет. Бағыт айрықша күшейтіліп, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған «Механотерапия» кабинеті ашылды. Бұл кабинет қозғалыс қабілеті шектеулі балалардың қимыл-қозғалысын дамытуға, жүру дағдыларын қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Мұнда ДЦП, бұлшықет атрофиясы, парез, эпилепсия, аяқтың параличі және басқа да диагнозы бар балалардың оңалту ем-шаралары өткізіледі. Балалардың физикалық дамуына көмектесетін жеті бірдей жаңа құрылғы алынып, бүгінде толық қуатта жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, «ROBACTIV» locomotor жүйесі – бұлшықет дистрофиясы бар балалардың аяқтарын тік ұстауға, қозғалысын реттеуге және бұлшықеттерін нығайтуға арналған ерекше құрылғы. Ол автоматтандырылған жүйемен жабдықталған, баланы оңай бекітіп, тік тұрғызуға мүмкіндік береді. Ем кезінде балалар жалықпас үшін, құрылғы орнатылған бөлме үлкен экранмен жабдықталған – балалар өздерінің сүйікті мультфильмдерін тамашалай отырып, ем қабылдайды.
Сонымен қатар, «STEP» модульді сатысы, «Шагун» жүруді имитациялайтын аппарат, «Reha» салмақты компенсациялайтын аспалы жүйе, «Кенгуру» мобильді вертикализаторы, «Ванька-встанька» вертикализаторы, HC-TM-C9000-2700 қауіпсіз жүгіру жолы, сондай-ақ FISIOTEK HP2 иық, шынтақ және білезік буынын дамытатын аппарат сынды құралдар жүйелі түрде қолданылуда. Бұл құрылғылардың арқасында балалардың қозғалыс белсенділігі артып, оң өзгерістер күн сайын байқалуда.
Орталықтың тарихында биылғы жыл ерекше. Қала әкімінің бастамасымен 2024 жылы алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары басталып, жақында толық аяқталды. 1,3 миллиард теңге бөлінген бұл жұмыс нәтижесінде ғимарат жаңаша кейіпке еніп, заманауи талаптарға сай жұмысын бастап кетті. Жаңарған орталық – жай ғана ғимарат емес, бұл – ерекше балалардың үмітін оятатын, ата-аналарға сенім ұялататын жылулық пен мейірім ордасы. Мұнда қызмет алушылардың өмір сапасын арттыру, әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету, ең бастысы – әр баланың жеке мүмкіндігін ашуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіледі.
– «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» – қоғамдағы ең әлсіз топ саналатын балаларға қолдау көрсететін, олардың өмірін жақсартуға атсалысатын маңызды әлеуметтік институт. Бұл орталықтың қызметі – тек емдеу емес, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеу, қоғамды мейірім мен жауапкершілікке үндейтін іс. Ерекше балалардың күлкісі мен қуанышы – орталық қызметкерлерінің ең үлкен жетістігі. Олар үшін әр баланың жүрегіне жылу ұялату – ең қымбат марапат. Міне, осылайша №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – Шымкент қаласындағы ең мейірімді мекендердің бірі болып қала береді. Мұнда әр баланың үміті мен болашағы бар, – дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
Ал №5 «Аялы Алақан» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да айтарлықтай жаңару бар. Мұнда 116 балаға жартылай стационарлық қызмет көрсетіледі.
Қала әкімінің 2024 жылғы қаулысына сәйкес, іргелес жатқан 0,14 га бос жер меншікке алынды, демеушілердің қолдауымен ойын алаңының шатыры жабылды. Алдағы уақытта бұл аумақ жасыл желекке айналып, ерекше балалар тыныстайтын шағын саябаққа айналмақ.


