Белсенді ұзақ өмір орталықтары — шымкенттік қарттарға жаңа тыныс

Oinet.kz 07-11-2025 3

Шымкент – тек жастар қаласы емес, бұл – қарттарға құрмет пен қамқорлықтың қаласы. Соңғы жылдары қалада аға буын өкілдерінің өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асып келеді.

Screenshot_17.jpg

Солардың ең тиімдісі әрі көпшілік сүйіспеншілігіне бөленгені – «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының желісі. 

Қала бойынша бүгінде орталықтар тұрақты жұмыс істеп тұр. Мұнда зейнеткерлер өз қатарларымен араласып, уақыттарын тиімді өткізіп қана қоймай, денсаулықтарын нығайтып, өмірге деген құлшынысын арттыруда. Орталықтар күніне екі ауысыммен 560 зейнеткерге дейін қызмет көрсетеді. Жуырда бұл жүйе тағы бір маңызды жаңалықпен толықты. 2024 жылы Нұрсәт шағынауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының төртінші бөлімшесі ашылды. Жаңа орталық Астана шағынауданы, 107 мекенжайында орналасқан. Бұл Нұрсәт және оған іргелес жатқан шағынаудандардың тұрғындары үшін ерекше қуанышты жаңалық болды. 

Бұрын орталыққа бару үшін қала орталығына қатынауға мәжбүр болған Нұрсәттің зейнеткерлері енді емін-еркін, өз үйлерінен жаяу қатынап, қажетті қызметтерді пайдалана алады. Мұнда барлығы ыңғайлы етіп жасалған: кең әрі жарық бөлмелер, тынығу және спорт аймақтары, кітап оқу бұрышы, үстел ойындары мен шығармашылық сабақтарға арналған кабинеттер бар.

Қарт кісілер үшін мұндай орталықтар – тек уақыт өткізу орны емес, рухани демалыс пен екінші жастықтың мекені. Әр күн осында келетін ардагерлер түрлі шеберлік сабақтарына қатысады, спортпен шұғылданады, би үйренеді, ән салып, шығармашылық кештер ұйымдастырады. Ең бастысы — бір-бірімен араласып, жалғыздықты ұмытады.

«Белсенді ұзақ өмір» орталығы – қалалық әкімдік пен әлеуметтік қорғау басқармасының қарттарға көрсетіп отырған ерекше қамқорлығының көрінісі. Мұндай орталықтардың ашылуы — тек зейнеткерлердің өмірін жеңілдетіп қана қоймай, қоғамдағы рухани байланыстарды күшейтеді, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады.

Нұрсәттегі жаңа бөлімше — қала қарттарының қуанышы мен сенімінің символына айналды. Қарттар үшін жақын, көңілді ортада уақыт өткізу олардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, жан тыныштығын сақтауға да үлкен септігін тигізеді. Шымкент қаласы әкімдігі қолға алған мұндай бастамалар қоғамдағы үлкенге құрметтің, ұрпаққа үлгі болар ізгіліктің айғағы.

«Белсенді ұзақ өмір» орталықтары – қарттарымыздың өміріне жаңа тыныс беріп, әрбір күніңді мәнді өткізуге мүмкіндік сыйлайтын мейірім мекені. Мұндай игі бастамалар Шымкентті тек заманауи қала емес, адам жанына жылулық сыйлайтын шаһар ретінде де айшықтайды.  

Ал «Ізетті зейнеткер» орталығы бүгінде Шымкенттің әлеуметтік қамқорлық нышанына айналды. 2023 жылдың қарашасында ашылған бұл мекеме 2025 жылы жаңа, кең ғимаратқа көшірілді. Бұрын 70 адамды қабылдаса, енді 120 зейнеткерге қызмет көрсетеді. Жылына 3500-ге жуық қарияның демалып, сауығуына мүмкіндік бар.

Жаңа ғимараттың аумағы 3 699,9 шаршы метр. Мұнда физиотерапия, фитобочка, тұзды шахта, тренажер залы, массаж, музыка терапиясы және төрт мезгіл ыстық тағам қарастырылған. Қариялардың психологиялық демалысы мен рухани сергіп, қоғаммен белсенді байланыста болуына барлық жағдай жасалған.

Жолдамалар Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы беріледі.

– Орталықта зейнеткерлерге ыңғайлы жағдайлар жасалған. Төрт мезгіл ыстық тамақ, медициналық тексеру және ем-дом шаралары, физиотерапия, сумен және шөппен емдеу, массаж, дене шынықтыру, мәдени және сауықтыру бағдарламалары, концерттер, үстел ойындары, музыка терапиясы және жеке тазалық пен тұрмыстық қажеттіліктер толық қамтамасыз етіледі. Зейнеткерлерді қабылдау және бөлмелерге орналастыру кезінде олардың жасы мен денсаулығы ескеріледі. Салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Таңертеңгілік емдік дене шынықтыру, фитнес құралдары, физиотерапия мен сумен емдеу сынды қызметтер ұсынылады. Арнайы кабинеттерде массаж, ингаляция, электрофорез, парафин, тұзды шахта және инфрақызыл сауна секілді ем-дом түрлері қолжетімді. Сонымен қатар, демалушыларға дәрілік шөп тұнбалары мен магнитті терапия ұсынылады. Кітапхана бөлімшесімен бірлескен іс-шаралар мен мәдени бағдарламалар тұрақты өткізіліп тұрады. Демалушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескеріліп, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған, – дейді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.

Қаладағы ең ірі әлеуметтік мекемелердің бірі – «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл орталық 225 жатын орынға есептелген және психоневрологиялық аурулары бар, 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Мұндағы мамандар қызмет алушыларға тек күтім мен медициналық көмек қана емес, рухани және психологиялық қолдау көрсетеді. Әр адамға жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Осы жерде қалалық әкімдіктің шарапатын тағы айтпасқа болмас. Қала әкімінің тапсырмасы негізінде қазіргі таңда орталыққа қосымша 50 орындық жаңа ғимараттың құрылысы қолға алынған. Бұл мақсатқа 1,9 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Риголит» ЖШС жүргізуде. Нысанның пайдалануға берілу мерзімі – осы жылдың желтоқсан айы дейді тиісті мамандар. 

– Жаңа ғимарат іске қосылған соң орталықтағы орын саны артып, көмекке мұқтаж азаматтардың көбірек қамтылуына мүмкіндік туады. Сонымен қатар, мекеменің ескі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспары да бар. Қазіргі таңда құрылыс басқармасына қажетті техникалық құжаттар ұсынылып, тиісті рәсімдер жасалып жатыр, – дейді Жанат Өмірсейітқызы. 

Тағы бір жағымды жаңалық, ерекше күтімді қажет ететін жандардың өмір сапасын арттыру мақсатында Бозарық шағынауданында ірі әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатырғандығы. 5 гектар аумақта бой көтеріп жатқан 150 орындық оңалту орталығы – өңірдегі ең заманауи және кешенді емдік-сауықтыру мекемелерінің бірі болмақ.

Жалпы жоба құны – 13 миллиард 871 миллион теңге. Құрылыс «Әлеуметтік қамсыздандыру объектілерін салу және реконструкциялау» бюджеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Қаржыландыру жергілікті бюджет пен республикалық трансферттер есебінен қамтамасыз етілген. 2024 жылға нысан құрылысына 5 миллиард 375 миллион теңге бөлініп, оның 291,7 миллион теңгесі игерілді. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 75 жұмысшы еңбек етуде, 15 бірлік техника тартылған. 

Бұл орталық пайдалануға берілген соң мүмкіндігі шектеулі азаматтарға физиотерапия, емдік массаж, логопедиялық және психологиялық көмек, сондай-ақ қимыл-қозғалысты қалпына келтіру бағыттарында жоғары деңгейдегі қызметтер көрсетілетін болады. Бозарықтағы бұл нысан – ерекше жандардың әлеуметке бейімделуіне, қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашатын маңызды орталық болмақ.

Қала әкімдігі мен әлеуметтік қорғау басқармасының бастамасымен қолға алынған бұл жобалар – Шымкенттің әлеуметтік бағыттағы даму стратегиясының айқын көрінісі. Әрбір жаңа ғимарат, әрбір жаңғыртылған мекеме – бұл тек құрылыс нысаны емес, адам өміріне үміт сыйлайтын мейірім мекені. Ерекше күтімді қажет ететін балалар мен ересектерге, ардагерлер мен қарттарға арналған мұндай орталықтар – қоғамдағы ізгіліктің, қамқорлық пен жауапкершіліктің айнасы.

Шымкент қаласы – әлеуметтік бағыттағы ірі жобаларды іске асырып қана қоймай, әрбір тұрғынның өмір сапасын жақсартуға басымдық беріп отырған мейірімді қала. «Қамқорлық бар жерде – қайырымдылық бар» деген қағиданы ұстанған шаһардың әлеуметтік жаңғыруы – ел игілігіне қызмет етудің нақты үлгісі.

Шымкенттегі әлеуметтік нысандар – Қамқорлық пен ізгіліктің айғағы
Құрылыс қарқыны дамыған Шымкент
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу