Құрылыс қарқыны дамыған Шымкент

Oinet.kz 17-11-2025 3

Бүгінде Шымкент қаласы нағыз алып құрылыс алаңына айналды. Соңғы жылдары мұнда жекелеген ғимараттар ғана емес, тұтас жаңа шағын аудандар бой көтеріп, мегаполистің келбеті айтарлықтай өзгерді. 

Screenshot_18.jpg

Қала аумағында әлеуметтік маңызы бар нысандар, жол және инженерлік инфрақұрылым жүйелері, заманауи көпқабатты тұрғын үйлер қарқынды түрде салынып жатыр. Мұның барлығы шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етіп, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыра түсуде.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары Шымкентте тұрғын үй құрылысының көлемі айтарлықтай өскен. Қазір мегаполисте жыл сайын шамамен 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынады. Құрылыс саласының осылайша өркендеуі қала экономикасына тың серпін беріп отыр. Бұл бағытта мыңдаған адам жұмыспен қамтылып, құрылыс материалдары өндірісі, көлік-логистика, сауда, қызмет көрсету сияқты қосалқы салаларға да мультипликативті әсерін тигізуде. Шымкентте құрылыс көлемінің артуы мен жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі — мегаполистің экономикалық әлеуетінің тұрақты өсіп келе жатқанын айғақтайды әрі халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін жақсартуға да мүмкіндік беруде.

Жаңарып, жаңғырып келе жатқан Шымкент бүгінгі таңда Қазақстандағы ең қарқынды дамып жатқан мегаполистердің біріне айналды. Құрылыс индустриясының өрлеуі тек қала архитектурасын өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жаңа инфрақұрылымдық мүмкіндіктердің қалыптасуына һәм урбанистік мәдениеттің дамуына айрықша үлес қосып отыр.

Сонымен қатар, құрылыс қарқыны күшейген сайын саланың өзіне тән проблемалары да байқалып қалады. Кейде сапасыз жұмыстардың орын алатыны да жасырын емес. Мамандар бұл түйткілдің себебін тек нашар материалдан емес, бақылау жүйесінің әлсіздігінен көреді. Құрылыс саласында елуден аса жыл еңбек еткен маман Ерлан Қабденовтің айтуынша, бұрын бір нысанға 10–15 маман жауапты болса, қазір бар болғаны 4–5 адамның бақылауымен шектеледі. Авторлық және техникалық қадағалау кезінде кейбір олқылықтардың көзге ілінбей қалуы да осыдан.

Шымкентте де жарты жыл бұрын мүгедектер мен көпбалалы отбасыларға берілген жаңа баспаналарда айтарлықтай ақаулар анықталғаны белгілі. Жаңа үйдің шатырынан су тамшылаған, жертөлесі құрғамаған, электр жарығы жиі өшіп тұрған. Қыста пәтерлер жылымай, тұрмыстық қолайсыздықтар туындаған. Құзырлы органдар тексеру жүргізгенде мердігер компанияның 54 пәтерлі баспанаға жеке үйге арналған шағын сорғы орнатқаны белгілі болды. Мұндай келеңсіздіктер жиі қайталанбаса да, ара-тұра кездесіп қалады.

Дегенмен аталған мәселелерге қарамастан, Шымкенттің құрылыс саласы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қаланың өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инфрақұрылымның жаңаруына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қомақты үлес қосып келеді.

Белсенді ұзақ өмір орталықтары — шымкенттік қарттарға жаңа тыныс
Құрылыс серпіні мен сапа сын-тегеуріні
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу