Құрылыс серпіні мен сапа сын-тегеуріні

Oinet.kz 17-11-2025 4

Құрылыс саласындағы кейбір кемшіліктер мен ақауларға қарамастан, Шымкент қаласында бұл бағытты жетілдіру, сапаны арттыру және бақылауды күшейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 

Screenshot_19.jpg

Қала әкімдігі мен тиісті органдар тарапынан құрылыс сапасын қадағалау, заңбұзушылықтарды болдырмау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты бақылау орнатылған. Қалалық құрылыс басқармасының дерегінше, белгіленген стандарттарды сақтамай, келісімшарт талаптарын орындамаған мердігер компанияларға жалпы көлемі 176,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл – құрылыс сапасын арттыруға бағытталған профилактикалық және түзету шараларының күшейгенін көрсетеді.

Былтырғы жылы үлескерлік қатысу заңнамасын бұзған 17 компанияға әкімшілік шара көріліп, құрылыс сапасына қатысты анықталған заңбұзушылықтар бойынша 36 нысанға хаттамалар толтырылып, 24,9 миллион теңге айыппұл салынған. Оның басым бөлігі өндірілген. Бұл деректер Шымкенттегі құрылыс нарығының ашықтығы артып, бақылау жүйесінің нақты нәтижелер беріп жатқанын аңғартады. Тұрғын үй сапасына байланысты түсетін шағымдардың көпшілігі жертөлеге су өтуі, ішкі әрлеу жұмыстары немесе инженерлік жүйелерге қатысты болса да, мұндай кемшіліктерді жою бойынша жауапты мердігерлерге міндеттемелер жүктеліп, кепілдік мерзімі де ұзартылды. Қазір тұрғын үйлерге 7 жылдық кепілдік беріліп, кей жағдайларда ол 10 жылға дейін созылуы мүмкін.

Үйді пайдалануға қабылдау кезінде авторлық және техникалық қадағалаушылардан бөлек, тиісті мемлекеттік орган өкілдері бар қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Бұл тәжірибе саланың ашықтығын нығайтып, сапаның негізгі сүзгісіне айналған. Пәтер тұрғындарға тапсырылған соң жауапкершіліктің бір бөлігі иелеріне өтетінімен, бастапқы кезеңдегі сапаны қамтамасыз ету — мердігер мен бақылаушы органдардың ортақ міндеті.

Қала әкімдігінің ресми өкілдерінің айтуынша, тұрғындар тарапынан айтылатын шағымдар бойынша да жедел шаралар қабылданып келеді. «Стандарт Сити», «Прайм Парк», «Шахристан», «Алтын Әлем» секілді кешендердегі мәселелер бойынша мердігер компаниялар ақауларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кей жағдайларда құрылыс нормаларын өрескел бұзған мердігер мекемелерге лицензия тоқтату және айыппұл салу сияқты қатаң шаралар қабылдануы — сапаға деген талаптың артқанын білдіреді.

Жалпы, Шымкенттегі құрылыс индустриясының дамуы қаланың әлеуметтік-экономикалық өсімінің негізгі локомотиві болып отыр. Қарқынды құрылыс жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті шағын және орта бизнестің дамуына, құрылыс материалдары өндірісінің кеңеюіне айтарлықтай ықпал етуде. Жаңадан салынған мектептер, ауруханалар, жолдар, инженерлік инфрақұрылым желілері тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына жағдай жасап келеді.

Мәжілісте талқыланып жатқан жаңа Құрылыс кодексі де саланың жүйелі даму бағытын айқындауға арналған. Кодекс құрылыс үдерістерін цифрландыру, бақылауды автоматтандыру, қауіпсіздік пен сапа стандарттарын күшейту, жауапкершілік механизмдерін нақтылау секілді маңызды реформаларды қамтиды. Бұл – ел бойынша, соның ішінде Шымкентте құрылыс мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін қадам.

Инженер мамандардың айтуынша, ғимараттарды техникалық сараптамадан өткізу, гидроизоляция стандарттарын сақтау, мамандардың біліктілігін арттыру сияқты маңызды талаптар орындалған жағдайда құрылыс сапасы тұрақты түрде жақсара түседі. Қазірдің өзінде жоғары оқу орындарымен бірлескен кадр даярлау, оқу бағдарламаларын жаңарту және нарыққа қажетті мамандарды көбейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жалпы алғанда, Шымкенттің құрылыс саласы қала дамуының қарқынын айқындап отыр. Инфрақұрылымдық жобалардың артуы, жаңа тұрғын үйлердің көбеюі, мемлекеттік бақылаудың күшеюі – мегаполистің экономикалық әлеуетін нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған игілікті қадамдар. Ал сапаны арттыруға қатысты орын алған кемшіліктер — саланың жетілдірілуге тиіс бағыттарын көрсететін уақытша қиындықтар. Шымкенттің урбанистік дамуындағы басты міндет — қарқынды құрылысты сапамен ұштастыру.

Құрылыс қарқыны дамыған Шымкент
Тұрғын үй қауіпсіздігі нығаюда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу