Мәжіліс депутаты атақ-даңқ 300 мың теңгеге сатылып жатқанына қынжылды
Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды кейінгі кезде қолдан жасалатын атақ-даңқ беру үрдісі көбейгенін сынға алды.

"Бүгінде тойдағы даңғазалықтың шегі болмай тұр. Той иелері есік аттаған құдаларға "үздік құда" деген төсбелгі тағып, қасиетті марапат ұғымын мәнсіз ойыншыққа айналдырып жіберген. Бұл тек тойдың деңгейінде қалса жақсы ғой! Бірақ дерт қоғамға әсер етіп, өндіріс орны мен еңбек ұжымдарына жетті. Псевдомарапат пен қолдан жасалған төсбелгілер алу модаға айналды. Алып жатқан кейбір медаль мен төсбелгінің қадірі әлгі "үздік құда" төсбелгісінен де аспайды. Алайда оған сұраныс бары қынжылтады. Бұл бір қарағанда тек атаққұмар адамдардың әлсіздігі сияқты көрінгенмен, мәселе бұдан әлдеқайда терең. Өйткені бұл процеске екі жақ та қатысып отыр", - деді ол.
Депутаттың пікірінше, "бір жағында жылтыраққа, арзан атаққа, мақтангершілікке әуес азаматтар, екінші жағында сол "марапатты" таратып жүрген қоғам белсенділері, бетке ұстар азаматтар, тіпті өнер, қоғам қайраткерлері".
"Мәселе жеке адамдарда емес, мәселе осылай жүйеге айналып бара жатқанында. Кейбір пысықайлар "Алтын адам", "Ғасыр адамы" атты энциклопедия шығарып, 300 мың теңге төлесең, өзіңді де, ата-бабаңды да "алтын адамдар" қауымына қосып беретін болды. "Қазақстанның құрметті азаматы", "Ұлт ұстазы", "Ғасыр ұстазы", "Қазақстанның қайраткері", "Алаш ұлы", "Ұлы Дала ұлы", "Арда азамат", "Тұлға" тізе берсең, шегі жоқ жалған төсбелгі мен ордендер. Бұл - атақтың, абыройдың, тарихтың ашық саудасы. Ал мұндайды ұйымдастырып жүргендер - қоғамдағы құндылықтарды жойып жатқан қаскөйлер", - деді ол.
Ерболат Сатыбалды 2025 жылы 25 желтоқсанда Qazaqstan ardagerleri қоғамдық бірлестігі бірнеше азаматты Бауыржан Момышұлы атындағы "Намыс", "Батыр шапағаты", "Ел жанашыры" секілді белгілермен марапаттағанын, кейін бұл белгінің атауы, сырт келбеті мемлекеттік наградаға ұқсас деп танылып, ұйымдастырушының біріне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 674-бабы 2-бөлігі бойынша айыппұл салынғанын мәлімдеді.
Депутат қолданыстағы заңда "қоғамдық марапат" ұғымы нақты айқындалмағанын, соның салдарынан қоғамдық бірлестік, қауымдастық және өзге ұйымдар тағайындайтын марапат арнайы құқықтық реттеуден тыс қалып отырғанын жеткізді.
"Қоғамдық марапаттарда тарихи тұлғалардың есімін және "Құрметті", "Еңбек сіңірген", "Даңқ", "Батыр", "Намыс" сияқты мәртебелі атауды қолдану жиі кездеседі. Бұл жағдай мемлекеттік наградалармен шатастыру қаупін тудырып, алаңдаушылыққа себеп болып отыр", - деді ол.


