Сауран ауданы: Мал бордақылау алаңының жұмысы жалғасуда
Бүгінгі күні Сауран ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – елімізде баламасы жоқ мал бордақылау кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Соның бірі – Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан «Түркістан ет өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жалпы өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, егіншілік мәдениетін жетілдіру және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыс істеп келеді. Заманауи технологиялар, мемлекеттік қолдау, кәсіби мамандар мен әлеуметтік жауапкершілік – кәсіпорынның тұрақты дамуының басты негізі. Жоба бастамашыларының айтуынша, заманауи бордақы алаңын салып, өңірде ет өндірісі кластерін дамыту. «Біз өндірісті кезең-кезеңімен дамытып келеміз. Мақсатымыз – жоғары өнімді, заманауи және тиімді шаруашылық қалыптастыру. Сондықтан жаңа технологияларды енгізіп, генетикаға, селекцияға, өндіріс мәдениетіне және кадр даярлауға басымдық береміз», – дейді жоба бастамашылары.
Жалпы 40 гектар аумақта орналасқан кешенді жобаның жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрайды. Бірегей кешенде 5 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және тәулігіне 120 бас ірі қара мал союға арналған өндірістік алаң қарастырылған. Сонымен қатар малшыларға арналған тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталығы мен қосымша инфрақұрылым нысандары салынуда. Қазіргі таңда әкімшілік ғимаратының құрылысы 80 пайызға аяқталып, мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекетінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар кешен маңында «Муталиб агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобаларды «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландыру көзделген. Жоба толық іске қосылғанда 120 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жоба бастамашыларының айтуынша, аталған кешен іске қосылғаннан кейін мал бордақылау ісін заманауи технологиялар негізінде дамытуға, ет өндірісін ұлғайтуға және өңірдің агроөнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қоспақ. Осынау жобаның жүзеге асырылу барысымен Сауран ауданына жасаған жұмыс барысында өңірде жүзеге асырып жатқан мал бордақылау кешен жұмысымен арнайы танысқан облысы әкімі Нұралхан Көшеров жоғары баға берді. Атап өтерлігі жоба бастамашысы кешеннің құрылыс кезеңдері, өндірістік қуаты және іске қосылғаннан кейінгі мүмкіндіктері жөнінде баяндап, өндірісті ертерек іске қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Өңір басшысы кешенді аралау барысында шаруалармен тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің экспорттық әлеуетін күшейту бағытындағы жоспарлар мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері туралы талқыланды. Нұралхан Көшеров жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығын атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Бүгінгі күні мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.


