Сауран ауданы: «Ауыл аманаты» – ауылдағы кәсіпті дамытуға берілген мүмкіндік
Жыл басынан бері Сауран ауданында өндірілген 59 миллиард теңгенің өнім көлемі өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал ауыл шаруашылығындағы осындай инвестициялық жобалар «Ауыл аманаты» мен кәсіпкерлердің бастамасымен даму жолына түскен. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданда 104 мыңнан астам халық тұрады, оның ішінде 52 мыңнан астамы – экономикалық белсенді тұрғындар.
Бүгінгі күні аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту ауданның басты басымдықтарының бірі. Осыған орай әр ауылдық округтің ерекшелігі мен әлеуетіне сай жаңа инвестициялық және өндірістік жобалар әзірленіп жатыр. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ауданда өндірістік парктерді дамыту, инвесторларды тарту және кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, ауданның экономикалық және өндірістік әлеуеті артып келеді. Ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасы арқылы өз кәсібін ашуға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ала алады. Ауыл шаруашылығына жатпайтын жобаларға несие 5 жылға, ал агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Бір жобаға ең көп дегенде 2,5 мың АЕК, ал кооперативтерге 8 мың АЕК көлемінде қаржы қарастырылған. 2026 жылы бағдарламаны іске асыруға еліміз бойынша 100 миллиард теңге бөлініп, оның есебінен 5,4 мың жобаны қаржыландыру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 33,7 миллиард теңгеге 3132 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде Сауран ауданында қаржыландырылған оннан аса жоба бар.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарының айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жеңілдетілген несие берілуде. Жоба аясында бірқатар жобаларды қаржыландыру көзделген. Атап айтсақ, жоба аясында ауыл туризмін дамыту (қонақ үйлер, демалыс үйлері, глэмпинг, этнотуризм және т.б.), мал, өсімдік және омарта шаруашылығын дамытуға болады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпкерліктер – наубайхана, тігін цехы, шаштараз, техникалық қызмет көрсету, дәмхана және тағы басқа іспен айналысу үшін де жоба аясында несие беріледі. Бұдан бөлек, ветеринариялық дәріхана ашу мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу да «Ауыл аманаты» жобасы аясында несиелендіруге жатады.
Мал шаруашылығын кешенді дамыту жоспары аясында несиелерді кепілдендіру тетігін енгізу және несие мерзімін 15 айға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, бұл қаржыландырудың қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ тіркеу нөмірін алу үшін ветеринарлық-санитарлық талаптарды жеңілдету қарастырылған, бұл қолдау бағдарламаларына қатысушылардың санын арттырады.
Сонымен Үкіметтің қолдауына сүйене отырып, кәсіп бастаған азаматтар Сауран ауданында да бар. Мәселен, биыл «Ауыл аманаты» жобасының 5-бағытына (тұрғындардың өз кәсібін ашуы) басымдық беріліп, оннан аса жоба қаржыландырылған. Ауыл шаруашылығы және саладан тыс бағыттағы шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі жасақталып, ауыл тұрғындарына ұсынылды. Нәтижесінде техника жөндеу орталығы (ТЖО), кірпіш өндіру, тігін цехы, жылыжай, жиһаз цехі, өз-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу сияқты және тағы басқа жобалар қаржыландырылған.


