Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығы техникалары заман талабына сәйкес жаңғыртылуда
Ауыл шаруашылығы саласына соңғы жылдары елеулі көңіл бөлінуде. Соның ішінде елімізде аграрлық сектордың тиімділігін арттыру жолында машина-трактор паркін жаңғырту және заманауи құрал жабдықтар құрастыру жұмыстарын қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы саланың әлеуетін арттыру мақсатында техниканы жаңарту және өндіріс процесіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Мұндай жұмыстар Сауран ауданында да қолға алынған.
Сауран аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенер болсақ, ауыл шаруашылығы саласында өсім бар. Атап айтсақ, Сауран ауданында 2026 жылдың 6 айында аудандағы өндірістік алаңдарда жалпы құны 23 миллиард теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылып, 894 адам жұмыспен қамтылған. Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылып, егіс алқаптарының көлемі артқан.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру және дала жұмыстарының сапасын жақсарту мақсатында былтыр 137 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Ал осы жылдың жарты жылдығында техника паркі 10 пайызға жаңарып, ауыл шаруашылығы техникаларының жаңару үлесі біршама артқан. Жалпы техникалық парктің жаңаруы егіс және орақ науқандарын уақытылы әрі сапалы жүргізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауданда ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтар болсақ, өңірде индустриялық жобаларға басымдық беріліп, жаңа кәсіпорындардың ашылуына ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде ауданның өндірістік әлеуеті артып, отандық өнім көлемі көбеюде. Осындай маңызды өндіріс орындарының бірі – «BNK Group» кәсіпорны.
Бүгінде «BNK Group» ауыл шаруашылығы саласына арналған технологиялық жабдықтарды өндіретін жетекші қазақстандық кәсіпорындардың бірі саналады. Компания заманауи технологияларды енгізу арқылы аграрлық сектордың тиімділігін арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Кәсіпорынның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласын сапалы техникамен және инновациялық жабдықтармен қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Халықаралық серіктестік аясында «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару машиналары өндіріледі. Бұл өнімдер ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалануға және егіс алқаптарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суару жүйелері қазіргі аграрлық секторда аса сұранысқа ие технологиялардың бірі. Әсіресе, су тапшылығы өзекті мәселеге айналған кезеңде мұндай заманауи жүйелердің маңызы артып отыр. Суару технологиялары арқылы су үнемделіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасы мен өнім көлемі де артады.
Кәсіпорында шығарылатын айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару машиналары халықаралық стандарттарға сай өндіріледі. Өндіріс барысында сапалы материалдар қолданылып, әрбір өнім арнайы техникалық бақылаудан өткізіледі. Бұл өз кезегінде техникалардың сенімділігі мен ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, кәсіпорнында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру жұмыстары да жолға қойылған. Өндіріс орнында түрлі бағыттағы агротехникалар дайындалып, шаруалардың қажеттілігіне бейімделген заманауи өнімдер шығарылуда. Бұл ауыл шаруашылығы саласындағы техникалық мүмкіндіктерді кеңейтіп, еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
Кәсіпорын қызметінің тағы бір маңызды бағыты – агродрондар өндіру. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды пайдалану қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты агродрондарға деген сұраныс та артуда. Агродрондар егіс алқаптарын бақылау, тыңайтқыш себу, зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл технологиялар уақытты үнемдеп қана қоймай, шығын көлемін азайтуға да септігін тигізеді.
Өндіріс орнында металл конструкцияларын жасау жұмыстары да жүзеге асырылады. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған кәсіпорында өндірістің барлық кезеңі арнайы бақылаумен жүргізіледі. Шикізатты өңдеу, техникаларды құрастыру және дайын өнімді сынақтан өткізу жұмыстары халықаралық талаптарға сай ұйымдастырылған.
Мамандардың пікірінше, мұндай өндіріс орындарының жұмысы ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай серпін береді. Өйткені қазіргі таңда аграрлық секторда заманауи технологияларды енгізу – уақыт талабы. Осы бағытта кәсіпорны отандық өндірістің дамуына өзіндік үлес қосып келеді.


