Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығы саласында серпінді серпіліс бар
Соңғы жылдары Сауран ауданында өндіріс орындарын көбейту, ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру, инвестиция тарту және индустриялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар күшейтілген. Нәтижесінде ауданның өндірістік әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына және өңір экономикасының тұрақты дамуына мүмкіндік беруде.
Соның ішінде Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласы 2026 жылдың басынан бері тұрақты өсім көрсетіп келеді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 6 айында 38,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 36,7 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнім көлемі 14,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 19,9 пайызға артқан. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 12,3 миллиард теңгені құрап, 35,4 пайызға өскен. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 57,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге артып отыр. Сауда көлемі 1,9 миллиард теңгені құраса, өсім 31,8 пайызға жеткен. Өзіндік кірістер 3,3 миллиард теңгені құрап, 14,5 пайызға ұлғайған. Салықтық түсімдер 3,1 миллиард теңгені құрап, 36,7 пайызға артып отыр. Бұл – аудан экономикасын жан-жақты дамыту және өңірлік аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін нығайту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың айқын көрінісі.
Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Сауран ауданында өткен жылдан бері оннан аса ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың ішінде ең ірісі – Шаға ауылдық округінде орналасқан «Eco-Chiken» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып жатқан 280 мың басқа арналған ет бағытындағы құс фермасы. Жоба құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Құс фермасының іске қосылуы өңірдегі өндірістік қуатты арттырып, өнімнің ішкі нарықта және республика аумағында кеңінен таралуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, аталған өндіріс орны еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін экспорттау әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаратын болады.
Елімізде құс шаруашылығын дамыту агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпорындарға өндірістік қуаттарын арттыруға, қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруде. Мәселен, өткен жылы елімізде 371,7 мың тонна құс еті өндірілген. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 58 пайызға жоғары. 2020 жылы құс етінің өндірісі 235,3 мың тоннаны құраған. Яғни, өндіріс көлемінің артуы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейіне де әсер етті. Бес жыл ішінде ішкі тұтынудағы отандық құс етінің үлесі 58 пайыздан 78 пайызға дейін артты. Бұл саладағы өсім биыл да жалғасып келеді. Оған Сауран ауданындағы құс шаруашылықтары да өз үлестерін қосып отыр.
Егер біз статистикаға қарайтын болсақ, 2026 жылдың алғашқы алты айында 192,4 мың тонна құс еті өндірілген. Қазіргі уақытта елімізде жұмыртқа бағытындағы 37 өнеркәсіптік құс фабрикасы жұмыс істейді. Олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 4,5 миллиард дана жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді. Ет бағытында 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 505 мың тонна құс етін өндіруге жетеді.
Соңғы жылдары салада жаңа өндірістер ашуға және қолданыстағы кәсіпорындардың қуатын кеңейтуге бағытталған бірқатар инвестициялық жоба іске асырылды. Олардың қатарында «Прима Кус», «Наурыз Агро KZ», «Turkey PVL», «Алель Агро» мен Сауран ауданындағы «Eco-Chiken» ЖШС бар.
Бұдан бөлек, Сауран ауданында ауыл шаруашылығын суармалы жерлер арқылы дамытуға ерекше мән берілуде. Мәселен, «Ақ Сауран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 1,5 миллиард теңгені құрайтын жобасы аясында 700 гектарға жуық аумаққа жаңбырлататын суару жүйесі орнату жұмыстарымен айналысуда.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері құрылып, іске қосылмақ, бұл өз кезегінде ауданның аграрлық саласының тұрақты дамуына қосымша серпін береді. Яғни, 40 гектар аумақта орналасқан кешенді жобаның жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрайды. Бірегей кешенде 5 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және тәулігіне 120 бас ірі қара мал союға арналған өндірістік алаң қарастырылған. Сонымен қатар малшыларға арналған тұрғын үйлер, Әкімшілік-іскерлік орталығы мен қосымша инфрақұрылым нысандары салынуда. Қазіргі таңда әкімшілік ғимаратының құрылысы 80 пайызға аяқталып, мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекетінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар кешен маңында «Муталиб агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру көзделген. Жоба толық іске қосылғанда 120 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Аталған кешен іске қосылғаннан кейін мал бордақылау ісін заманауи технологиялар негізінде дамытуға, ет өндірісін ұлғайтуға және өңірдің агроөнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қоспақ.
Осылайша, ауданның ауылшаруашылық өндірісі әртараптандырылып, өнімнің экспорттық әлеуеті де кеңейеді.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, өңірлік өнім көлемін ұлғайту мақсатында ауданның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы әзірленген. Аталған жоспарға сәйкес, келесі онжылдықта жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жоба іске асырылады, нәтижесінде ауданда 4162 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өткен жылы ауданда 30 жаңа өндірістік кәсіпорын ашылған. Биыл да оннан мал бордақылау алаңы мен өндіріс ошақтарын ашу жоспарланған.


