Қарағанды кланы...

Oinet.kz 11-02-2015 1560

maxresdefault.jpg

«Қазақстанда саяси кландар бар ма, жоқ әлде бұл тек миф деңгейіндегі бос әңгіме ме?». Осы сұрақтың төңірегінде отандық саясаттанушылар талай  пікірталастырды, әлі де бір тоқтамға келе алар емес. Әркім әрқилы гипотезаны айтады. Сайып келгенде, көпшіліктің пікірі мынаған тоқайласады: елде «Оңтүстік», «Солтүстік»,  «Батыс» пен «Шығыстың» кландары бар. Бірақ, жұрттың арасында  әсіресе «Оңтүстік пен Солтүстіктің арасындағы «қырғи-қабақ» соғыс пен бақталастық тақырыбы көбірек айтылып жүреді. 

Бұл мәселені жылы жаба салуға тағы болмайды. Қазақстан – кең-байтақ жері табиғи қазбаларға толы, шетелдік қаржылық-саяси топтар үшін айрықша қызығушылықты туғызатын мемлекет. Сондықтан  кланаралық қатынастарға үңілудің  маңызын бізде ғана емес, шетелде де жақсы түсінеді. Қазақстандағы мүддесін қорғап, болашаққа жоспар құру үшін әуелі оның ішкі саяси құрылымын біліп алу қажеттігін аңғарған өзге елдердегі ықпалды топтар отандық элитадағы хал-ахуалды, кімнің қай қызметте отырғанын сіз бен бізден артық білмесе, кем білмейді. Тіпті ашық интернет ресурстар арқылы қазақ ұлттық элитасын бүге-шігесіне дейін тәптіштеп талдап, кланаралық тартысты терең сипаттаған материалдарды іздеп табуға болады. Ал құпия түрде жасалған баяндамалар мен зерттеулер қаншама дерсіз.

Кезінде отандық медиакеңістіктің жарқын жұлдызы болған, Президенттің кеңесшісі қызметін атқарған Ермұхамет Ертісбаев ұлттық элитадағы кланаралық тартыс тақырыбы белгілі-бір  ақпараттық топтаржың көмегімен  жасанды түрде қоздырылып жатқанын айта келе, «жекелеген мүдделерді  көздейтін олигархиялық топтардың барын жоққа шығармаймын. Бірақ, олар рулық немесе аймақтық шығу тегінің негізінде құралмайды. Ешқандай да «южандар» мен «северяндар» атымен жоқ» деп мәлімдеген болатын. Әйткенмен...

Кланаралық тартыс ашық түрде жүрмесе де, саяси және бизнес топтардың арасындағы  ықпал жүргізу ісінде аймақтық белгі айтарлықтай деңгейде роль ойнайтыны белгілі. Соңғы кезде сарапшылар билік дәліздерінде «қарағандылық кланның» күшейіп келе жатқанына назар аударды. Саясаттанушылардың пікірінше, Қарағанды өңірінің  өзге облыстардың арасынан жеке-дара аталуына бірқатар себеп бар.  Қарағанды – жұмысшылар қозғалысы, елдің индустриялық орталығы, отандық бюрократияның қалыптасуына елеулі үлес қосқан өңір. Қарағандылық мектеп талай білікті кадрды тәрбиелеп шықты, осында түлеп ұшқан азаматтар республикалық және одақтық деңгейде танылды.  КСРО-ның нменклатурасында қарағандылықтар әрдайым ерекше деңгейде бағаланатын. Мәселен, кезінде «Қарметкомбинатты» басқарған Олег Сосковец  КСРО металлургия министрі лауазымына дейін өсіп, одан кейінгі жылдарда әуелі Қазақстанның, кейіннен Ресейдің бірінші вице-премьері қызметін атқарды. Басқасын былай қойғанда, Қарағандының шахтасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талай жыл жұмыс істеп, білікті басшы ретінде қалыптасты.  Осының барлығы бүгінгі таңдағы қарағандылық элитаның, саяси топтардың  қалыптасуына әсер еткені сөзсіз.

Қарағандылықтардың билік басына көбірек тартылуына тікелей болмаса да жанама түрде әсер еткен және бір фактор – еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы да Қарағандының тумасы.  Кейбір дереккөздерге сенсек, Рашид Түсіпбеков, Әбілғазы Құсайынов секілді ұлттық элитада өзіндік орны  бар саясаткерлер рулық жағынан оған жақын келетін көрінеді. Түсіпбеков Шымкентте дүниеге келгенімен,   Қарағандыда білім алған, карьерасын да осында бастаған. 

Алайда, қарағандылықтардың мықтылығына басқа фактор дәлел бола алады. Жалпы, «билікте оңтүстіктіктер қаптап кетті» деген әңгіменің шыққанына бірталай заман өтті. Жұрт та соған кәміл сенеді, қит етсе «шымкенттіктерді» айыптап шығады. Алайда, сарапшылар бүгінгі таңда саны жағынан да, сапа (яғни, ықпалы) тұрғысынан да қарағандылықтарға тең келетін ешкім жоқтығын алға тартады. Шынымен де солай ма? Қарағандылық клан расында да мықты ма, әлде бұл жай ғана сөз бе? Талдап көрелік.

Саясаттанушылардың есебінше, бүгінде Астанадағы әрбір алтыншы лауазым иесі қарағандылық екен. Осы өңірден шыққан саясаткерлердің арасынан биік белестерді бағындыра білген Нұрлан Нығматуллин мен Серік Ахметовті ерекше атап өткеніміз абзал.  Осыдан келіп «қарағандылық клан билікке ұмтыла бастады» деген қауесет тарай бастады. Солай болып та көрінетіні рас қой.  Сарапшыларды үнемі «мемлекеттегі билік кімнің қолына өтеді?» деген сауалдың мазалайтыны белгілі. Осы сұраққа байланысты бірер жыл бұрын  талдау жүргізілгенде, қарағандылықтар позициясының мықтылығы айқындалды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 48-бабында мемлекет басшысы қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Президенттiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына, ол мүмкін болмаған ретте Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына, ол да жүзеге аспаған жағдайда Премьер-Министрге көшетіні «тайға таңба басқандай» көрсетілген. Енді 2013 жылдың басындағы жағдайға назар аударсақ, осы үш ең жауапты лауазымды орынның екеуінде қарағандылықтардың отырғаны түрлі саясаттанушылардың ойын сан-саққа жүгіртті. Түрлі тұжырымдар айтыла бастады. Сол жылы Сенатқа төрағалық еткен Қайрат Мәмидің саяси ықпалы аздап әлсіреп тұрғандықтан, Нығматуллин мен Ахметовтің рейтингісі айтарлықтай өсіп шыға келді. 

Көпшілік Нығматулин, Түсіпбеков, Құсайынов пен Ахметовті бір кланның адамдары ретінде  қабылдайды. Бірақ, барлығы бір өңірден шыққанымен, соңғы бірнеше жылда ұлттық элитадағы өзгерістер бұл гипотезаның шындыққа жанаспайтынын көрсетіп бергендей болды. Саясат алаңында  дербес қадамдар жасайтыны да байқалады.  Дұрысы, бұл «көкжалдар» бір команда емес, алайда әрқайсысының төңірегінде жекелеген топтар бар. Әрине, олардың сүйреген креатуралары да жоқ емес.

Нығматуллин премьерліктен басқа барлық жауапты  қызметтерді атқарып шықты. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Мәжілістің спикері, енді міне, Президент әкімшілігінің жетекшісі. Нұрлан Зайроллаұлы – оңай шағылатын жаңғақ емес, астындағы креслосынан, онымен қоса ықпалы мен абыройынан оңайлықпен айырыла қоймас. Оның бойынан Серік Ахметовке тән жұмсақ мінезділікті таппайсыз, ол әр қадамын жан-жақты өлшеп барып, шешуші жүріс жасауға дағдыланған кәнігі саясаткер.

Ал Ахметов...  облыс әкімі ретінде өзін жақсы қырынан көрсеткенімен, премьерлік қызметте сүрініп, ел тарихындағы ең әлсіз Үкімет басшысы ретінде танылды. Ол тіпті өзіне ыңғайлы министрлер кабинетін де жасақтай алмады. Аппараттық соғыс үнсіз режимде жүргенімен, оның нәтижелері ел-жұртты кәдімгідей дүрліктіретіні бар. Соған сәйкес, саяси баспалдақпен тек жоғарыға қарай шығып келе жатқан Серік Ахметов күтпеген жерден оңбай сүрінді. Үкімет  жетекшілігі қызметінен қатардағы министр дәрежесіне түсіп, онда да көп бөгелмеді. Қазір үйқамақта отырған Ахметовтің саяси карьерасы осыменен аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Бәлкім, өзінің фамилияласы, қазір Шығыс Қазақстанды басқаратын Даниал Кенжетайұлы сияқты элитаға  қайта оралуы да мүмкін шығар, бірақ ол тым ұзаққа созылатын процесс сияқты. Қалай болғанда да, анық нәрсе біреу – Ахметов аппараттық соғыстың құрбанына айналды. Кейбір сарапшылардың пікірінше Ахметовтің түбіне қазіргі премьермен ара-қатынасының нашарлауы жеткенге ұқсайды. 

Серік Ахметовтің биліктен кетуі Қарағандының тағы бір түлегі - Бауыржан Әбдішевтің де жағдайын шайқалтып жіберді. Әбдішев - Серік Ахметовтің сенімді адамы. Ол Қарағанды өңірін басқарып тұрғанда Әбдішев облыс орталығының әкімі атанды. Ал Ахметов премьерлікке келген соң облыс әкімі қызметіне тағайындалды. 

   Алайда, алдағы күндерде бұл кланның ықпалы белгілі деңгейде әлсіреуі де мүмкін. Себебі, Қарағанды облысының басшылығына жергілікті кадр емес, бұл өңірге қатысы жоқ адам келді. Нұрмұхамбет Әбдібековті сарапшылар негізінен Аслан Мусинмен байланыстырады. Әйтеуір, ол Ақтөбе қаласының әкімі қызметін атқарғанында «Мусиннің командасындағы ең мықты экономист» деген ел-жұрттың бағасына ие болған-ды. Білетіндердің айтуынша, Әбдібековтің шахтерлік өңірге келуі кездейсоқтық емес. Жаңа әкім жемқорлықпен күрес жүргізу сылтауымен бұған дейінгі әкімдердің, бірінші кезекте экс-премьер Ахметовтің кадрларын ығыстырып шығаруы да ғажап емес. Ал бұдан соң қарағандылық шенеуніктердің Астанада карьера жасау мүмкіндіктері қиындай түсетіні сөзсіз.

Ойнет мұрағатынан, 2015 жыл

 Screenshot_2.jpg

Бекарыс енді айтысты тастай ма?
Нұрсұлтан қаласына қош келдіңіз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу