Бала ата-ана алдында борыштар ма?

Oinet.kz 15-12-2021 578

Қазіргі әлем мүмкіндіктер, толағай табыстар мен жетістіктердің мекені. Қатарыңыздан қалыспай, үнемі жетіліп отырудың арқасында сіз де сол табысқа кенеле аласыз. Жұмыста, отбасында, махаббатта жолыңыз болғаны секілді, бала тәрбиесінде табысқа кенелгіңіз келеді, яғни, болашағыңызды жалғайтын ұрпағыңыздың да өзіңізге ұқсаған нақ ізбасарыңыз болғанын қалайсыз. Әрине, ата-аналық жоба барлық уақытта болған. Әрбір ата-ана баласының болашағының жақсы болғанын қалайды. Бірақ бүгінде табысқа ұмтылу көптеген отбасылар үшін озбыр идеяға айналғаны ақиқат. Заманауи ата-аналардың көбісі балаларының өсуіне көбірек қаражат бөледі. Олар барлық энергиясын, уақытын, махаббаты мен қаражатын баласының болашағына арнайды. Бала бизнестегідей жобаға айналады. Бұл жобаға ақша дивиденд алу үмітімен салынған сияқты. Бірақ ата-ана ақшадан басқа не алуға тырысады және ол балаға қалай әсер етеді? Бұл жобада ата-аналар өз мәселелерінің шешімін табуға тырысады. Бала ата-анасының қамқорлығын шектен тыс көрген сәттен бастап ол жеке тұлға болудан қалады.   

image.png

Бала белгілі бір дәрежеде ата-анасының өмірінің жалғасы, ол соларға ұқсайды, отбасының жалғасы, қартайғандағы үміті, тірегі екені даусыз. Бірақ өсіп келе жатқан адам өз қалауы, мәселелері мен өз шешімдері бар жеке адам екенін де ұмытпаған жөн. Бір сәтте ата-ана артқа шегініп, балаға орын беруі керек, оның қалауын табуға мүмкіндік беруі тиіс. Осы мәселеге байланысты педагог-тренер Ескендір Бестай мырзаның: «Бала ата-ананың жобасы ма? Бала ата-ананың алдында борыштар болуға міндетті ме?» - деген сауалдарға пікірін білген едік.   

— Жобасы болғанын қаламас едім. Бала ата-ананың алдына борыштар. Оны ешкім дауламайды. Мәселе енді осы ақыл кімге бағытталған? Тыңдарманы кім? Мен «бала» деп ойлаймын. Яғни, МЕН ата-анама борыштармын деген түйінге жетелеуі керек. Ал бізде, өкінішке қарай, бұл ақылды ата-ана қолданып кете береді. СЕН маған борыштарсың деген айыптауға тіреледі. Мен бұл сөздерді оқығанда ойыма ата-анам келіп, мен қалай қызметімді жетілдіре аламын деп ойлаған абзал. Ал санамда өз балаларыма қарсы талап-арыз оянатын болса ұтыламын. Бұл қысқаша қайырсақ. Ал толық картина келесідей: Баланың ата-ананы авторитет көріп қызмет етуі, қашанда арқа сүйер ақылшы ретінде қабылдауы қарым-қатынас сапасынан деп санаймын. Өкінішке қарай, қарым-қатынасымыз саяз әрі күрделі болғаннан жоғарыдағы ақыл кеңесті қару етіп “айыптау”- дан аспай қалдық. Мұндай шайқаста бала ұрпақта борыштан қашу реакциясы орын алады. Содан да «Мен не үшін міндетімін?» — деген сияқты заңды сұрақ туындайды. Кез келген борыш әрекет міндеттелген сайын, талап еткен сайын ықылас сөнеді. Бұл барша адамзаттың болмысы - дейді Ескендір Бестай.  

Ал, психолог маман Айдана Лесбек ханымның айтуынша, бала Алланың аманаты. Аманатқа қиянат жасамай, оны өсіріп, жетілдіру ата-ананың міндеті.   

— Бала ата-ананың жобасы. Бірақ, оны олар өздері таңдамайды. Бұл оларға берілген мүмкіндік. Басқаша айтқанда, ол жобаны қалай қорғап шығады. Бала ешқашан ата-ананікі болмайды. Ол Алладан берілген аманат. Баланы ата-ана өзі үшін сұрап алады. Біз үшін, біздің қуанышымыз үшін деп. Ол жерде бала үшін деген нәрсе жоқ. Ата-ана баланы Алладан сұрап алғаннан кейін олар Алланың алдында борыштар. Оғын дұрыс тәрбие беріп, өсіріп, жетілдіру, аманатқа қиянат жасамау. Сол нәрседерді жасағаны үшін баланың ата-ананың алдында міндеті бар ма? Жоқ. Өйткені, ата-ана оны өзі үшін, қуанышы мен бақыты үшін істеді. Енді балада қандай міндет бар? Бала сол ата-анасынан алған нәрсенің барлығын өзінің баласына жеткізу. Егер ата-ана өз баласының, немерелерінің өмірі жақсы болғанын, жетістікке жеткендерін қаласа өздеріне жағдай жасауы қажет. Өйткені, ата-анада не бар сол нәрсені ғана балаға бере алады. Ата-ана жобаны алып соңына дейін қорғап шығамын дейтін болса баланы өмірге әкелмей жатып оған саналы түрде дайындалуы керек. Мен бұл баланы не үшін сұрап жатырмын? Мен бұл балаға не бере аламын? Сол алған нәрсесін бала ата-анаға қайтаруға емес, ары қарай өз балаларына беруге міндетті. Бала ата-ананың алдында бақытты болуға ғана міндетті. Өйткені бүкіл ата-ананың бастапқыдағы ниеті: балам бақытты болса екен, мен көрген қиындықты көрмесе екен - дейді психолог Айдана Лесбек.  

P. S. Көптеген ата-аналар баласын дұрыс жолға бағыттауға тырысқанда олардың ықпалын асыра бағалайды. Бір адамнан өзіңіз қалаған адамды күштеп «жасап шығару» мүмкін емес. Жоба сәтсіз аяқталуы мүмкін. Бақытымызға орай, балаларды тәрбиелеу мен отбасында ұстап тұру үшін дайын рецепттер жоқ. Кемелді баланы жасау мүмкін емес, сондай-ақ, мінсіз ата-ана болу да. Бала өмірін шектеусіз, қайғысыз, уайымсыз қолдан жасаудың да мүмкін еместігін түсінгеніміз жөн. Ата-ана баласын қиындықтармен күресуге үйретсе жақсы болар еді. Ата-аналық жоба дәл осыдан тұруы тиіс. Қалай болғанда да, бұл әрбір ерлі - зайыптылардың жеке мәселесі болып қала береді және әрбір ата-ана заман ағымына көнбей, балалармен қарым-қатынаста өз үйлесімділігін іздегені жөн-ақ!  

Ақбота Нысанбаева 

Тергеуде көз жұмған жігітті полицейлер ұстап алып кеткен сәттің видоесы жарияланды
«Ұятсыз қыз екен» Мақпал Жүнісова қатты ашуланды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу