Ерлан Қарин вице-президент болуы мүмкін
Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымын құру туралы айтты деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

«Әңгіме вице-президент институтын құру туралы болып отыр. Оның өкілеттіктер аясын Мемлекет басшысының өзі айқындайды. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының мүддесін халықаралық форумдарда және шет мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде қорғайды, Президенттің Парламенттегі мүддесін білдіреді, отандық және бірлескен қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайды. Вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты осы негізгі қағидаларды Конституция мәтінінде де көрсету қажет. Сонымен қатар қолданыстағы Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымдардың бір бөлігін, сондай-ақ мемлекеттік кеңесші лауазымын тарату көзделіп отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сөз барысында.
Елімізде мемлекеттік кеңесші лауазымын Ерлан Қарин иемденіп отырғаны белгілі. Егер мемлекеттік кеңесші лауазымы тарқатылса Ерлан Қарин қызметсіз қалмайтыны белгілі. Ол жаңа құрылып жатқан вице-президент лауазымына ие болуы әбден мүмкін.


