Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Бас прокуроратурадан көмек сұрады
Танымал боксшы, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс, қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды Oinet.kz.

Өз мәлімдемесінде еліміздің құқық қорғау органдарынан көмек сұраған боксшы басынан өткен жағдайларды ашып айтты.
«Мен, Шыналиев Еркебұлан Құрмаханұлы, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс, қола жүлдегері, «Парасат» орденінің, басқа да мемлекеттік наградалардың иегерімін. 2025 жылы мамыр айында Нұржан Иманалиев, Шыңғыс Мұқашев деген екі азамат мені Стамбұл қаласына бапкерлік қызметке шақырды. Солардың үйлерінде оншақты күндей жаттығу жасатып, елге қайттым. Қазақстанға келген соң Шыңғыс бірнеше рет қоңырау шалып, бір-екі адамға күш көрсету керек дегенді айтты. Алайда мен үзілді-кесілді бас тарттым», – деді өз сөзінде Еркебұлан Шыналиев.
Спортшыға биыл қаңтар айында Түркиядан тағы да қоңырау түскен.
«Ақылдасатын жаңа жоспарлар бар екенін айтып, тағы да бапкерлік қызмет ұсынды. Барған бойда мені әуежайдан күтіп алып, Стамбұлдан 150-200 шақырым жердегі ну орманға алып барды да, иесіз ғимаратқа кіргізді. Басыма оқталған тапаншаны тақап, бір құжаттарға қол қойғызды. «ҰҚК-ның өкілімін деп айтасың» деп мәжбүрлеп, ешқандай қатысым жоқ істерді мойныма алуымды талап етті. Өмірім мен отбасым үшін алаңдап, айтқандарының бәрін қайталап, бейнетаспаға жаздыруға мәжбүр болдым», – деді спортшы.
Видеоүндеу соңында Олимпиада жүлдегері еліміздің Бас Прокуратурасынан, Ішкі істер министрлігінен және басқа да құзырлы органдардан осы мәселеген назар аударып, жан-жақты тексеріс жүргізуін сұраған.


