Ата-анаға көрсетілген құрмет – қоғам үшін маңызды құндылық

Бүгін Мақтаарал аудандық мәслихат депутаты, «Ауыл» партиясының белсендісі Молдабеков Сәбит Сейдуллаұлы ерекше марапатқа ие болды. Ол Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы А.Р. Заппаровтың қолынан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры С. Әділовтың атынан алғыс хат алды.
Аталған алғыс хат – елге адал қызмет етіп жүрген, заң мен тәртіптің сақталуына үлес қосып жүрген ұлы Сейдулла Бекзат Сәбитұлын тәрбиелеп өсіргені үшін табысталды.
Бүгінде Бекзат Сәбитұлы тергеуші ретінде абыройлы қызмет атқарып, құқық қорғау саласында кәсібилігімен және жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді. Оның еңбегі – отбасындағы тәрбие мен берілген тәлімнің нәтижесі.
Осындай саналы ұрпақ тәрбиелеген ата-анаға көрсетілген құрмет – қоғам үшін маңызды құндылықтардың бірі.


