Мархабат Байғұт: «Сыныптасым Супен және жұмыртқа хақындағы хикая»

Oinet.kz 20-02-2009 1075

Screenshot_33.jpg

Мархабат Байғұт, жазушы-журналист, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Таупістелі ауылында төрт жылдық бастауыш мектепті тауыс-тәмәм еткен соң Жуалы ауданындағы әпкемнің қолында, «Кеңес» орта мектебінде бесінші сыныпты оқуға тура келді. Сол Кеңес дейтін ауылда оншақты отбасы чешендер екен. Біздің сыныпта бойы да сырықтай, мойны да құрықтай ұп-ұзын Супен дейтұғын бала болды. Көбіміз оның иығынан да келмейтін ек. Ал Хабарбек, Ізетбек, Рәтбектер қолтық шамасынан қылтиятын.

Намыстанғанымызбен неғылайық, сыныптың «атаманы» Супентұғын. Мені «мейман бала» деп, тиіңкіремейді. Өзім өте үздік оқимын. «Қазақстан пионері» газетіне бір мақалам   шыққалы бүкіл мектеп, тіпті күллі «қалқозыңызды» қалтыратып, тәртіпті ұстайтын директор ағайымыз құрметпен қарайтынға айналған. «Қалқоз» бастығы орыс еді, мектебіміздің директорына келіп, ақылдасып тұратынын байқайтынбыз. 

Супен бесінші сыныпта оқығанымен, жоғары кластағылар да санасады. Именеді. Қазақша күрестен де, «қапқазша» сайыстан да жеңіп шығады. Сыныпаралық сайыстар Қаңтарбайдың сайында, жасырын жекпе-жектер Боралдай бұлақ басында өтетін. Бұзып-жарып біздің Супен батыр жеңіп шығар. Сабаққа да үздік. Кейде ол есептен «төрт» алып, мына мен «бес» алып кетсем, құрықтай мойны білеу-білеу боп қызарып, жаңғақтай бұлтиып тұратын кеңірдегі одан бетер шодырайып шығып кететіні бар. Ең жақсысы, бөтен балалардан қорғап, маңдайымыздан шерткізбейтіні.

Елу жетінші жылдың ерте көктемі ғой. Жұрттың қарны әлі тойына қоймаған. Елу алтыншы жыл жайсыздау, астық аздау болған. Масақ тергенбіз. Супен шіркініңіз нанға тоймайтын. Хабарбек сәл-пәл жағымпаз. Нанын өз еркімен береді. Ізетбек те ілеседі. Қайта-қайта ыржыңдай күліп, сәл-пәл күйіп піскен күлді көмешін тұтас ұстата салады. Рәтбектің нанын Пістекүл тартып алып, партаның ара-арасымен қашып жүріп жеп қояды. Базаркүл әпкем әдемілеп жабатын таба нанның ширегін емін-еркін азық-ауқат ететін «мейман бала» боп мен отырмын. 

Сол елу жетінің көктемі сәуірдің басына таман ысып сала берген. Таңатар жездемнің тауығы баршылық. Алайда, ақ тауықтар тапқан жұмыртқалар қатаң есептеледі. Қай тауық қашан, қалай, қай жерде жұмыртқалайды, бәрін біледі жездеміз. Жинап-теріп, «мәгәзінге» өткізіп, қант-шай, сабын алады. 

Супен екеуміз жездемнің үйі жанынан өтіп бара жатыр ек. «Ал, жақсы» дей бергенім сол еді, кенет ақ тауықтың екеуі бірдей қатты қақылықтап, шүйкедей беттері шиедей қызарып, үй тамнан мал тамға қарай өтті. «Ыстой! Пастой!» деді Супен. Кідірдім. «Сен анау ақ тауықтың біреуін ұстап, тезек тамға апар, мен сонда күтем», деді. Қораны айналып кете барды. Қақылықтаған қос тауықтың біреуін шап беріп ұстап, тұмсығын қысып, «кәмәндірге» жеткіздім. Супен әлгі мекиеннің жемсауын, сонсоң қарын тұсын ұстап көрді. «Міне, жұмыртқасы мынау тұр», деді де әлдебір аса епті қимылмен сипалай қысып-қысып жіберді. Әп-сәтте жып-жылы жұмыртқа «мейман баланың» қос уысында аппақ боп  жарқырап жатты. «Жездең жұмыста, әпкең Қарабастауға қыдырып кеткен, тез тұз әкелгін», деді «кәмәндір». Шауып барып тұз әкелдім. Айтпақшы, жұмыртқасын сығып алған соң мекиен не болды дейсіз ғой? Сорлы мекиенді Супен сылқ еткізіп, сабанға тастады. Ақ тауық талықсып бірер минөт жатты да, «қақақ-құқақ, құқақ-қақақ» деп есін жиды. Көздері аударылып-төңкеріліп, айналасына алайып қарап, «құқақ-құқақ» деп секіріп түсіп, тұра қашты. 

Екінші толғатқан тауық та сөйтті. Алғашқы аппақ жұмыртқаны Супен батыр, келесі кішкенелеу, сарғыштауын «мейман бала» жұтты. Жұмыртқа жұтпақты қайдан білейік, оның әдіс-тәсілдерін де Супен үйретті. 

Осындай жауыздық әрекетіміз біразға созылған. Ақырында ұрлығымыздың сыры ашылып, масқара болдық. Тұп-тура тезек тамда Таңатар жездеме ұсталдық қой. Талықсып жатқан тауығымыз «қақақ-құқақ», «құқақ-қақақ» деп шошып тұра бергенде, Супен сылқ-сылқ күліп, менің жаным ашыңқырап отырғанымызда, екеуміздің де асқазанымыз жаққа «сіп-сібежий» жұмыртқаның ағы мен сарысы араласып жаңа-жаңа жетіп-ақ қалғанда, тобылғы сапты қамшысын қолына қысқан жездекей жетіп келді. 

Супен қанталаған ұзын мойнын сипап тұрып бүй деді: «Көке, бәрі дұрыс. Тағы ұрсаңыз да көндік. Біздікі — жауыздық. Мейман балаға үйреткен мен едім. Өлтірсеңіз де орынды. Мені. Тек мектепке хабарламаңыз». 

Жездем ешкімге тіс жармады. Супен мойнын бір аптадай таңып жүрді. Қаз майын жағып жүргенін сыбырлап айтты. Маған ғана. Өзгелерге «ангинамын» деді. 

Алтыншыға өтіп, өз ауданыма қайтқанмын. Интернатқа орналасқам. Супен «Кеңес» орта мектебін үздік бітіріп, Жамбылдағы пединституты тауыс-тәмәм етіп, Шешенстанға көшкен деп естігем. Кейініректе сол жақтың білім басқармасын басқарыпты деп жүрді сыныптастарым.

***

Қайбір жылы, осы бертініректе, халық жазушысы Шерхан Мұртазамен бірге «Оңтүстікқұстың» президенті Әбілқасым Досболов мырзаның мәшинесімен Қазығұртқа бара жаттық. Жол-жөнекей балалық шаққа саяхат жасап, Супен және жұмыртқа жөніндегі әңгімені айтып бердім. Шерағаң күліп: «Мынауың жазатындай нәрсе екен», деді. Ал, «Оңтүстікқұстың» президенті Әбекең: «Талай тауықтың денсаулығын бұзыпсыздар ғой», деді шынымен-ақ қабағын шытып. 

"Рейтинг" газеті

Жанысбек Өтегенов: «Медициналық анықтаманы студенттер 1000 теңгеге сатып алып жатыр»
Қабылбек Төретай: «Сырға толы хаттар сандықтың түбінде сақтаулы жатыр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу