Серік Ақшолақов. «Әлем дәрігері»

Oinet.kz 20-08-2018 933

Қазақстанда эпилепсияны операциялық жолмен емдеуді тұңғыш енгізген ғалым, жаһан мықтыларын мойындатқан қазақ дәрігері Бүкіл дүниежүзілік дәрігерлер қауымдастығының шешімімен берілетін «Әлем дәрігері» атағын 2008, 2009 жылдары екі рет қатарынан иеленген, «Платиналы Тарлан», Пирогов атындағы сыйлықтардың иегері, «Парасат» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық нейрохирургия орталығы басқармасының төрағасы, профессор Серік Ақшолақов болатын.

Screenshot_38.jpg

Ол Ақтөбедегі медициналық университеттің травматология бөліміне оқуға түскенде нағашысы Жалмұрат сынықшы сияқты халықтың адамы болуды армандаған еді. Сол жылдарда нейрохирургия елімізде дамымаған медицина саласының бірі болды. 

Бірде Ақтөбеге мәскеулік атақты нейрохирург А.Н.Коновалов келіп осынау арманшыл адамның қиялына қанат бітіріп, медицинадағы жаңа бағытқа қызығушылығын оятты. Бұл туралы  Серік Қуандықұлы былай деп еске алады: «Бір күні өзім жұмыс істеп жүрген Ақтөбе қаласына Мәскеуден академик Н.Н.Бурденконың Ғылыми-зерттеу институтынан жас академик Александр Коновалов келді. Мен ол кезде 26 жастамын. Енді ғана Медициналық академияны аяқтағанмын. Бұл кездесу мен үшін жай ғана сәттілік емес, жоғарыға деген жолдама болды. Біз жақсы араласып кеттік, ол менің үйімде бес күн бойы қонақта болды. Бір сөзінде: «Серік, маған кел, нейрохирургияны үйретемін» деді. Коноваловтың осы сөзі соңында менің тағдырымды анықтады. Мен травматолог болғым келетінін айттым әрі Мәскеудегі Травмотология және ортопедия инс¬титутына оқуға түсуге көмектесуін сұрадым. Бұған Коновалов күліп жіберді. «Алдымен кел, содан кейін шешім қабылдайсың» деді. Осы әңгімеден кейін, тәуекел деп ештеңеге қарамастан, ешкіммен ақылдаспастан, бейтаныс қалаға тартып кеттім». 

Бүгінде Серік Қуандықұлының есімін естімеген адам кем де кем шығар. Қашан көрсең де қарапайым қалпынан жазбайтын, мейлінше еңбекқор, талапшыл басшы, үлкен ғалым, жаңашыл дәрігер Серік Қуандықұлының еліміздегі нейрохирургия саласын дамытудағы еңбегін ештеңемен өлшеуге келмес, сірә. 

2017 жылы туған жеріне қыдырып келген Серік Ақшолақовты «ауылдан жаяу кетпесін» деген ниетпен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті жұрттың атынан көлік мінгізетінін жеткізді. Алайда, мейман темір тұлпарды облыстық жедел жәрдем ауруханасына табыстады.

2010 жылы ҚР Президентінің «Парасат» орденімен марапатталды. 2016 жылы Елбасының қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын иемденді.

Серік Ақшолақов бүгінде Астанадағы «Нейрохирургия ұлттық орталығының» басшысы, Халықаралық Еуразиялық нейрохирургия Академиясының академигі, медицина саласында топ жарған дәрігер-нейрохирург. Асқақ Астанадағы жаңа әрі заманауи орталық ашылғанға дейін жас маман талай асулардан өтті. Жалынды жастық шағын оқуға, білім игеруге арнады. «Тек қана алға жүру, тоқтамау және қандай жеңіс пен жетістікке жетсең де мастанба, масаттанба һәм кідірме» деген өмірлік ұстанымымен ол Мәскеуге аттанған болатын. Студент кезінде өзін шақырған А.Н.Коноваловтың жанында болып, он бес жыл тәжірибе жинады, танымал ғалымның жетекшілігімен докторлық жұмысын қорғады. Ең алғашқы өзінің күрделі операциясын да Ақшолақов Мәскеуде жасаған еді. 

– Өз басым Қазақстан медицинасының қарыштап дамуын Тәуелсіздікпен және Астанамен тікелей байланыстырамын. Себебі, Тәуелсіздік арқасында Астана салынса, сол Астанада ең бір заманауи клиникалар салынудың қажеттігі айқын еді. Бұл орындалды да. Олар және бұрынғы жолмен емес, барлық жабдығы түгенделген, тек ішіне кіріп, пациенттерді емдей беруге болатындай етіп салынды. Сызылған жобасының өзінде қай аппараттың қай жерде тұратыны виртуалды анықталып, қабырғасы тұрғызылмастан бұрын олардың барлығы кіргізіліп, коммуникациясы, асай-мүсейін тегіс дайын етіп, бірден пайдаланатын емханалар. Ал біз бұрын ондай клиникаларды білмейтінбіз. Сөйтсе, медициналық логистика деген ғылым, оның профессорлары бар екен. Бір кездері нейрохирургияны ашу мүмкін емес, олар емдейтін аурулар аз, дайын мамандар жетіспейді, тіпті жоқ деп есептейтін. Ал негізінде нейрохирургиялық көмекке зәру жандар аз емес еді, тек біз оларды шақырып емдей алмайтынбыз. Олар үйлерінде ауырып, ауылдарында жатып, емделуге барып жазылу керектігін де білмей, өмірімен қоштасатын, – дейді білікті дәрігер. 

Оның айтуынша, Тәуелсіздік отандық медицинаның дамуына, қазақстандық білікті мамандардың да көптеп шығуына тың серпін берді. Әсіресе, бұған Елбасының бірінші кезекке ұлт денсаулығын алға шығаруы да өз жемісін берген. Нәтижесінде Астанада ашылған заманауи орталық мемлекеттің үлкен қолдауында болды. 

– Клиника ашылғанда біз қандай аппарат сұрасақ та, соның ең бір қолданыстағы заманауи түрлері алғашқы кезекте тұрды. Қажетті 35 маманды 3 айдан 6 айға дейін Денсаулық сақтау министрлігі ақша бөліп, шетелге оқуға жіберді. Ағылшынша білетіні АҚШ, Жапонияға жіберілді де, Израиль орысша оқыту бағдарламасын ұсынғасын басым бөлігі сонда аттанды,  – дейді Ақшолақов. 

Осылайша, Орталық ашылғанда құрулы тұрған аппараттармен жұмыс істейтін дәрігерлер тегіс дайын тұрды. Сондықтан бұрын болмаған технологияларды, елімізде бұрын жасалынбай келген операцияларды жасау мүмкіндігі бірден туды. Ал клиниканың салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. 

Серік Қуандықұлын табысқа жетелеген жан дүниесінің білімге деген құлшынысы. Өмірлік кәсібі осы орталықпен тығыз байланыстағы дәрігердің әріптестері мен шәкірттері де жаңалыққа құмар жандар. Оның соңғы жылдарда тәрбиелеген 5 ғылым докторы мен 15 ғылым кандидаты қазір әрқайсысы өз жолын тауып бұл саланың дамуына жан-жақты үлес қосып жүр. Сонымен қатар шет елдік танымал журналдарда 100-ге жуық ғылыми мақалалары жарияланған Серік Ақшолақов 13 ғылыми монографияның авторы.  

Қазақстан медицинасының нейрохирургия саласына ол алпыстан астам операция жасаудың жаңа әдістерін енгізіп, өзі ми мен омыртқаға 5000-нан астам операция жасады. Ең бастысы, отандық операцияларға микронейрохирургияны, эндоскопиялық нейрохирургияның негіздерін қалыптастырды және нейронавигацияны алғаш қолданысқа енгізіп, эпилепсияны жедел емдеуді хирургия тәсілімен жүзеге асырды. 

– Біз бас миының тамырлы ауруларын емдеудің төмен инвазивті әдістерін пайдаланамыз. Мұндай операциялар мидың бас сүйегін тесусіз жүргізіледі. Яғни, тамырға катетер арқылы енеді, емдеу инсульттің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, омыртқа және жұлын миы патологиясы барысында реконструктивті операциялар жасалынады. Бүкіл Орта Азияда жоқ функционалдық нейрохирургия бөлімшесін ашқанымызды мақтанышпен айта аламын. Паркинсон ауруын, әртүрлі қозғалыстық бұзылыстарды, эпилепсияны, балалардағы бас миы ауруларын, БЦС кейбір түрлерін емдейміз. Бас миының терең орналасқан ісігіне операция жасау барысында навигациялық жүйені қолданамыз. Бұл дәл түсу мүмкіндігін береді. Мида өмірлік маңызды учаскелер орналасқан, миллиметрлік қателесу болса, адам сөйлеуден айырылады немесе ол мүлдем сал ауруына ұшырауы мүмкін, – дейді Серік Қуандықұлы.

Ақшолақовтың ғылымдағы жетістіктеріне үнемі қолдау көрсетіп отырған жұбайы да инемен емдеудің маман дәрігері. Ерлі-зайыпты дәрігерлер үнемі білімдерін шыңдап, халыққа қызмет етуді мақсат тұтқан жандар. 

– Біздің орталықта күрделі операциялар жасалады. Шынында, көп адам ауруын жасырғысы келеді. Дер кезінде алдын ала емделгеннің нәтижесі өте жақсы болатынын ескермейді. Әлі де біздің халықтың денсаулыққа көзқарасы төмендеу, – дейді дәрігер. 

Серік Ақшолақов жетекшілік ететін Орталық заманауи жаңа технологиялар енгізуден де еш жалыққан емес. Жоспарлар да баршылық. Онсыз болмайтыны да тағы белгілі. Алдағы уақытта да клиниканың ғылыми ізденістерін тереңдете түсу үшін Орталық Назарбаев Университетімен тығыз қарым-қатынасын арттыра береді. Бұл Ақшолақовтар секілді жоғары білікті мамандардың арқасында ұлт саулығының деңгейі де жоғары деңгейде қамтамасыз етілетінін білдіреді.

Человек-магнит
Адамдардың өмірінің соңында өкінетін 5 қателігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу