Коронавирустың кесірі: Атақтылар «арзандап» жатыр

Oinet.kz 16-04-2020 951

Коронавирустың зардабын спортшылар да қатты сезінуде, әсінесе материалдық тұрғыда. Жоғары жалақыға үйренген футболшылардың бірінің жалақысы қысқарып жатса, әлемдік деңгейде бағаланып жүрген енді бірінің  трансфер нарығындағы құны өзгеруде. 

Мысалы, Қазақстан құрамасының көшбасшы ойыншылары Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков, Исламбек Қуат және Бахтиёр Зайнутдиновтың бағасы аздап төмендеген. Алғашқы үш ойыншы 2019 жылдың желтоқсан айында «Қайраттан» еркін агент ретінде кеткен болатын. Сол кезде олардың трансферлік бағасы мансаптарындағы ең жоғары шекке жеткен еді.

Screenshot_3.jpg

Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан қазір Біріккен Араб Әмірліктерінің «Аль-Айн» клубының ойыншысы. Оның трансферлік құны бірден 600 мың еуроға, 3 миллион еуродан 2,4 миллионға төмендеді. Ал Польшаның «Легия» клубында доп теуіп жүрген Георгий Жуковтың құны 300 еуро төмендеп, 1,2 млн. еуроға тұрақтады.  

Бұған дейін 2 миллион еуроға бағаланған «Оренбург» ойыншысы Исламбек Куаттың қазіргі трансферлік құны 1,6 миллион еуро. «Ростов» клубында өнер көрсететін Бахтиёр Зайнутдиновтың нарықтағы бағасы 200 мың еуроға төмендеген. Оның қазіргі тарнсферлік құны - бір жарым миллион еуро.

Басқа елдегі ойыншыларымыздың бағасы төмендеп жатса, еліміздің кейбір клубтарының футболшылары жалақы алмағанына шағымдануда. Биыл қаңтарда павлодарлық «Ертіспен» келісімшартқа отырған 29 жастағы ресейлік шабуылшы Максим Житнев  «SILA Права» Youtube арнасының подкастында клубтағы жағдай туралы сөз қозғапты. «Қазір мен «Ертіс» футбол клубындамын. Павлодарлық клуб Қазақстанда әйгілі ұжымдардың бірі саналады және жақында банкроттық туралы, клубтың ескі қарыздары жайлы және демеушілер клубтан бас тартты деген қауесет тарады. Бұл жағдай жақсы емес, өйткені біз командаға қыста келіп қосылдық, содан бері көптеген жігіттер әлі жалақы да алмады. Біз мұнда футболсыз, туыстарымыздан жырақта жүрміз және ешқандай табыс тауып отырған жоқпыз. Отбасымызға ұшып кете алмаймыз, елде карантин жарияланған. Оның қашан аяқталары белгісіз. Ол аз болғандай клубта да төтенше жағдай болып тұр және жанұясына үйден ұшуға мүмкіндік жоқ. Өйткені елде төтенше жағдай режимі енгізілген. Сонымен қатар бізде төтенше жағдай режимі бар, банкроттық бар, ал басшылық бізге ақша төлемей отыр. Шынын айтқанда олар бізді жалақысыз қалдырғысы келетін сияқты. Жағдай өте қиын. Бүкіл команда осында Павлодарда. Жергілікті және шетелдік ойыншылар, бәріміз проблеманың шешімін күтіп отырмыз және бәрі оңалар деп үміттенеміз», - депті Житнев «SILA Права» Үoutube арнасына берген сұхбатында.

Осы арада айта кетелік Қазақстан ұлттық командасы Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясының (ФИФА) рейтингінде 2020 жылғы ақпан айындағы жағдай бойынша өз орнын сақтап қалды. Olympic.kz. порталының хабарлауынша, бас бапкер Михаил Билектің командасы 118-ші орында қалып отыр. Футболдан Қазақстан құрамасы соңғы ойынын 2019 жылдың қараша айында өткізген болатын. Айта кетерлігі, COVID-19 пандемиясына байланысты биыл старт ойындары өткізілген жоқ. Қазақстан командасы 27 наурызда Литваға қарсы, ал 30 наурызда Армения командасына қарсы ойын өткізуі тиіс еді. Құраманың Ұлттар лигасындағы қарсыластарына келетін болсақ, Албания 66-шы орында, Беларусь командасы – 87-орында, ал Литва — 131-орынға жайғасқан. 

Ал алғашқы ондықта: 1. Бельгия, 2. Франция, 3. Бразилия, 4. Англия, 5. Уругвай, 6. Хорватия, 7. Португалия, 8. Испания, 9. Аргентина, 10. Колумбия құрама командалары.

Айта кетелік, ФИФА вице-президенті Виктор Монтальяни коронавирус пандемиясына байланысты тоқтаған ұлттық құрамалар матчтарының қашан өтетінін мәлімдеді. «Ұлттық чемпионаттар - негізгі мақсат. Құрамалардың күздегі матчтары әзірге тек жоспар күйінде тұр. Әр мемлекеттің шекарасын кесіп өту қиындық туғызуы мүмкін. Дегенмен 2021 жылдың наурызы», деді Виктор Монтальяни. Коронавирус пандемиясына байланысты Еуропада чемпионаттар мен ұлттық құрамалардың матчтары кейінге шегерілген болатын.

Екі боксшымыз Олимпиада ойындарына жолдама алды
Головкинмен жұдырықтасуды армандайтындар аз емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу