Бекболат Тілеуханның келіні ХАҚ партиясын құрмақ

Oinet.kz 05-11-2019 1642

Screenshot_7.jpg

Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның келіні Тоғжан Қожалиева ХАҚ партиясын құруды жоспарлап отыр. Ол қазіргі мемлекеттік жүйені қалыпқа келтіруді көздейді. Бұл туралы партия жетекшісі qazweek.kz сайтына берген сұхбатында айтты деп жазады Oinet.kz.

Қожалиева "Халыққа адал қызмет" партиясын құруға дайындық жұмыстары жүріп жатқанын айтады.

Алайда, ол жұртты жинап, баспасөз конференциясын өткізіп, сөзден басқа ештеңе бере алмайтын саясаткерлердің қателігін қайталағысы келмейді.

Сол себепті, әзірге "ХАҚ" партиясын жариялауға асықпайды.

"Не бағдарламасы жоқ, не жарғысы жоқ, не алдына қоятын мақсаттары мен жоспарлары жоқ. Сол қателікті қайталамас үшін біз қазір партияның бағдарламасы мен Жарғысын жасап жатырмыз. Біз партиямыз халыққа танымал болу үшін алдымен іспен дәлелдемекшіміз. Партияның ісі ел аузына іліге бастағанда партия құруға болады",- дейді ол.

Мәжіліс депутатының келіні халықтың қазіргі жүйеге қарсы екенін байқаған екен. Сондықтан, ол партияның негізгі мақсаты - жүйені қалыпқа келтіру дейді.

Енді ол Қазақстанның әрбір азаматының жағдайы жақсаруы үшін жүйені қайта орнықтыру бағытында жұмыс істемек.

"Қай партия болсын іспен дәлелдесе, сол партияны халық қолдайды. Сондықтан, біз партияны жарияламай тұрып ісімізбен дәлелдейміз",- дейді Қожалиева.

Оның сөзінше, жаңадан құрылып жатқан жас партия 11 бағытты ұстанбақ.

"Кім Қазақстанның жағдайының жақсарғанын қалайды, біздің партияның есігі ашық.  Біз оңшыл, солшыл, қызыл, жасыл деп өзімізді бөлмейміз. Біз халықтың партиясы болуға тырысамыз.

Біз осы залда (ХАҚ-тың ғимаратында-ред) үлкен жиналыс өткіздік. 200-дей адам қатысты. 200 адам 11 бағыт ұсынды.

Біз бәрін қамтымай, ең өзектілерінен бастаймыз. 11 бағыттың ішінен ең өзектісі демократиялық жағдай болды.

Біз отыз жыл бойы әуелі экономика, сосын барып саясат дедік. Отыз жылдан кейін барып әуелі саясат, яғни, идеология, сосын барып экономика екенін түсіндік.

Егер әрбір азамат өзінің азаматтық құқығын біліп, сол құқығын талап ете білсе, елдің де жағдайы жақсарады.

Мысалы, мен плакат ұстап митингке шығатын болсам, ертең мені полиция қудаламайтынына сенімді болуым керек. Мен мысалы, фирма ашып, тек қана заң аясында жұмыс істесем, өз құқығымды қорғай білсем, ол фирмаға ақша сұрап полиция да, салық полициясы да, СЭС та келмейді. Мен ешкімнің “сауын сиыры” болмаймын деген сөз. Сол үшін құқықтық Қазақстан құруымыз қажет",- деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, Қожалиева жаңа партияға ешкімнің ықпалы жоқ екенін де тілге тиек етті.

"Біздің партияның артында тек қана өзіміз тұрмыз. Біз алаяқ, өзіндік көзқарасы жоқ адамдар емеспіз. Маған артымда қайын ағам Бекболат Тілеуханов тұр деп көп айтады. Өйткені келіндерімін ғой.

Бір жанұяның ішіндегі көзқарастардың әртүрлілігін айтпағанда, бір қолдың саусақтарының өзі әртүрлі. Тілеухановтар әулеті ауызбіршілігі берік, үлгілі отбасы.

Менің жанұямдағылардың бәрінің саяси көзқарасы менікімен бірдей деп айтуға келмейді. Мысалы, атамның саяси көзқарасы бөлек. Күйеуімнің саяси көзқарасы басқа. Менің көзқарасым бөлек.

Мен келіндік әдебімді ұмытпаймын. Сәлемімді салып тұрамын. Олар менің көзқарасымды сыйлайды. Мен олардың көзқарасын сыйлаймын",- деді жаңа партияның жетекшісі.

Партияны кәсіпкерлер қаржыландыратынын айтқан Тоғжан Қожалиева жаңа партияның мақсатын тағы да түсіндіре кетті.

"Мақсатымыз – билікке бару. Бірақ, біз Парламенттен емес, жергілікті басқару, мәслихаттан бастаймыз.  Ал, дінге модернизацияға келсек, біз осы қалыпты сақтаймыз. Зайырлы мемлекет боламыз. Біздің партиямызда әртүрлі ұлт өкілдері мен әртүрлі дін өкілдері бар",- деп түйіндеді ол.

Елбасы: «Түркістан - 21 ханымыз жерленген, сұлтандар, әулиелелер мәңгілік орын тапқан киелі жер»
Бота Жәрдемәлінің Белгиядағы үйіне тінту жүргізілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу