Мырзахметов Елбасының алдында неге мүдірді?

Oinet.kz 29-03-2019 690

«Барлық облыстардың жұртшылығы мен келген сайын облыс әкімін ауыстырады деп ойлайды екен. Егер адам жіберген өңірде жұмыс істеп жатса, халыққа жағдай жасап жатса, оны неге орнынан аламыз?». Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына келген іссапары барысында Елбасы осылай деп, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жасыратыны жоқ, облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың мерейін өсіріп тастады. Бірақ «түйенің қомында, аттың жалында» жүрген шенеуніктік қызмет дегеніңіз бірде олай, бірде бұлай ғой.   Кешегі аптада тоғыз айдың қорытындысы бойынша өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына төрағалық еткен мемлекет басшысы біраз өңірдің әкімдерін сілкілеп алды.  Сын садағына ілінгендердің арасында облыс әкімі Асқар Мырзахметов те бар. 

Назарбаев.jpg

Рас, жиында президенттен мақтау естіген шенеунік болған жоқ. Елбасының айтуынша, өңірлердегі әлеуметтік құрылыс нысандарының көлемі бір болса да, ақшаға келгенде айырмасы жер мен көктей. Сол үшін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұханбетовке «Не қарап отырсың, айналдырған екі мектеп қой. Басқа жұмысың жоқ. Бұдан кейін ақшаны қалай береміз саған?» деді. Үкімет жетекшісі Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі болып тұрған кезде ауыл шаруашылығына арналған ұшақ шығаратын зауыттың тұсауын кескен. Осы уақытқа дейін бұл зауытта қанаты сынық бір ұшақ шығарғаннан басқа жеткен ұшпағы да, пұшпағы да жоқ көрінеді. Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаровқа Елбасы «Түк те істеп жатқан жоқсың, отыр» деп, қолын бірақ сілтеді. «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы  Өмірзақ Шөкеев те ескерту алды. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың еншісіне бұл жолы да «сойылдың жуан басы» бұйырды.  Ал, Елбасы А.Мырзахметовтен  мақта шикізатының жеткізілмеуі салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма фабрикасының не себепті тоқтап тұрғанын сұраған. Ресубликалық ақпарат құралдарының таратқан мәліметіне қарағанда А.Мырзахметов бұл сұраққа мардымды жауап бере алмаған. 

Кейбір облыстарда кәсіпкерлерге бірде-бір грант берілмеген. Олардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облысы да бар болып шықты. 

 --Индустрияландыру жұмыстарын қадағалауды тоқтатып едім, бәрі де тоқырауға айналғанын байқаймын. Енді қайтадан бақылап отыратын боламын, тіпті әрбір тоқсан сайын бақылаймын,--деді сөзін қорытындылаған президент. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы облыс әкімдерінің рейтингісіне де арнайы тоқталды.

--Облыс әкімдерінің жұмысын бағалау жүйесі дұрыс емес. Әкім мен облыстың жұмысын көрсететін 96 көрсеткіштің 46-сы қолданыстағы статистика болса, қалған 50-і жаңадан ойлап табылған. Бұны кім ойлап тапқан? Әкімнің басты міндеттері мыналар болуы керек: өңірге инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, сапалы жұмыс орындарын құру, мемлекеттік қызметтің сапасын жақсарту, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік, тұрғын үй құрылысы мәселелері, жастарды еңбекпен қамту, - деді Н. Назарбаев.

Жиында Елбасы журналистерге қатысты да пікір білдірді. «Бұқаралық ақапрат құралдары елдегі ең өзекті мәселелердің қозғалуына назар аударуы қажет», деді. 

Жергілікті баспасөзде елдегі ең өзекті мәселелер қозғалмай жатқан жоқ, жазылып та, айтылып та жатыр. Тек тыңдайтын құлақ, көретін көз болса деңіз. «Рейтинг» газетінде бұған дейін ашылуына Елбасының өзі қатысып, ақжол тілеген «АзияКерамик» кәсіпорнының ұзамай тоқырағанын жазғанбыз... Осындайда қай-қайдағы еске түседі екен. Ішкі нарықты сапалы, тіпті әлемдік брденттегі сапалы керамогранит өнімдерімен қамтамасыз етеді деп, үлкен үміт артқан «АзияКерамиктің» жұмысымен уақтысында біз де танысуға барғанымыз. Сол жолы Түркиядан келген кәсіпорынның басшысы өнім шығару үшін қажетті шикізат мәселесінің әлі біржақты шешімін таппағанын айтып, терезенің арғы жағында «мүлгіп» тұрған бұрынғы шина зауытын көрсетіп «Ұзамай біз де осының кебін киетін боламыз» деген еді. Түрік ағайынның айтқаны айдай келді. О баста-ақ шикі-шала жоба күйінде жүзеге асқан «АзияКерамиктің» енді қашан аяғынан тұратыны белгісіз. 

Кезінде алаулатып-жалаулатып, мемлекет басшысын арнайы апарып көрсеткен нысанның бірі Арыстағы «Жаңа Ақдала» агрофирмасы қызанақ өңдеумен айналысатын кәсіпорын еді. Елбасы сол жолы тиісті қызметкерлерге жаңа зауыт аяғынан тұрып кеткенше қаржылай қолдап, қанаттанып кеткенше көмектесуді тапсырғаны есімізде қалыпты. Енді міне, сол кәсіпорын бір жылдан бері қаңтарылып тұр. Басшылардың уәжіне қарағанда, зауыттқа қажетті өнім егілмей қалған. Ал, өнім егуге қаржы жоқ көрінеді. Не деген қарама-қайшылық десеңізші? Мына жақта бюджетте көл-көсір қаржы игерілмей жатыр, ал ана жақта қаржы тапшылығынан жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған алып кәсіпорын тоқтап тұр. Егер Елбасының өзін апарып көрсеткен кәсіпорын тұралап тұрса, басқасының халі нешік? 

Айтқандай, Елбасының Ақордадағы қатаң сынынан «қанаттанған»  бірқатар облыстардың әкімдері келе сала жиын өткізіп, кемшілікті жоюға қызу кірісіп кетті. Оңтүстіктің шенеуніктері қайтер екен? 

Пірімбаев алаяқ емес...
Атеизмді қолдаған мәжілісмен Жұматай Әлиевті не түлен түртті?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу