Тұманбек Әлиевтің әлегі

Oinet.kz 07-08-2013 913

«Тұманбек Әлиев басқаратын саланы тұман басып барады ма?», «Тұманбек Әлиев елуінде диплом алды», «Тұманбек Әлиев елді тағы бір таңқалдырды». Осындай-осындай тақырыптармен «Рейтинг» газетінде, сондай-ақ Шымкенттегі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатарында  жиі жазылатын ең «сүйікті» кейіпкердің біріне айналған Тұманбек Әлиев биылғы қаңтарда облыстық құрылыс басқармасының бастығы қызметінен кетіп, биліктің үлкен астауынан шеттетілген соң, ол туралы әңгімелер де сап тыйылған еді. Суыңқырап қалған тақырыпқа қайта оралуымызға тура келіп отыр. Мемлекеттік қызметте айы оңынан туып, бірде ауданның, бірде басқарманың тізгінін ұстаған Тұманбек Сүйінбайұлының енді басқан ізінен былық-шылық шығып ел шулап жатыр. Дұрысы, енді емес, оның басқан ізінде былық көптігі туралы бұған дейін баспасөзде аз жазылған жоқ. «Халықтың үні, тілі һәм құлағы» баспасөздегі жанайқайға  бас ауыртқан жауапты басшы болмады. Керісінше «борсық ұрған сайын семіреді» дегеннің керін келтіріп, ол әр алуан басшылық қызметтің қызығын армансыз көрді. Әңгімемізді әріден бастайық.

e3c71c19b3288db8653cc8e005564c06.jpg

Екі ай бұрын Тәртіптік кеңестің кезекті жиынына қатысқанымызда Сайрам ауданы Ақсукент ауылының қазіргі әкімі Н.Қаратайдың 28 тамыз 2012 жылғы шешіммен өзіне дейінгі екі әкім Т.Әлиев пен М.Туледияровтың 4 мыңға жуық жер беру туралы шешімінің күшін жоюына не себеп болғаны жайлы даулы мәселе күн тәртібінде қаралғанын «Рейтинг» газетінде «Жалған құжат жасаудың артында кімдер тұр?» деген тақырыппен жан-жақты жазғанбыз.  Шаруа қожалақтардың иелігіндегі жерді мемлекет меншігіне алмастан, оны тұрғындарға заңсыз таратып берген шенеуніктер  неге жауапкершілікке тартылмайтыны  талқыланбай жиыннның ың-шыңсыз тарқағанына қатты таңданыс танытқанбыз. Әкімдіктің берген шешімін заңдастыра алмаған мыңдаған  тұрғынның бәрібір тып-тыныш қала алмасы, мұның арты үлкен дауға айналатыны да белгілі еді. Енді ше, құдай-ау 4 шешім емес, бақандай 4 мыңға жуық жер теліміне заңсыз шешім шыққан.  Ақсукенттегі жер дауының дүмпуі көп күттірген жоқ. Шіліңгір шілде айы Сайрам ауданындағы жойқын жер дауына ұласып, қоғамдық саяси аура мен   ауа райының ыстығы барынша қатар көтерілді. Ауа райын болжаушылар шілдеде күннің қызуы 50 градусқа дейін көтерілгені туралы көпшілікке ресми мәлімет таратты.  

Ауыл әкімінің заңсыз шешімдерін алып, ақыр аяғында жерсіз қалған халықтың аудан әкімдігіне сабылуы осыдан үш жыл бұрын басталған екен. Тұрғындардың айтуынша, әкімдік алғашқыда «мәселені жуық арада шешіп береміз» деген құрғақ уәдемен шығарып сала берген. Ақыры болмаған соң жуырда  әкімдіктің алдына жиналған қарақұрым халық «аудан әкімі Уәлихан Қайназаров, жерге жауапты басқа да мамандар  қызметінен кетсін» деген талап қояды. Жергілікті шенеуніктер осыдан кейін ғана  нақты қадамға барған сияқты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2013 жылдың 18 шілдедегі өкімімен Ақсукент ауыл округі әкімінің 2008-2009 жылдар аралығындағы тұрғын үй құрылысына байланысты қабылдаған шешімдері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін өзінің орынбасары Ербол Садырдың төрағалығымен жұмысшы тобын құрады. Өткен аптаның сейсенбісінде Сайрам аудандық әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, аудан әкімі Уәлихан Қайназаров және аудан прокуроры Сұлтан Орманов журналистерді жинап, жұмысшы тобының осы уақытқа дейін не тындырғанын мәлім етті. Тексеру қорытындысына қарағанда, 2008 жылдан бастап Ақсукент ауыл округінің әкімі тарапынан Әйтеке би учаскесінен, Қарабұлақ тас жолынан және Алматы-Термез автожолының бойынан 5328 азаматқа тұрғын үй салу үшін шешім шығарылған. Ата Заңға сәйкес Қазақстанның әрбір тұрғынына тегін жер өмірінде бір мәрте берілетіні белгілі. Алайда 5328 шешімді тексеру барысында 1114 азаматқа екі жерден, 76 азаматқа 3 жерден, 17 азаматқа 4 жерден, 3 азаматқа 5 жерден берілгені анықталған. Бұдан бөлек Сайрам аудандық жер кадастр филиалынан, әділет басқармасынан алынған мәлімет бойынша 667 азаматтың бұған дейін де тегін жер алғаны белгілі болыпты. Ал 1832 жер иесінің кім екенін жұмысшы тобы мүлдем анықтай алмаған. Мәссаған безгелдек! Бұған күлесіз бе, жылайсыз ба? Енді аудан әкімдігі қалған 1110 азаматтың жерін заң талаптарына сәйкестендіреміз деп отыр. Осыған байланысты шаруа қожалықтардың иелігіндегі 55 гектар жер мемлекетке қайтарылып, тұрғын үй салу мақсатына рәсімделген. Аудан әкімі Уәлихан Қайназаров жер бірінші кезекте мұқтаж азаматтарға беріледі деді. Ал кезінде жерді заңсыз беріп жіберген шенеуніктерге  қатысты мәселемен қазір құқық қорғау органдары айналысып жатқан көрінеді. Жиынға қатысқан Сайрам ауданының прокуроры Сұлтан Орманов 2009 жылы ауыл әкімдерінің заңсыз әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданғанын тілге тиек етіп, енді баяғы даулы мәселеге қайта тексеру жүріп жатқанын, сол бойынша қылмыстық іс қозғау, не қозғамау туралы шешім қабылданатынын жеткізді. Бір-екеу емес мыңдаған адамға заңсыз шешімді шығарып, бір азаматқа бір емес бес бірдей жер беріп, шектен шыққан ауыл әкімдерінің жауапкершілігі неге уақытысында қаралмады?  Құзырлы органдардың осы уақытқа дейін бұған көзжұмбайлық танытып келгенін қалай түсінуге болады?  Ауданның қазіргі прокуроры «мұның бәрі де маған дейін болған» деуден арыға аса алмай, журналистердің сұрағанынына қарамастан брифинг барысында кінәлі шенеуніктердің аты-жөндерін атаудан да бас тартты. Байғанымыз билік бұл мәселені у-шусыз шешіп, бәрін жылы жауып қоя салғысы келетін сияқты. 

Абырой болғанда заңсыз берілген жерге салынған баспаналардың саны көп емес сияқты (ол шамамен жиырмаға жуық көрінеді). Аудан әкімдігінен шыққаннан кейін осында жер дауымен келген екі-үш азаматпен сөйлесудің сәті түсті. Солардың бірі Гүлназ Жақсыбаева алған жеріне үй салып қойғанын, енді шаруа қожалық иелері күн сайын келіп, жерді босатуды талап ететінін,  үш жылдан бері осы мәселемен басы қатқанын, ал аудан әкімдігінің құрғақ уәдемен шығарып салып келе жатқанын айтты. Ал Өзбекстаннан көшіп келген оралмандар Шәрібай Нұрашов пен Өтеш Өмірбаев әлі күнге дейін жерлерінің мемлекеттік актісі қолдарына тимей  құрылыс жұмыстарын бастай алмай отырмыз дейді.  

Жер телімін алуға берілген мыңдаған заңсыз шешімнің артында жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың жатқаны бесенеден белгілі ғой. Дап-дардай әкімдер жерді оңды-солды тегін таратып жын ұрып па дейсің?!  Айтқандай жауапты қызметтерге тағайындалар кезінде Тұманбек Әлиевтің ауыл әкімі ретінде өзін өте іскер, тындырымды шенеунік ретінде көрсеткені баса айтылған-ды. Іскер әкімнің кейде тіптен асыра сілтеп жіберетіні туралы да ел ішінде сөз көп. Соның бірін айтсақ, Сайрам ауданының Жаңаталап ауылдық округінің әкімі болған кезде оның президент сайлауында дауыс берушілердің санын 100 пайыздан асырып жібергені әлі күнге ел аузында гу-гу әңгіме болып жүр. Дәлірегі «жергілікті тұрғындар сайлауға бірі қалмай түгелдей қатысқанынан бөлек сол күні ауылға қыдырып келген қонақтар да дауыс беруге барды» деген  құжат түзгені құлаққа қонатын уәж бе? Сонда Тұманбек Әлиевті Қазығұрт ауданының әкімі, облыстық құрылыс  басқармасының бастығы етіп тағайындар кезде облыс әкімі Асқар Мырзахметовке оның осындай-осындай «іскерлік қасиеттері»  ұнағаны ма?    Бірақ алған мамандығы құрылыс саласына мүлдем маңайламағандықтан болар, ол көп ұзамай қызметінен босатылды. Өзімен сөйлеспек болып іздеп таппадық. Облыстық әкімдікте бас инспектор болып істейтін қызметін өз өтінішімен тапсырып кеткеніне екі ай толыпты. Бір білетініміз, Т.Әлиевтің аты-жөнін Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «А» корпусының резервіне құжат тапсырушылардың тізімінен көзіміз шалған. Ол алғашқы сыннан-ақ сүрінді.  Қазір оның қайда жүргенін біле алмадық.

Айтпақшы, 2009 жылы Қазығұрт ауданының әкімі болып, есімі елге оншалықты таныс емес Тұманбек Әлиев келгенде көпшілік «бұл кім еді?» деп таңырқағаны рас. Осы тағайындаудың алдында облыстан шығатын ресми газетте Тұманбек Әлиев туралы сын мақаланың жарқ ете қалмасы  бар ма? Мақалада «Т.Әлиевтің ауыл әкімі болып тұрған кезінде (Сайрам ауданының Жаңаталап, Ақсукент ауылдарының)  жерге қатысты дау-дамайға қатысы болғаны, тіпті осындай артында «қоңырауы» бар азаматтың жуық арада үлкен қызметке тағайындалуы мүмкін» деген болжам да жазылған болатын. Болжам расқа айналып, ұзамай Т.Әлиев өзі туып өскен Қазығұрт ауданының әкімі қызметіне қонжия қалды. Ал әлгі сын мақала үшін «шаш ал десе бас алуға даяр» шолақ ойлы шенеуніктер «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі әріптестерімізді әжептеуір қыспаққа алып, бірқатар қатаң шара қолданып та тастады.  Енді міне, арада төрт жыл уақыт өткенде әлгі мақалада жазылған жәйттардың  имандай шындық екені белгілі болып отыр. Дер кезінде ем қолданбаған аурудың асқынғаны соншалық мұның аяғы алдағы уақытта неге апарып соғары белгісіз.

"Рейтинг" газеті

Шымкентте ана өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жұмағали Исмаилов «Нұр Отанды» менсінбей ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу