Түрленген «ә» немесе көштен алдын шыққан шаң

Oinet.kz 31-05-2022 832

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы латынға көшу мәселесі бірнеше мәрте көтерілді. Соңғы 2017 жылғы мақұлданымнан соң көптеген ономастикалық белгілер жаңа әліпби әлі толық жетілмеген болса да жаңа әліпбимен жазыла бастады. Бәлкім көз үйрене берсін деді, бәлкім өзінің билікке адал оның кез –келген шешімін құптайтынын көрсеткісі келді Осы тұста әлі толық шешім таппаған “ә”, “ү”, “ө”, “қ” сынды төл әріптерді айта кетпеске болмайды. 

Screenshot_15.jpg

Шымкент қаласының бас ғимараты. Әкімдік сөзіндегі “ә” әрпін 2021 жылға дейінгі акут нұсқасында берген

Латынға көшеміз деген соң қала көшелеріндегі көптеген сыртқы жарнамалар әлі толық қалыптаспаған жаңа әріптермен беріле бастады. Осылайша онсыз да қате шұбырып жүретін қазақша жарнамалардағы қате көбейе түсті. 

Сыртқы жарнамасында қателік кеткен азаматты сөзге тарттық. Өзін Болат, жеке кәсіпкермін деп таныстырған ол бізге былай тіл қатты:

- Өзім қалада үш дүкен ұстаймын. Соның ішіндегі екеуінің сыртқы жарнамасын (маңдайша, вывеска) осы жаңаша әліпбимен жаздық. Себеп, жоғарыдан солай бұйрық келді дегенді естідік. Қалалық тілдерді дамыту бөлімі бар екенін білмедім. Латынша көрсету керек деген соң баннер шығаратын орталыққа барып дайындаттым. Ал мәтінді ғаламтор арқылы арнайы бағдарламаға салып аудардым. Вывескаларда “срок служб” деген болмайды. Бұл оның сапасына, күн көзі тік түсетін жерде немесе көлеңкеде тұруына байланысты. Ең азы 1,5 – 2 жыл. Ұзағы 10 жылға дейін кете береді. Егер қала билігі алмастыруды сұраса онда солай жасаймын. Тіпті, қосымша шығындалып жатсақ та. Мен әрбір маңдайшаны әрқайсысын 20-30 мыңға дайындатқанмын.

Screenshot_16.jpg

Тағы да сол Нұрсәт ықшам ауданындағы Әл-Фараби кітапханасы. Бұл жерде төл әріп “ә”-ні жаңа “жетілдірілген нұсқада” берген. Алайда бұл нұсқаның өзі әзірге толық “жетілдірілген” болмай тұр. Яғни тіл мамандары бұл нұсқадан да кемшіліктер тауып отыр

Қаладағы жарнама агенттігіне кіріп басшысын сөзге тарттық. Бизнесіне зияны тиіп кетеді деп қорықты ма атын атамауды сұраған ол сыртқы жарнамаға тапсырыс берушілердің көп екенін, екі әліпбимен де тапсырыстар түсіп жататынын айтады. “Әзірге латын әліпбиіне қатысты нақты бір бұйрық я тыйым жоқ қой”. Сондықтан тұтынушы қай әліпбиді таңдаса сонымен жаза береміз деп отыр.

Реті келгенде ҚР жарнама туралы заңына көз жүгірттік. Аталмыш заңның 2-тарау, 6-бабының 2-тармағында былай деп көрсетілген:

Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ тілінде, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де таратылады.

Screenshot_17.jpg

Назарбаев көшесі бойындағы Сымбат әсемдік салоны “ә” дыбысын 2018 жылға дейін қаралымда болған апострофты нұсқада беруді жөн көрген

Мәселені тереңірек зерттеу үшін Тіл білімі институты мамандарымен жолықтық.

Е.Маралбек, PhD доктор, Алматы қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары:  

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы латынға көшу мәселесі бірнеше рет көтерілген болатын. 2014 жылы бұл мәселеге тағы да көтеріле бастады.  2016-2017 жылдан бастап латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиіне көшудің нақты қадамдар жасалды. Сол кезеңде біздің Институтта бірнеше әліпби жобаларын дайындады. 2017-2019 жж. Елбасының жарлығымен және ҚР Парламентінің мақұлдауымен үш түрлі әліпби нұсқасы бекітілді. Олар: диграфты, апостроф және акут әліпби нұсқалары деп аталады. Үшінші акут әліпбиі жарияланған соң, халық соны ұнатты ма, әлде бұл соңғы нұсқа деп ойлады ма, осы нұсқамен жаза бастады. Ал Қ.К.Тоқаев Ел Президенті болып сайланғаннан кейін ғалымдар мен жұртшылықтың пікіріне құлақ түре отырып, олардың ұсыныстарын ескере отырып акут әліпбиді әлі де жетілдіру керектігін айтты. Осы тапсырма негізінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Жетілдірілген жоба» деп аталатын әліпби нұсқасын дайындады. Бұны көпшілік тілтанушы ғалымдар мен қарапайым халық қолдады. Бұл әліпби бүгінгі таңда әлі де талқылану кезеңінде. Сауда орындары мен мекемелердегі латын әліпбиінің қолданылуы мен оны қадағалауға келетін болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиінің ғылыми негіздерін дайындаумен айналысады, әліпби бойынша өзге мәселелер біздің құзіретімізге кірмейді.     

 Screenshot_18.jpg

Н.Төреқұлов көшесіндегі бар. Сорақысы бұл жерде “ә” дыбысын ешқандай нұсқада болмаған  'A түрінде көрсеткен. Қалада екі жерде орналасқан. Екеуінде де дәл осылай жазылған.

Тіл білімі институты мамандарының ақпаратынан кейін біраз жайтпен қаныққандай болдық. Яғни 2016-2021 жылдар аралығында латын жобасының 4 түрлі нұсқасы ұсынылған. Ендігі алған бетіміз  Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы болды. Мекемеге ресми түрде хат жолдап, мынадай сұрақтар қойдық:

1.  Маңдайша (вывеска) жарнамасын әлі заңдық күші жоқ латын әрпімен (ҚР Жарнама туралы заңының 2-тарау, 6-бабының 1, 2 тармақтарын ескерсек) жазу қаншалықты заңды?

2.  Бүгінге дейін латын әліпбиінің  4 түрлі нұсқасы ұсынылды. Сыртқы жарнамаға соның ішінде қайсысын қолдану керек? 

3.   Не үшін тіл бөлімі немесе ономастика мамандары тарапынан патрульдік іс - шаралар жүргізілмейді. Жүргізілетін болса нәтижесімен таныса аламызба?

 7 жұмыс күн күттіріп берілген жауапта тұщымды ештеңе болмады. Ономастика бөлімінің маманы Ахат мырзаның сөзінше егер азаматтар белсенділік танытып қатемен жазылған нысанның үстінен қандай да бір шағым түсірсе мекеме қызметкерлері лезде барып шара қолданатынын жеткізді.

Көріп отырғанымыздай латын әліпбиіне көшу жоспары әзірге нақтыланбаған. Сонда да болса кейбір бизнес нысандары, мемлекеттік мекеме маңдайшалары алғашқы қадамдарын бастап, қоғамды “шаласауаттандыру” үрдісіне өз үлестерін қосып келеді. Біз бұл зерттеуімізді тек бір әріптің мысалында қарастырдық. Ал одан тыс өзге төл дыбыстарда да қателер өріп жүр. Қала билігі көштен алдын шаң шығармай осының барлығын бір ізге салса дейміз, әйтпегенде қазақ тілінің қорлануы жалғаса бермек.

Пертай НАҒАНАЙ

«Сіңірген еңбегім көп»: Назарбаев еңбегін бағаламаған халыққа ренжіді
Асанәлі Әшімов: Арыстанбек секілді іскер азаматтың жауы көп болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу