Орысша сұраққа қазақша жауап берген тұңғыш министр

Oinet.kz 02-10-2022

Screenshot_3.jpg

Осы аптадағы сәрсенбіде өткен Мәжілістің жалпы отырысында баяндама жасаған  Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан  Қыдырәлі депутат Вера Кимнің орыс тіліндегі сұрағына мемлекеттік тілде жауап берді.

Бұған дейін Бас прокурордың кеңесшісі болып жүрген кезде белгілі тіл жанашыры Нұргүл Қарағойшина ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткізген ресми брифингте орыс тіліндегі сұрақтардың барлығына қазақ тілінде жауап берген болатын. Әрине, заңдылықты қадағалайтын басты орган - Бас прокуратураның жауапты  қызметкері осылай Конституция мен Тілдер туралы заң бойынша мемлекеттік тіл мәртебесін қорғады.

Екі-үш жыл бұрын сол кездегі Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов та Орталық Коммуникациялар қызметінде өткізген ресми брифингте орыс тіліндегі сұрақтардың барлығына қазақ тілінде жауап беріп, мемлекеттік тіл мүддесін қорғаған болатын.

Ал министрдің орысша сұраққа қазақша жауап беруі Қазақ парламенті тарихында, жалпы Қазақстан тарихында тұңғыш рет болуы керек!

Бұрын депутаттың қазақша сұрағына Ресей тілінде жауап беретін Қазақстан министрлерін сынаушы едік. Енді міне, депутаттың орыс тіліндегі сұрағына Қазақ тілінде жауап берді Қазақ министрі Дархан Қыдыралы!

Негізі қазақ министрінің, әкімінің, депутатының тб мемлекеттік қызметкерлердің қай тілге болса да, қазақша жауап беруі қалыпты жағдай болуы керек. Ал біз қазақ министр орысшаға емес, қазақша сұрақтың өзіне қазақша жауап берсе, соған да қуанатын бейшара жағдайға жеттік! Ұлттық идеологиядан жұрдай болып өткен 30 жылдың қасіреті бұл!

Мемлекеттік тіл мүддесін - Мемлекет мүддесін қорғайтын осындай министрлер көбейе беруі керек!

Әділеттілікті қорғау - Әділетті Қазақстанның әр азаматының міндеті! 

Қазыбек ИСА,

Мәжіліс депутаты

Министрлік зейнеткерлердің зейнетақасын тағы да көтеретін болды
Министр мұғалімдердің жалақысын тағы да көтеріп, көптеген жақсы жаңалықтар айтты


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×