Дариға – бірінші...

Oinet.kz 20-05-2019 864

Screenshot_14.jpg

Әкімдер рейтингісінен артынша іле-шала сарапшылардың министрлерге берген бағалары да белгілі болды. Алайда, «Саясат-monitoring» агенттігі түзген бұл рейтингпен танысқан көпшіліктің аздап таңырқағаны байқалды. Министрлердің жұмыс тиімділігін бағалау мақсатымен жүргізілген бұл жолғы сараптаудың кейбір нәтижелері  бізге де күмәнділеу көрінді.

Дәл қазір Дариға Назарбаеваның дәурені жүріп тұр. Қызметке тағайындалғанына  бар-жоғы екі ай өтсе де,  рейтингтің бірінші сатысына орныққан  Елбасының үлкен қызы Үкіметттің ең беделді мүшелерінің біріне айналғаны жасырын емес. Осылай болатынын жұрт алдын-ала күткен де еді. Депутат кезінде кез-келген мәселені көтеріп, министрлерді сілкілеп алатын мінезімен танылған  Дариға Нұрсұлтанқызына қарсы шығуға Үкіметте кімнің қауқары жетеді дейсіз?  Қажет десеңіз, Дариға тіпті өзінің тікелей бастығы - премьер-министрге де жалтақтамайды. Оған іштей туламаса,  ашық түрде шамданатын Мәсімов жоқ, әрине. Әлеуметтік саланы қадағалайтын Дариға Назарбаеваның тағы бір көзірі – депутаттар тарапынан қолдау таба білетіні. Мәжілісте бірге  жұмыс атқарған халық қалаулылары басқа министрлерді сынаса да, Дариғаға тісі батпайтыны анық.

Министрлер кабинетінің құрамына кірген соң Дариға Назарбаева бірқатар кадрлық ауыс-түйістерге ықпалын тигізді. Атап айтсақ, денсаулық сақтау министрі мен дәрі-дәрмек жеткізуші «СК-Фармация» ұлттық операторының басшысы ауысты. Сарапшылар осылайша Дариға Назарбаева Үкіметтегі өз позициясын күшейте бастағанын байқапты. Алайда, шыны керек, ел-жұрт жаңа қызметке тағайындалған Дариғадан жұрт бұдан да жоғары белсенділік пен  батыл қадамдарды  күткен еді.  Неге екені белгісіз, вице-премьер атанған соң Дариға Назарбаеваның арыны бұрынғыдай емес,  біршама басылып қалған секілді.  Бәлкім, оң-солын таразылап алып, кезекті жүріс жасауға дайындалып жатқан болар... 

Министрлер рейтингісінің екінші орнына Ерболат Досаев жайғасты. Мұны енді нонсенс демеске лажымыз жоқ.  Қаржылық дағдарыс пен теңгенің құлдырауынан көптеген кәсіпорындар тұралап, соңғы жылдардағы ішкі жалпы өнімнің өсу деңгейі төмендей бастады. Жұмыссыздардың саны артуда. Инфляция күшейіп, соңғы бір айдың өзінде 5,2 пайызды құрапты. Бүкіл тауардың бағасы қымбаттау үстінде. Доллармен несие алып, қарызға белшесінен батқандар зарлап жүр, бірсыпырасы шетелге қаша бастады. Осындай қиындықтарға тап болған уақытта ұлттық экономика үшін жауапты министрдің  қалайша  үздіктердің қатарына кіргеніне таңымыз бар. Әрине, мұның барлығына жалғыз Досаев жауапты емес, әйтсе де, Ұлттық экономика министрлігі болған соң, елдегі бизнес пен әлеуметтік-экономикалық ахуалға тікелей  қатысы барын ескеру қажет. 

Алайда, бұл ретте Досаевтың жұмыс атқаруы емес, оған  маңызды міндеттің жүктелгені шешуші рольге ие болған екен. Яғни, жаңа бюджетті қалыптастыру стратегиясын әзірлеумен қазір дәл осы Досаев шұғылданып жүр. Қазір белгілі болғандай, 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетті келесі жылдың бюджет жобасында  доллардың бағамы тағы өзгертілді. Келімбетов Ұлттық банктің төрағасы болып тұрғанында  доллар бағамын  250-275 теңге көлемінде жоспарлаған еді. Досаев оны 300-ге өзгертті. Бюджет осы күйінде қабылданып кетсе, Досаевтың ұпайы тағы да арта түсетін шығар. 

Үшінші орында – Иманғали Тасмағамбетов. Әрине, «Тастың» рейтингісі әрдайым жоғары ғой. Әкім ретінде де, министр ретінде де. Алайда, биылдың өзінде әскер саласында бірқатар төтенше жағдайдың орын алғанын ұмытпайық. Каспийдегі оқу-жаттығу барысында   әскерилердің суға кетуі – бұрын-соңды болмаған қайғылы оқиға. Ал жуырда Арыс қаласының маңындағы полигонда қалдықтарды кәдеге жарату кезінде жарылғыш заттардың жарылысы орын алды. Оқиға нәтижесінде «Кәдеге жарату орталығы» филиалының технологы 1974 жылы туылған Ермұрат Иманқұлов қаза тапты. Бұған қорғаныс министрлігі тікелей жауапты, себебі оқ-дәрілерді залалсыздандыратын кәсіпорындардың жұмысын тоқтату жайлы талаптар көптен бері айтылып келеді. Соңғы жылдардағы жарылыстар бірнеше адам өліміне апарып соққанымен, бұдан министрліктегілер сабақ алар емес. Бомба жарылып, адам өліп жатқанда қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың үн-түнсіз жатуы да түсініксіз болып тұр. Соған қарамастан сарапшылар Имекеңді  үздік үштіктің қатарына қосып қойды.  

Төртінші орынға Ерлан Ыдырысовтың жайғасқанына да таңымыз бар. Шыны керек, сыртқы істер министрінің жұмысына екіұшты баға беруге болады. Бір жағынан, жуырда Елбасының бірқатар елдерге ресми іс-сапармен баруы, Англияның ханшайымы ІІ Елизаветамен, Франция президенті Олландпен кездесуі еліміздің халықаралық мәртебесін өсіре түскені мәлім. Мұнда белгілі деңгейде Ыдырысовтың  да үлесі барын жоққа шығармаймыз. Алайда, мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар ұйымы  Бас Ассамблеясының 70-сессиясында қазақ тілінде сөйлегенінде аяқ астынан аудармашының табылмай қалуына Ыдырысов тікелей жауапты екеніне ешкім дауласа қоймас. Ол аудармашы табылғанша әлем елдерінің басшылары бірнеше минут бойы күтуге мәжбүр болды. БҰҰ-ның  төрінде қазақ тілінде тұңғыш рет жасалған баяндамаға жақсылап дайындық жасай алмаған министр жазаға тартылды ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ, әйтеуір рейтингісі жоғары болып тұр. 

Бесінші позиция – бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтің еншісінде. Экономикадағы қиындықтар Үкімет жұмысын ширатуды талап етеді. Мұндайда премьердің бірінші орынбасары саналатын Сағынтаевтің ролі өсе түскендей. Президенттің жанында неғұрлым көп жүрген адамның ықпал-беделі де өз-өзімен өсе беретіні – биліктің мызғымас формуласы.  Мемлекет басшысының жұмыс сапарлары барысында оның жанынан үнемі Бақытжан Әбдірұлының табылатыны соңғының ұпайын түгендей түсетін жайт. 

Бір кездері рейтингісі жоғары болған Әсет Исекешев бірте-бірте ықпалынан айырылып келе жатқандай.  Қазір ол 8-ші орында. Алдыңғы жылдарда елдің индустриалдық-инновациялық дамуына жауап берген Исекешев бүгінде инвестицияны тарту саласына жетекшілік етеді. Инновациялық дамудың жарнамасы зор болғанымен, талай жобалардың қор болғаны, мемлекеттің қомақты қаражаты желге ұшқанын да ел ұмыта қойған жоқ. Енді Исекешевтің инвестиция тартудағы іскерлігін бақылап көрелік.  

Премьердің орынбасарларын қоспағанда, жай «замдардың» арасында Ұзақбай Қарабалиннің шоқтығы биік. Ол тіпті өзінің тікелей бастығымен үзеңгі қағыстырып келе жатқан жалғыз вице-министр. Рейтингте энергетика министрі Владимир Школьник 11-орынға жайғасса, 12-орында тұрған Қарабалин бес министрден басып озыпты. Бұл Ұзақбай Сүлейменұлының ықпалы мен беделінің әлі де жоғары екенін байқатса керек. 

Министрлер көшінің ең соңында Аслан Сәрінжіпов сүйретіліп келеді. Ол – 19-орында. Одан кейін тек вице-министрлер мен  агенттік төрағалары. Бүгінгі саяси элитада Сәрінжіповтің бар-жоғы біліне бермейтіні рас. Сарапшылар оның болашағына күмәнмен қарайтынын да жасырмайды. 

Б.Қалдыбек.

«Рейтинг» газеті, №45, 19 қараша 2015 жыл

Тамара Дүйсенова, министр: «2030 жылы 21,5 миллионға жетеміз»
Кремльдегі еврейлер кімдер?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу