«Камерун, Мозамбик бізден озып кетті»

Oinet.kz 14-05-2025 39

«Республика» партиясы Мәжілістегі фракциясының депутаты Н.Тау бастаған бір топ депутат Премьерге сауал жолдап, экологияға қатысты мәселені қозғады.

Screenshot_10.jpg

Олардың айтқандарынан түсінгеніміз, Ә.Назарбаевға тиесілі деген атышулы  «Оператор РОП»-тің орнын басқан «Жасыл даму» АҚ-ы ел күткендегідей жұмыс істей алмай жатыр. 

– Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 4 жарым млн. тонна қоқыс жиналып, оның 1 млн-нан астамы, яғни 22%-ы ғана сұрыпталып, өңделеді. Демек қалған 3,5 млн. тонна қоқыс жерге көміліп, ауаны және жерасты суларын ластайды. Мәселенің қордаланып, әлі күнге дейін шешімін таппауы – Экологиялық кодексте белгіленген өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін  орындауға қатысты нақты жүйенің жоқтығынан, соның ішінде «Жасыл даму» ақционерлік қоғамының «оператор» ретінде тиімді жұмыс істей алмауынан туындап отыр. Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, РОП операторы қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу және утилизациялау шығындарын толық өтеуі тиіс. Алайда, 2024 жылы «Жасыл даму» ұйымы жоспарланған 7,5 млрд теңгенің орнына небәрі 4,6 млн теңгеге ғана төлем жасаған. Осы секілді заңнама нормаларының орындалмауы тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы бизнестің тоқырауына, елдегі қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кәсіпорындарының жаппай жабылуына, полигондарға түсетін қалдық көлемінің артуына алып келді. Қазақстанның «жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 40%-ға жетуі тиіс. Қазіргі жағдай бойынша 2022 жылы – 25%, 2023 жылы – 24%, 2024 жылы – 28,87% құрап отыр. Осы нәтижелерге сүйенсек, алдағы 5 жылда 40% көрсеткішке қол жеткізу екіталай. Өйткені, бұрын РОП операторы 300-ден астам қалдық жинаушы кәсіпорынмен жұмыс істеген болса, қазіргі таңда «Жасыл даму» тек 32 кәсіпорынмен жұмыс жүргізуде. Айта кету керек, қазіргі уақытта көршілес Өзбекстан мемлекеті пластик қалдықтарын қайта өңдейтін екі бірдей зауыт салып, түйіршік өндіруді жолға қойған. Бұл түйіршіктерді Coca-Cola және PepsiCo өз өнімдеріне арналған пластик құтыларды жасау үшін пайдаланады. Әлемдік қалдықтарды қайта өңдеу рейтингісінде Өзбекстан 31,6 пайызбен Франциямен бірге 30–31-орындарды бөлісіп отыр. Ал, біздің еліміз 179 елдің ішінде 175-орында, қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі – небәрі 3,8%. Бізден озып кеткен мемлекеттер қатарында Непал, Камерун, Мозамбик секілді елдер бар. Бұл салада көрсеткіштерді жақсарту үшін нақты міндеттемелер керек. Елімізде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындаудың 2 тәсілі қалыптасқан. Біріншісі, өндірушілердің меншікті жүйесі және екіншісі, өндірушілердің операторға утиль төлемін төлеуі. Қазіргі күні, бірінші тәсіл бойынша өндірушілер қылдықтардың 30%- ын қайта өңдейді. Алайда, Министрлік оны 40%-ға көтеруді жоспарлап отыр. Бірақ, ешбір талдау жүргізілмеген және дәлелдемелер жоқ, – делінген хатта.

Депутаттың айтуынша, дәл қазір қоқысқа қатысты Үкіметтің стратегиясы да айқын емес. 

Серік Қонақбаев миллионерлердің тізіміне енді: Ал, Сейітжановтың рейтингісі түсіп барады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу