«Ревизор» келді...

Oinet.kz 01-10-2018 731

1558864790_0_0_2992_1684_600x0_80_0_0_949987a19690a34fb8b9b6b834d54e6c.jpg

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин 26 ақпанда бейресми кездесті. Күн жексенбі болғандықтан, мемлекет басшылары Шымбұлақта шаңғы теуіп, серуендеп қайтты. Серуендеді деген аты ғана, әйтпесе, Назарбаев пен Путин негізгі мәселені шаңғы теуіп жүріп шешкені анық. 

Бір қызығы, мемлекет басшыларының бейресми кездесуі туралы ақпаратты Ақорданың ресми сайтынан емес, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың аузынан естідік. Алматылықтар ол күні көлік кептелісінен қиналып, «қар көшкіні қаупі туындағандықтан Шымбұлақтың уақытша жабылғанын» ғана білді. 

Бейресми кездесуде не айтылғаны бізге белгісіз. Путиннің ресми келіссөз өтерден бір күн бұрын келгеніне қарағанда, Назарбаевқа оңашалап айтатыны аз болмаған сияқты. Қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде саясат та пәтуасыз. Болжам жасау қиын. Дегенмен де, Путиннің бұл келісі жәй келіс емес екені анық. 

Беларусь президенті Александр Лукашенко соңғы кезде В.Путинге өкпелеп жүр. Және онысын жасырмайды. Жасырған былай тұрсын, қатты-қатты айтады. Соңғы мәлімдемесін қараңыз, «ақшаңа да, шақшаңа да қарамаймын» дегенді анық аңғартты. Бұрынырақта «бұйдасын үзіп кетуге» тырысқан Беларусь басшысы туралы «НТВ» арнасы «Өкіл батька» деп аталатын бес сериалы деректі фильм түсірген. Фильмнің аты сөйлеп тұр. Америкалық кинорежиссер Френсис Копполаның АҚШ-тағы сицилиялық мафия туралы атышулы «Өкіл әке» фильмі есіңізде болар. «Өкіл әкенің» атын еншілеген фильмде «НТВ» да Батьканың біраз қоясын ақтарды. Лукашенконың шырт етпе мінезіне салып біраз тулағанын есепке алмасақ, мұрты қисайған жоқ. 

Соңғы мәлімдемесінде Ресей президенті Владимир Путинге қатысты ауыр сын айтты да, «тағы да «Батька» туралы фильм түсірсеңдер де мейлі» деп бір-ақ кесті. 

20 ақпан күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь басшысы Александр Лукашенко телефонмен сөйлесті. Лукашенконың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұсыныс Қазақстан тарапынан жасалған. Яғни Лукашенкоға Назарбаев телефон соққан. 

«Қазақстан президенті Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының арасында туындаған қиын-түйін мәселеге алаңдады. Сондай-ақ ол барлық мәселе одақтың өз ішінде шешілетініне сенетінін айтты» деп хабарлады Лукашенконың баспасөз қызметі. Ал Қазақстан президентінің ресми сайты «мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың одан әрі дамуын сөз етті» деп сипай қамшылап қойды... 

Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь басшысына Владимир Путиннің өтінішімен телефон соғуы мүмкін бе? Әбден мүмкін. Н.Назарбаев кейбір халықаралық мәселеге байланысты араағайындық жасап жүр. Араласқан істерінің кейбірін шешті де. Путин біреуді араға салып, Лукашенконың бетін қайтарғысы келсе, Назарбаевтан артық адам таппайды. 

Путин Лукашенкоға томсырайып қалғандай. Өткен аптада Батька жеке шаруасымен Сочиге барғанда Путин онымен кездеспеді. «Владимир Путин Лукашенкомен кездесуді жоспарлап отырған жоқ. Путиннің жұмыс кестесі өте тығыз» деді Дмитрий Песков. 

Ресейлік «ТАСС» ақпарат агенттігінің жазуынша, Ресей мен Қазақстанның арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері (1992 жылдың 22 қазаны) Ресей президенттері Қазақстанға 37 мәрте ресми және жұмыс сапарымен барған. Борис Ельцин 2 рет, Дмитрий Медведев 12 рет, Владимир Путин 23 рет сапарлапты. Путин премер-министр ретінде де үш мәрте – 1999 жылдың қыркүйегінде, 2008 жылдың қазанында және 2009 жылдың мамырында Қазақстанға келген. 

Путиннің 27 ақпандағы сапарының «ТАСС» жазған ресми дерегі мынадай: «Ресей президентінің бұл сапары екі ел арасындағы дипломатияның 25 жылдығына негізделген. Ресей президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты байланыс мәселесін талқылады. Энергетика, ғарыш және сыртқы саясат пен еуразиялық интеграция да сөз болды». 

Ақорданың ресми сайты Путиннің бұл келісін біршама толықтырып берді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ресейлік 7 мың кәсіпорын жұмыс істейтінін, ЕЭО аясында құны 3 миллиард доллар болатын 41 келісімге қол қойылғанын жазды. Ал Путин Назарбаевқа Сириядағы қақтығыстарды тоқтату мақсатында Астанада келіссөз жүргізгені үшін алғыс айтқан. 

Ақпанның 28-і күні Душанбеге барған В.Путин Эмомали Рахмонды «Александр Невский» орденімен, сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловты «Достық» орденімен марапаттады. 

Тәжікстанда Ресейдің әскери базасы орналасқан. Стратегиялық маңызы бар аймақтан әскери базасын қозғамау үшін Ресей президенті аянбайды. 

Орденді де аямайды. Әскери базаның аймақтағы және Тәжікстанның өз ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуші күш екеніне сендіріп бағады. 

Душанбеден соң Бішкекке барған В.Путин қырғыз басшысы Алмазбек Атамбаевқа доқ көрсеткендей болды. Мәселе Қанттағы әскери базаға қатысты. «Егер Қырғызстан «біз қарулы күштерімізді күшейтіп алдық, енді бізге мұндай база қажет емес» десе, біз сол күні кетеміз» деді В.Путин. 

Қырғызстанда ондай қауқар қайдан болсын? Айтқысы келсе де, Атамбаев мұны айта алмайды. Путин келерден екі күн бұрын оппозиция серкесі Омурбек Текебаев қамалды. «Путиннің көңіліне келетін сөз айтуы мүмкін» деп сескенсе керек. 

«Қырғызстандағы төңкерістерге нүкте қойылды» деп мәлімдеген А.Атамбаев В.Путиннің алдында біраз лепірді. «Екі төңкерістің де көшбасшысы Атамбаев болды. 2005 жылы Ақ үйді алған колоннаны Атамбаев басқарды. 2010 жылы Қырғызстанның наразы халқы Атамбаевтың кеңсесінің алдына жиналды. Сондықтан, үшінші төңкеріс болса... мен енді ондай төңкеріс жасамаймын» деп күшенді. 

Осылайша «Ревизордың» Орталық Азия мемлекеттеріне жасаған екі күндік сапары аяқталды. Путиннің бұл келісін бір-ақ ауыз сөзбен түюге болады: АҚШ пен Еуропадан әлдене дәмету – қысыр сиырдың уызын аңсаумен тең. Сондықтан, билік ауысуы алдында тұрған Орталық Азия мемлекеттерінен айырылып қалмау үшін сояу тырнағын бұрынғыдан да батыра түсу қажет. Әсіресе, Қазақстанға... 

Досым Сәтбаев, саясаттанушы: 

– Ресми дерекке сенсек, Путин Алматыға халықаралық мәселелерді, оның ішінде Сириядағы жағдайды талқылауға келген. Алайда, ашық әңгімені галстук тағынып емес, Шымбұлақта шаңғы кастюмін киіп алып өткізгенге ұқсайды. Халықаралық мәселелерден бөлек, Қазақстандағы билік өкілеттілігін бөлісу мен мұрагерлік Кремльді қызықтырмауы мүмкін емес. (Ratel.kz.) 

Айдос Сарым, саясаттанушы: 

– Жақында бас прокурор барлық полиция бөлімдерінде тергеу жүргізу үшін мөлдір шыныдан жасалған бөлме жабдықтау туралы ұсыныс айтты. Жақсы бастама. Менің де ұсынысым бар: Путинмен болатын кездесулердің бәрін қолжетімді, мөлдір, жария режимде өткізу керек. 

Оның бейресми әр сапары бізге оңай тиіп жатқан жоқ: не Еуразиялық экономикалық одақ, не кен орны немесе тағы зиянды бірдеңе. 

Мазамызды қашырды әбден. (Фейсбук) 

Ерік Рахым, 

«Рейтинг» газеті №8, 2 наурыз 2017 жыл

Арман Жетпісбаев Өмірзақ Шөкеевтің шәкірті ме?
Қуаныш Айтахановтың қызметі кімге бұйырады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу