Өзбекстан ауызашарға тыйым салса, шешен елі...

Oinet.kz 07-08-2019 1459

Screenshot_9.jpg

Ел жамағаты ауызашарды өз үйлерінде даңғазасыз атап өтуіне болады. Еске сала кетейік, Өзбекстанға ифтарға тыйым салу 2014-2015 жылдары енгізілген. Өткен жылы Өзбекстан мешіттерінде ұзақ жылдардан бері бірінші рет ауызашар жасауға рұқсат берген. Енді бұл жолы қайтадан тыйым салынып отыр. Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары шейх Абдулазиз Мансұрдың сөзінше, мұндай ұсыныс исламның тарихынан бері болған. "Біздің пайғамбарымыздың заманында ифтарды кешкі ауызашарға ас таппаған адамдарға арнап дайындаған. Алайда біздің заманда бұл бір той-думанға айналып кетті. Сол себептен де біз жергілікті әкімдікке тыйым салу жөнінде ұсыныс жасадық. Бұл жылы мейрамханаларда және қоғамдық тамақтану орындарында ешқандай ифтар болмайды", – деп хабарлады шейх Абдулазиз Мансұр. Мұнан бөлек Өзбекстан билігі жастарды әртүрлі діни ағымдардың жетегіне еріп кетпеу үшін жаппай намаз оқу орындарына жіберуге тосқауыл қойған.

Ал, шешен елі керісінше халыққа қайырымды іс жасамақ. Ахмат Қадыров атындағы қайырымдылық қоры қасиетті Рамазан айында Сирия аумағында ауызашар мерекесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл жайында шешен елінің басшысы Рамзан Қадыров пен қордың вице-президенті Зияд Сабсаби арасындағы кездесуде талқыланған. Қадыровтың айтуынша, ауызашар дастарханы күн сайын 20 000 жанға арналып жайылатын болады. Осылайша, ай аяғына дейін Шешенстан мемлекеті қасиетті Рамазан айы кезінде 600 мың сириялыққа ауыз аштырады. Сондай-ақ, қор қолдауымен жақын арада Дамаск қаласында әйелдер мен қарттарды, балаларды тегін қарайтын медициналық бөлімше ашылмақ. 

Діни көзқарасқа қатысты мәселе айырқалпақты ағайындар арасында да көтерілген болатын. Қырғызстанның Жогорку Кенеш депутаты, «Онугуу-Прогресс» партиясының өкілі Тазабек Икрамов жұма күннің жұмыс уақытын бір сағатқа созуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл күні мұсылмандардың жұма намазға баруына қызметі кедергі болмауы керек. Депутаттың бұл бастамасын қолдаушылар аз болмапты. Нәтижесінде Еңбек кодексіне түзету енгізу туралы ұсыныс Жогорку Кенешке жолданған.  «Қырғызстанның зайырлы ел екеніне қарамастан ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері ел тұрғындарының арасында ислам дінін ұстанушылар саны еселеп өсті, бұл діннің халық ішіндегі ролі де артып отыр. Ел тұрғындарының 85 пайызы бүгінде мұсылмандық жолымен жүріп, парыздарын орындап жүр. Осындай парыздардың бірі - жұма намазға барып, құлшылық ету. Бұл аптаның жұмасында түскі ас уақытында орындалатын діни рәсім. Мешіттерге бару үшін қызметкерлер жұмысқа кешігуге мәжбүр. Мұның соңы кейде сөгіспен, кейде жұмыстан шығарумен аяқталып жатады», - дейді депутат Тазабек Икрамов. Сондай-ақ депутат бұл күні түскі ас уақытын бір сағатқа созып, есесіне кешкі жұмыс уақытын да тиісінше ұзарту керектігін айтады. Яғни, бұған дейін жұмыс уақыты 18:00-де аяқталса, жұма күні қызметкерлер 19:00-де дейін жұмыс істеуі керек.

Диас Нұркенұлы, 

«Рейтинг» газеті №22, 9 маусым 2016

Бала сату бизнесі: Дәрігерлер мен АХАЖ қызметкерінің қылмысы дәлелденді
Уәли Қыдыр: «Ұлым да журналистиканы таңдады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу