Қазақ қоғамындағы билер институты және оның тарихи сабақтастығы
Қазақ даласында хан – әскер, батыр – қорған, ал би – әділдік пен келісімнің кепілі болды. Билер институты тек сот емес, заң шығарушы, дипломат, дағдарыс басқарушысы ретінде төрт ғасырдан астам ұлттың тұтастығын сақтады.

Еңсегей бойлы ер Есім хан тұсында Ұлы жүздің тізгінін ұстаған Құдайберді би Қожамбердіұлы әулетінің мысалында бұл дәстүрдің «дәстүрлі билік – рухани қызмет – кеңестік интеллигенция – қазіргі символдық капитал» жолымен қалай жаңғырғанын көрсетеміз.
1. Би – лауазым емес, халықтың сенімі
Дәстүрлі қазақ қоғамында билік үш тұғырға сүйенді: хан соғысты басқарды, батыр елді қорғады, би дауды шешіп, елді ұйыстырды. Би болу үшін шежірені білу, әдет-ғұрыпты меңгеру, сөзге шешен болу аздық етті. Ең бастысы – халықтың мойындауы. Ресми мұрагерлік болмаса да, билік әкеден балаға «мәдени капитал» болып өтті. Бидің баласы жастайынан сотқа қатысып, сөз саптау, ел билеу өнерін үйренді. Осы «әлеуметтік мұрагерлік» институттың өміршеңдігін қамтамасыз етті.
Ұлы жүзде бұл дәстүр ерекше сақталды. «Ұлыс бегі» атадан балаға қалды, бірақ тек қабілетті ұрпаққа ғана бұйырды. Төле би әулетінің он бір ата бойы үзілмей би болуы – соның дәлелі.
2. Төле би: соттан биік тұлға
Билер институтының шыңы – Төле би. Ол тек дау шешкен жоқ. Ташкент пен Шымкент маңына арық қаздырып, егіншілікті дамытты. Керуен сарай салдырып, сауда жолын қорғады. Бұхар, Хиуамен келісім жасасты. Қалмақ, қырғыз, өзбек әулеттерімен құдандалық арқылы Ұлы жүздің оңтүстік шекарасын бекітті. Жоңғар шапқыншылығында халықты көшіріп, жасақ жинап, азық-түлікті бөлді. Қысқасы, би «дағдарыстық менеджер» болды.
«Жеті жарғы» да – үш жүздің билерінің ортақ еңбегі. «Қанға - қан» деген ескі ғұрыпты «құнмен» алмастырып, дала заңын ізгілендірген де солар. «Төле би мен Тәуке хан» деген сөз содан қалды.
3. «Қарашоғыр» деген миф қайдан шықты?
Соңғы 50 жылда Төле би туралы жазылғанның көбі «Тоғыз ұлды Құдайбердіден Төлеге дейін би де, бай да шықпаған» дегенді қайталайды. Алайда Қазанғап Байболұлының жырлары мен Бекасыл әулиенің «Жаныс шежіресі» басқа дерек береді.
Құдайберді би 1620 жылы Есім ханның ойратқа жасаған жорығында Ұлы жүзді бастаған. Орта жүзді Шаншар, Кіші жүзді Жидебай би бастапты. 1627 жылы Құдайберді дүниеден өткенде, орнына баласы Әлібек «ұлыс бегі» сайланған. Есім ханның өзі Әлібекке көңіл айтып, «Бастан құлақ садаға» деген сөзді сол айтқан. Ауылдағы қатардағы би ханмен мәжілістес бола алмайды. Демек, Төле би билер әулетінде, саяси элита ортасында өскен.
«Әлібек жарлы бопты» деген сөз оның кедейлігін емес, адалдығын көрсетеді. 1627 жылы Есім хан Тұрсынды жеңген соң әскеріне Қатағанды тонауға рұқсат берген. Әлібек «арамнан жемейік» деп бас тартқан. Би жиын-тонауда жүргенде малға бауыры Тоқпан ие болған. Бұл – қазақ ғұрпына сай.
4. Құдайберді әулеті: төрт ғасырлық сабақтастық
Билер институтының қалай трансформацияланғанын бір әулеттің тарихынан көруге болады:
XVII–XVIII ғғ. Дәстүрлі билік.
Құдайберді би – Есім ханның тұсындағы Ұлы жүздің биі, елші. Баласы Әлібек – оның ізбасары. Немересі Төле – үш жүзге би.
XIX ғ. Рухани қызмет және бейімделу.
Би әулеті медресе ашып, ислам білімін таратты. Бекасыл әулие сияқты ғалымдар шықты. Патша отарлағанда «болыс-би», «съезд-би» болып, халық пен әкімшілік арасына дәнекер болды.
XX ғ. Кеңестік интеллигенция.
Билер соты тарағанымен, әулеттің балалары оқып, дәрігер, мұғалім, инженер, заңгер болды. Шешендік – трибунаға, әділдік – прокуратураға, ел билеу – шаруашылық басшылығына айналды. 1906 жылы Досалы бидің орыс отаршыларына қарсы шығуы – дәстүрдің соңғы жаңғырығы.
XXI ғ. Символдық капитал.
Бүгін би жоқ. Бірақ «үш бидің жолы», «Төле бидей әділ бол» деген сөз бар. Медиация туралы заң, Ақсақалдар кеңесі – сол дәстүрдің жаңа түрі.
5. Саңлақ жазығы: ұмытпау үшін
1627-1628 жылдары Есім хан мен Тұрсын сұлтан текетірескен Саңлақ жазығында мемлекет ыдыраудан аман қалды. Оған Есім хан, Құдайберді би, Алатау батыр, Жиембет жырау себепкер болды. 2027 жылы осы оқиғаның 400 жылдығында Сайрамсу мен Балдыбірек түйіскен тұсқа төрт тұлғаға ортақ мемориал қою – ұлттық бірліктің белгісі болар еді.
Архитектуралық шешімін тапса мемориалды Қазығұрттан да, Қаратөбеден де, Дәубабадан да көруге болады. Ескерткіш жас ұрпаққа «Руды білу - міндет, Руға бөлу - індет» деген қағиданы күнде еске салып тұрар еді.
6. Неге билер ханнан күшті еді?
«Хан баласында қазақтың хақысы бар» деп Әлихан Бөкейхан айтқан. Тарихта Тақыр хандай елді аздырғандар да болды. Сол кезде елді билер ұстап қалды. Билер болмаса, қазақ деген ұлт әлдеқашан жойылып кетер еді. Сондықтан «қайда барсаң үш би» деп күңірену – тарихты білмеу.
Билер «ақылға салып, әділдікке жүгінді». Бүгінгі медиация, келіссөз, жергілікті өзін-өзі басқару – сол жолдың жалғасы.
Түйін
Билер институты – қазақтың өзін-өзі басқару моделі. Ол төрт ғасырда төрт рет түрленді, бірақ өлген жоқ. Құдайберді биден бастап Досалы биге дейінгі әулет тарихы – соның айнасы. Ендігі міндет – сол дәстүрді заманға сай жаңғырту. Саңлақ жазығындағы ескерткіш – осы жолдағы алғашқы қадам. Қазақ тарихын жат ел жазды. Зардабын әлі тартып келеміз. Енді өз тарихымызға өзіміз ие болайық. Сонда ұрпағымыз шетел архивінен өзін іздемейтін болады.
Дереккөз:
Қазанғап Байболұлы - «Төле бидің тарихы»;
С.Зиманов - «Қазақтың билер соты»; «Бәйдібек баба-Алып бәйтерек» шежіресі.
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
тарихшы, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері
Түркістан мен Шымкент өңірінде 1677 би бар
Мәжілісте Нартай Аралбайұлы. Айдос Сарым, Ұласбек Сәдібекұлы бастаған депутатар Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады. Мәселе соңғы уақытта ауыл-ауылда жұмыс істеп жатқан билер алқасына қатысты.
- Мәселені мақұлмен емес ақылмен шешуі тиіс билер институты хақында. Бұрын «қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жегенін тарихтан там-тұм ақпары бар адамның бәрі біледі. Бірақ бүгінгі билердің бағыты қалай? Қазақ «Әділ бидің елін дау араламайды» дейді. Алайда «би», «билер» деген статусты таңып алған талайдың тірлігі қоғамды қақ жарғаны болмаса бітімге шақырмады. Осы тұста Мемлекет басшысы бекіткен «Заң мен тәртіп» қағидаты ағайынның арасын ала тайдай бүлдіруге түбегейлі қарсы екенін ескеру керек. Мәселен, өздерін билер алқасы деп атайтын бір топтың «ата-бабамыздың күнәсі үшін кешірім сұраймыз» деп ақ боз атты құрбандыққа шалған бейнежазбасын көріп жаға ұстадық. Ғайыппен арадағы порталдың есігін жабамыз дегендердің әрекеті есікті қайдам елдің есін алды, артынша ағайын мемлекеттік органдарға арыз жазған еді. Бірақ одан нәтиже болмады. Немесе өзін «билер ұйымының мүшесімін, заңгермін» деп таныстырған адамды адвокат ретінде жалдаған азаматша артынша «алдандым, ол адамның лицензиясы да жоқ екен» деп арызданғаны елдің есінде. Көпке топырақ шашпаймыз, алайда аталған ақпараттар бұрын «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп адалдығы алдыға шыққан билер институтының абыройын бүгін кім көрінген жамылып кеткен жоқ па деген мәселені көтеруге мәжбүрлейді. Қазір Қазақстанда 3 республикалық, 17 жергілікті билер ұйымы бар. Мүшелері де мыңдап саналады. Мысалы, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 8385 мүшесі бар билер ұйымдары тіркеліпті. Оның 1677-сі би болып сайланған. Бұл тек екі аймақтан алынған ресми ақпарат,--деген депутаттар «билер», «билер кеңесі», «бас би» сынды терминдер қолданылатын ұйымдардың «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңды қаншалықты сақтап жұмыс істеп жатқанын тексеру керектігін алға тартып отыр.


