Гауһар Әлімбекова, әнші: «Бала күнімде бір өліп, тірілгенмін»

Oinet.kz 21-07-2017 964

Screenshot_10.jpg

Балалық шақ  үлкен мұхиттай  тұнық өмірдің  шағын ғана бір бөлігі. Бірақ осы шағын  бөлік қаншама тамаша сәттерге толы. Сіздердің арқаларыңызда тамаша  күндерімді  есіме алып отырмын. Мен бала күнімде өте пысық болып өстім. Өзімнен үлкен алты ағам бар еді. Олар, әрине ер балдар болғаннан кейін үйдің тірлігіне жоқ еді. Сол себепті мен екінші сыныптан бастап тандырға нан жауып, ет асып, тамақ істедім. Жалпы, мен үй шаруасына бейім адаммын. Егер әнші-сазгер болмағанымда күйеуін күтіп, бала-шағасына қарайтын нағыз қазақы әйел болатын едім. Кейде біреулер бойымнан жақсы қасиет көріп жатса, оны-анамның тәрбиесіне балаймын, ал керісінше, кемшіліктерді өзімнен іздеймін. Өнерде де, өмірде де пір тұтатын адам- ол менің анам. Кейде марқұм анама таң қалатын кездерім көп болатын. Ол кісі түнгі екіде ұйықтаса да таңғы бесте тұрып тірліктерін істейтін. Мен анамдай еңбекқор адамды көрген емеспін. 

Бала кезімдегі бір оқиғамен бөлісейін.  Бір жасқа енді толатын кезімде қатты ауырып бір өлімнен  қалған кезім болған. Ата-анам дәрігерге апарып әбігерге түсіпті. Дәрігерлер «қызыңыз өмір сүрмейді, барлығына дайын болыңыздар» депті. Сол кезде  әкем қатты қайғырып: «жерлеуге бармаймын, жүрегім шыдамайды», деген екен. Қатты науқастанып қалған мені барлығы өлдіге санап,  жерлеуге дайындалып жатқанда мынадай ғажайып оқиға болған. Әлсіреп жатқан мен кенет есімді жиып,  анамның қолындағы сүтті ішіп қойыппын.  Өз-өзіме келгенде анам қатты  қуанып  «ГауҺар жазылып кетті, сүт ішті» деп айқайлап,  әкемді бір қуантқан екен.  

Бала кезімде ағаларым мені көп ренжітетін. Бірде кір жуып жатқан кезімде Әуезхан есімді ағам келіп маған «сопақбас, мына кимімді жуып қойшы» дегені әлі есімде. Сондай сәттерде  жылап қалатынмын. Анам болса «тағы да жылап отырсың ба?» деп күлетін. Кішкентай кезімде тым ерке, жылауық болыппын. Қазір есіме түсіп кетсе, бір күліп аламын. Әкем марқұм мені өте ұзақ күтіпті. Мен дүниеге келгенде сүйінші сұраған алғашқы адамға алтын сағатын сыйға тартқан. Кілең ер-жігіттерден кейін туылған жалғыз қыз болғандықтан әкем мені еркелетіп өсірді. Айтқанымның барлығын  орындайтын. Алайда, анам қатал  болды. Мені  еңбекке бейім қылып тәрбиелеген сол кісі. Бір ғана орындалмай қалған арманым ол - ата-анам қазіргі сәттегі менің жетістіктерімді  көрмей кетті. Кейде өзегімді оларға жақсылық көрсете алмадым деген өкініш өртейді. Егер қазір ата-анам тірі болғанда оларға бұл әлемдегі барлық қызықты көрсетер едім, деп іштей ойға батамын.

Анам бізді бауырмашыл етіп тәрбиелеген. Бойымда сол тәрбие қалыптасқан,  осыған орай ауылдағы бауырларыма көмектесуді жөн санаймын. Даңғаза, дабыра тірлік маған жат. Жақында бір журналист маған: «Неге коттедж үйде тұрмайсыз,  атағыңызға сай киініп, жарқырап жүрмейсіз бе?» деген сұрақтар қойды. Құдайға шүкір, әуелі – Алланың арқасында, екінші – өзімнің азды-көпті табысымның көмегімен алған үш бөлмелі үйім бар. Мен ешқашан біреуге көрпе болып төселіп, «аюға – апа, қасқырға – көке» деп, жарамсақ жан бағушылыққа барып көрмеген адаммын. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрген күнім жоқ. Оның үстіне коттедж үйі жоқ екен деп, мені ешкім жазғырмайтын шығар… Менің коттеджім,  бар дәулетім – ол  бауырларым. Өзім жарқырап ал бауырларымның жұпыны жүргені менің табиғатыма жат нәрсе. 

​Рахман Омар, актер, тележүргізуші: «Атам айтқандай «жынқуған» оқуға түстім»
Қайрат Сарымсақов: «Анамның ақылымен таэквондоны таңдадым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу