Жанар Оспанова: «Науқастың сырқатынан айығуы дәрігерге ғана байланысты емес»

Oinet.kz 17-12-2017 1107

Screenshot_35.jpg

Жанар Оспанова, ОҚО Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері

– Жанар Мықтыбекқызы, сіз қазір бір ауданның бас дәрігерісіз. Егер медицина маманы болмағаныңызда қанй қамандықдық таңдаған болар едіңіз?

– Менің басты арманым дәрігер болуы емес еді. 6-7 сыныпта оқып жүргенімде құқық саласында қызмет етсем, сот, прокурор болсам дейтін едім. Есімде, 9-сынып оқып жүргенімде анам қатты ауырып, біраз емдеу мекемелерінің табалдырығын тоздыруымызға тура келді. Сол кезде «анамды енді ауыртпауға тырысамын, ауырған жандарды өзім емдеймін, дәрігер боламын!» деп шешіп, өз-өзіме серт бергенмін. Солай арманым өзгерді. Серттен таймай дәрігер болдым. Кім біледі, анам болмаса, құқық қорғау саласында жүрер ме едім...  

– Енді өзгерген өміріңізге өкінбейтін шығарсыз. Кәсіби карьераңыз қалай басталды?

– Әрине, «Өткен іске өкінсем,  өмірім – зая» деп Абылай ханның жақын серігі болған қазақтың төкпе ақыны – Шал ақын айтпақшы, өкінген кезім болған емес. Анамды себепкер еткен, Құдайдың маған берген тағдырымның сыйы осы шығар. Кәсіби карьерам, осы саладағы дәрігерлік еңбек жолымды 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында терапия факультетінің ассистенті ретінде бастадым. Сонымен қатар ішкі аурулар кафедрасының оқытушысы қызметін 7 жыл қоса атқардым.

Ал, Шардараға 2009 жылы жолдасымның жұмыс бабымен ауысып келдім. Шардара аудандық емханасында сол жылдың 21-қыркүйегінде аймақтық терапевт болып болып орналастым. Бір айдан кейін аудандық терапевт болдым. Содан тоғыз айға жуықтағанда аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. 2013 жылдың 27-желтоқсанынан бастап бас дәрігер қызметін атқарып келемін. Осы ұжымға жетекшілік жасағаныма 8 жылдан асыпты ғой. Бұл маған білдіріген сенім екенін жақсы білемін, әрине. 

– Өз кәсібіңізде мамандығыңыздың қай жағы көбірек ұнайды?

– Медицина – өте күрделі, әрі жауапкершілігі мол сала. Медицина мамандығын таңдап, Гиппократ антын қабылдағандықтан маған бірінші кезекте науқастарға көмек беру, емдеу ісі көбірек ұнайды. Басшылық қызметте жүріп медицина саласының дамуына, аудан халқының медициналық көмекті тиісті жоғары деңгейде, сапалы алуына баса назар аударамын.   

Басқару, ұйымдастыру халықтық менеджмент факультетін оқып, айналысқалы бері ұйымдастырушылық мамандыққа қызығушылығым артты. Осы бағытта көп нәрсе істегім келеді. Мекемеаралық, сектораралық әкімшілікпен жұмысты бірлесе күшейтіп, халықтың медициналық сауаттылығын жоғарылату арқылы адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті арттырсақ әлдеқандай жақсы болар еді. 

– Медицина мамандары Гиппократ антын Құран сөздеріндей қастерлейді. Сіздің оған көзқарасыңыз қалай?

– Гиппократ антын қабылдау деген бұрыңғы Кеңес заманынан келе жатқан салтанатты рәсім ғой. Медициналық оқу орнын бітіріп, «мен дәрігер атандым» деген рәсім. Ең бастысы – адамға жамандық жасамау, көмектесу. Дәрігер «мен былай жасаймын, мен мынадаймын» деп тұрып, іс жүзінде бүлдіріп, науқасқа зиянын тигізсе не болады? Ондай дәрігерден антты да, басқаны да сұрай алмайсың. Сұраудың маңызы да болмай қалады. Жалпы, дәрігердің өз мамандығының нағыз иесі екенін сөзімен емес, ісімен дәлелдегені дұрыс. Бірақ, сіз айтқандай, қасиетті Құран сөздерімен салыстыруға болмайды. Дәрігер үшін басты парыз – адамға жақсылық жасау, дәрігерлік құпияны сақтау, барлық іс-қимылдарын этика қағидаларына сай жасау. Өз басым кез-келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда міндетімді бұлжытпай орындаймын. 

– Пациенттеріңіз көп шығар, оларға көбіне нені түсіндіргіңіз келеді?

– Барлық пациентіме әр адам өз денсаулығына өзі жауапты екендігін түсіндіргім келеді. Қандай аурудың болсын алдын алып, дәрігерге қаралғанда ерте сатыда анықталса, кез келген дерттен толық айығуға болады. Көбіне науқастар ауруы асқынған кезде келіп, дәрігерлерден ғажайыпты талап етеді. Соның салдарынан дәрігер мен науқастар арасында келеңсіз жағдайлар туындайды. 

Ауданымыздың әрбір тұрғыны өз денсаулығына, жеке басына деген жауапкершілікті арттырса,  медициналық сауаттылықты жоғарылатуға көңіл бөлсе, дәрігерлерді Алланың жаратқан пендесі деп қабылдаса, қазіргі денсаулық сақтау саласына еніп жатқан жаңалықтарды түсінушілікпен, позитивпен қабылдаса, әсіресе отбасылық психология санасын күшейтіп, саламатты өмір сүруге өз үлестерін қосса, халықтың жалпы өмір  сүру ұзақтығын 80 жасқа асыруға мүмкіндік туар еді. 

– Сіздің ойыңызша жақсы дәрігер қандай болуы керек?

– Жақсы дәрігер – қарапайым, жақсы мінезге бай, сабырлы, төзімділікті бойына терең сіңірген, мәдениетті, адамгершілік қасиеттері басым адам. Әр дәрігер алдына келген адамның мәселесіне үңіліп, көмектесейін, жағдайы жақсы болсын деп жұмыс істеуі керек. Әрине, білім бірінші орында. Білімі шала медицина маманы ешқашан жақсы дәрігер болмайды.

– Ауруханаға жаныи қиналып жеткізілген адамның қайсысы болмасын бір отбасының мүшесі, тіпті асыраушысы болуы да мүмкін. Жалпы сондай қиын сәттерде емдеу ісінде бойыңызды қорқыныш билеген кез болды ма?

– Қорқыныш сезімі әрбір дәрігерде болуы керек. Бірақ оны сенімсіздікпен шатастыруға болмайды. Менде де болған. Интернатураны бітіріп, жұмысқа алғаш дәрігер болып кіріскен күні, өзім жеке палата алып науқастарды бірінші рет тексеруге барған кезде бойымды кішкене үрей биледі. Қалай болар екен, бәрі маған Құдайдай сеніп, көздері жәутеңдеп жатқан кезде бұлардың диагнозын нақтылап қоя аламын ба, жоқ па? Осындай сан сауалдар мазалап, жан-дүниемнің астан-кестеңін шығарғанын жасырмаймын. Бірақ, онымды ешкімге сездірмеуге тырысып, өзімнің қобалжуымды басып, «Мен оқыдым ғой, әрі қарай да оқимын. Дәргермін, науқастардың диагнозын анықтай аламын, емдеймін, сауығып шыққанша медициналық көмек көрсетемін» деп, қорқынышымды мақсатыммен жеңгенмін. Маған сенім артып тапсырылған қызмет соның нәтижелі жұмысы деп ойлаймын.

– Жұмысыңызда не жаныңызды жадыратады?

– Жұмыста мені жадырататын жағдай көп, соның ішінде ең бастысы – топтық, ұжымдық бірлескен жұмыс жүргізу. Ұжым мүшелерінің көңіл-күйі көтеріңкі, жұмысқа деген талпынысы жоғары болса, әрқайсысы медициналық көмек көрсетуге ынталанып тұрса, әркім өз міндетін адал атқарса, бұдан артық не керек? Ауруынан айыққан адамдардың алғысын естігенде жанымның жадырап сала беретін де жасырмаймын. Жылы сөз жақсы ем ғой. 

– Жұмысыңызда ең қиын нәрсе не?

– Енді мен үшін қиын нәрсе жоқ. Себебі жұмыстағы басқару жүйеі мен үшін оңай әрі жеңіл, оны үлкен құлшыныспен орындаймын. Қиыншылықтар кездеспеді дей алмаймын. Бірақ, кез-келген мәселенің шешімі бар, табуға болады. Ең бастысы – ұжымның ауыз біршілігі бұзылмасын деп тілейік. Бізде ондай болған емес. Соны болдырмауға тырысамын. 

– Адамға ем қонуы оның көңіл күйіне байланысты деген пікірмен келісесізбе?

– Келісемін. Науқасқа дәрімен қатар, психологиялық көмекте көрсету қажет. Клиникалық тәжірибелер, адам жанының ызалануы, қайғыру, ой соқты болу, уайымдау, үрейлену сияқты жағымсыз көңіл-күйлері меңдеп алып, ол толық бейнеленіп шықпаса, денсаулыққа аса зиянды болатынын, тіпті, дертке шалдықтыратынын дәлелдеген. 

– «Аудандық аурухана дәрігерлері ештеңе білмейді, Шымкентке апарайық» дейтіндерді жиі естиміз. Бұған не себеп? Шындығында солай ма? Әйтпесе облыс орталығындағы емді ауданда да жүзеге асыруға болады ғой. Осындай келеңсіз ұғымнан қалай, қашан арыласыздар?

– Қазіргі кезде Қазақстан бойынша барлық медициналық мекемелер бірыңғай емдеу диагностикалық хаттамаларын пайдаланады. Яғни,   науқасқа ем облыс орталығында қалай жүргізілсе, шалғай аудандарда да солай жүргізіледі деген сөз. Бүгінгі таңда облысымыздағы білікті басшылардың арқасында қымбат медициналық құрылғылар аудан орталықтарына да орнатылып, тұрғындарға қолжетімді болуда. Ал сіз айтып отырған сенімсіздіктер дәрігер ісіне ғана байланысты емес деп ойлаймын. Демократия деген осы екен деп, аузымызға түскенін айта беруге болмайды. Сондай бейпіл сөздер көп айтыла берген соң теріс көзқарастар қалыптасады. Дәрігер мың адамға емдесе, соның ішінде ауруынан айыға алмай қалатындары да болуы мүмкін. Сол үшін емдей алмайды деп жазғыру дұрыс емес. Емнің қонуы 20 пайызы ғана дәрігерге, 80 пайызы науқастың сеніміне байланысты.  Сондықтан ондай оғаш, орынсыз пікірлерден арылу үшін алдымен тұрғындардың халықтың медициналық сауатын арттыруымыз, медициналық мәдениетін арттыруымыз қажет. Бұл тұрғыда бізге қоғамдық көзқарасты қалыптастыруда сіздердің көмектеріңіз ауадай қажет. 

– Сіз басқаратын аурухананың 5 жылдан кейін қандай болатынын елестете аласыз ба?

– Менің ойымша өте жоғары деңгейде болады. Ауданда 2017-2018 жылдарға 8 мекемеге күрделі құрылыс жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Келесі жылдың соңына дйеін толық бітеді. Одан бөлек, Денсаулық сақтау басқарма басшысының қолдауымен бүткіл ғимараттардың барлығы түгел 2019-2020 жылға дейін күрделі жөндеуден өткізіледі. Құрылыс жобасы нақтыланған үш қабатты жаңа емхана ғимаратын салыну жоспарлануда. Бұл құрылыс 2018 жылдың соңына дейін аяқталса деген үмітіміз бар. Жаңа емхана заманауи медициналық құрал-жабдықтардың барлығымен қамтылады. Әрине, мамандардың біліктілігі соған сай жоғары болуы керек. Бұл халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Сол себепті 2018 жылға мекемемізде үлкен жоспар түзіліп, барлық бейінді мамандарды Астана, Алматы қалаларындағы медицина орталықтарына, жақын шетелдерге оқуға жіберіп, біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда біздің ауруханадан жоспардан тыс қаржы үнемдеу есебінен балалар реаниматологы Нұрсұлтан Алпысбаев, медициналық реабилиталогия бойынша Маржан Сарманова, тамыр хирургі Құрманбек Құлбаба, функционалдық диагностика бойынша Әлия Бекмұратова қайта даярлау оқуына жолданды. Келесі жылға 10 маманды біліктілік арттыру, қайта даярлау оқуына жіберуге жоспарлап отырмыз. Бүгінде ауданның 80 мыңға жуық тұрғынына медициналық көрсетіп келеміз. Бес жылда халықтың қажеттілігіне сәйкес жоғары мамандандырылған, бейінделген, заманауи талапқа сай, медициналық құралдар жеткілікті, бәсекеге бейім емдеу мекемесі болатына сенемін. 

– Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысынан бір топ дәрігердің Оңтүстік Корея мемлекетіне барып, тәжірибе жинақтап қайтқанынан хабардармыз. Солардың қатарында сіз де болдыңыз ғой. Корея сапарынан қандай әсер алдыңыз?Ондағы озық үлгілерді ауданда іске асыруға бола ма?

– Иә, сол топта өңірдегі барлық аудан-қалалардағы ауруханалардың бас дәрігерлері болды. Денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Корея мемлекетінің үздік клиникаларының арасында биыл көктемде түзілген меморандумға сәйкес Сеул қаласына барғанда алған әсерім маған өте үлкен түрткі болды. Кореялықтарға көрсетіліп жатқан қызмет біздің де қолымыздан келеді. Өте сапалы, жоғары мамандандырылған медициналық көмекті Шардара ауданының халқына көрсетсек деген талпыныс пайда болып, көптеген өзгерістер, жаңалықтар енгізуді, әсіресе халыққа тез қолжетімді, жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету жөнінде үлкен жоспар түздім. Оның негізгісі – медициналық қызметтің бірінші кезекте қоғамдағы адамды жеке тұлға және мемлекеттің байлығы ретінде қарап, барлық медициналық көмек науқастың көзқарасы, ұсынысымен берілуі қажет. Яғни, келген науқастың жұмысын бір терезеден бітіру және қажеттілігінің барлығын бір орыннан қанағаттандыру принципін Шардара ауданына енгізу мақсатым болып отыр. Сол себепті осы жылдың соңына дейін емханада электронды кезек жүйесін орнатамыз. Электронды кезектен кейін электронды қызмет көрсету жұмысы жолға қойылып, ол жоғары деңгейде көрсетілуі тиіс. 

– Дәрігерлік қателік деген ұғым бар. Одан ешкім сақтандырылмаған. Ауруханада не емханада ондай жағдай орын алып жатса қалай әрекет етесіз?

– Біріншіден, дәрігерлік қателікті болдырмауға тырысамыз. Болған жағдайда салдарын түзетіп, алдағы уақытта қайталанбауын қадағалаймыз.  

–  Жұмыстан кейін қалай демалған ұнайды? Хоббиіңіз бар шығар?

– Жұмыстан кейін отбасыммен, балаларыммен бірге болу мен үшін жақсы демалыс. Отбасында кішкентай балаларымның тәрбиесі, оларды жеке тұлға ретінде қалыптастырып, өсіру үшін балаларымның тәрбиесіне көп көңіл бөлемін. Үйде гүл өсірумен айналысамын.

– Медицина маманын сомдаған кино кейіпкерлерінен өзіңізге қатты ұнағаны барма?

 – Дәрігерлер туралы кино көрмеппін. Бәлкім, уақыттың жоқтығынан шығар...

– Өзіңіз үшін өміріңізде ең маңызды оқиға туралы айтып беріңізші. 

– Осы мекемеге басшылық жұмысқа алғаш келгенімде «Сырдария» дәрігерлік емханасында санитарлық автокөлік жоқ болғандықтан халықтың сұранысы бойынша қаладағы 1 санитарлық автокөлікті алып барғанымызда, бүкіл ауылдың қариялары бір-бірлеп келіп батасын бергені есімнен кетпейді. Өте қатты толқып, қуанғанмын.  Меніңше, халықтың олай үлкен ықыласына бөлену қайталана бермейтін оқиға. 

– Уақыт бөліп сыр бөліскеніңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Жансая ТЕМІР

Мұхтар Тұрысов: «Әуезов әлдилеген сәби болдым»
Гүлнар Әлдешқызы: «Әлемде әрбір үшінші ересек адамда гипертония дамиды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу