Гүлнар Әлдешқызы: «Әлемде әрбір үшінші ересек адамда гипертония дамиды»

Oinet.kz 17-12-2017 592

Гипертонияға шалдыққан адамдардың үлесі жас ұлғайған сайын артып, 20 және 40 жас аралығындағы бес адамның біреуінде болса, 50 және 60 жас аралығындағы он адамның бесеуінде дамиды. 

Түпкі мақсат – инфаркт пен инсульт санын азайту. Ол үшін халықтың жоғары қан қысымының себептері мен салдары туралы хабардар болу деңгейін арттыру және тұрғындар арасында салауатты өмір сүру салтын кеңінен насихаттау қажеттігі айтылуда. Оның себептері жайлы Гүлнар Әлдешқызының пікірін білдік.  

  Screenshot_37.jpg

– Гүлнар Әлдешқызы, елімізде артериалды гипертониямен күрес саласындағы ахуал қандай? 

– 1990 жылдардан бергі уақытта гипертония жүрек-қан тамырлары аурулары туындауының негізгі факторына айналды. Мәселен, бұрын ол төртінші орында тұрса, қазір глюкоза, дене массасы индексінің шектен тыс шамада болуы мен холестерин секілді факторлардан басып озды. Осы мәселені ескере келіп, біз Артериалды гипертония және кардиоваскулярлық профилактика жөніндегі мамандардың қауымдастығын құруды жөн көрдік. Бұл бүкіл әлемде кеңінен тараған тәжірибе. Мәселен, Еуропа мен АҚШ-та дәл осындай қауымдастықтар бар. Біз солардың мүшелігіне де қабылдандық. Болашақта осы бағыттағы маңызды жобаларды іске асырсақ деген ойдамыз. Жалпы, әлемде гипертонияның бастапқы профилактикасына ерекше көңіл бөлінеді, себебі осы арқылы миокард инфарктін емдеуге қарағанда алдын алу шараларының тиімділігі 27 пайызға жоғары екені дәлелденді. Күрделі операция жасағаннан гөрі дәрі-дәрмек арқылы аурудың  алдын алу шығын тұрғысынан алғанда әлдеқайда тиімді. Сонымен қатар пациенттің темекі мен алкогольдан бас тартуы, артық салмақтан арылуы да гипертония қаупін едәуір азайтады. 

– Еліміздегі гипертонияның өлімі-жітімге ұласу көрсеткіші жайлы нақты деректерге тоқтала кетсеңіз... 

– Кеңестік дәуір мен өткен ғасырда 90-шы жылдардың басында еліміздегі өлім-жітім көрсеткіші шамамен 100 мың адамға шаққанда 500-ді құраса, Ресейде 700-800-ге дейін баратын. 2006 жылғы  дерек бойынша еліміздегі көрсеткіш 400 болса, былтырғы дерек 180-ді көрсетті. Әрине, кардиология саласындағы мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін бергені көрініп тұр. Әйткенмен, біз кардиохирургиялық әдістердің барлық мүмкіндіктерін пайдаланып болдық. Яғни, біз осындай аурулардың туындауына себеп болатын өзге қауіпті факторларға әсер ететін механизмдерді қолға алмасақ, алдағы жағдай жақсарудың орнына тек нашарлай беруі ықтимал. Айта кетерлігі, қазір артериалды гипертония жөнінен әлем бойынша Африканың кейбір аймақтарымен қатар Орталық Азиядағы жағдай да ушығып тұр. Біз бұған дейін негізінен себеппен емес, салдармен күресіп келдік. Бұл кранды жаппастан, одан ағып жатқан суды тоқтатумен әлекке түскенмен бірдей. Рас, кардиохирургиялық операциялардың деңгейін жоғарылату арқылы біз инфаркттан болатын өлім-жітімдердің деңгейін төмендеттік. 2006 жылдан бері осы салада айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Бірақ, мұнда сапа мәселесін ұмытпауымыз керек.  Өйткені, әдетте инфарктқа ұшыраған немесе жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан адам мүгедектің халін кешеді. Толыққанды өмір сүре алмайды. Сондықтан, халықтың өмір сүру салтын мейлінше өзгертуге бет бұрған жөн. Батыс елдерінде 80-ші жылдардағы жағдай асқынып бара жатқан соң дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстануға қатысты бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асты. Нәтижесінде қазір АҚШ, Финляндия секілді дамыған елдердің тұрғындары  тұзды және майлы тағамдарды тұтынуды азайтты. Қан қысымы төмендеп, холестерин азайғандықтан миокард инфарктісінің де көрсеткіштері анағұрлым жақсарды. Қазір Еуропа, АҚШ-тағы медицинаның негізгі мәселелері ретінде жүрек-қан тамырларының аурулары емес,     онкология, жүйке жүйесінің асқынулары, айталық Альцгеймер секілді аурулар күн тәртібіне шығып отыр. Ал біз әлі де сол инфаркт, артериалды гипертониямен алысып отырмыз. Еліміздегі орташа өмір сүру жасы 72-ге жетсе, дамыған елдердегі көрсеткіш 80-84 жасты құрап отыр. Яғни, оларда жүрек аурулары мәселесі қалыпты жағдайда.  

– Осы тұрғыда дәрігерлер ұлттық тағамдардың майлылығына байланысты алаңдаушылығын білдіріп келеді... 

– Иә, ол да күрделі мәселе. Әсіресе біздегі той-томалақ, құдалықтардағы дастархан адамның денсаулығына беретін зияны аз емес. Мына жайтқа да назар аударғым келеді. Осыдан екі жыл бұрын біз Оңтүстікте арнайы зерттеу жүргіздік. Сонда анықталғаны – жергілікті тұрғындар осы аймақта мол өсетін жеміс-жидектер мен көкөністі аз тұтынады екен. Оңтүстіктің өзінде осындай жағдай болса, солтүстік аймақтардың ахуалын шамалай беріңіз. Өкінішке қарай, бізде тағамдағы тұздың мөлшерімен ешкімнің шаруасы жоқ. Мәселен, қарапайым нанның құрамындағы тұздың көлемі қанша екенін жұрт білмейді.  

Жанар Оспанова: «Науқастың сырқатынан айығуы дәрігерге ғана байланысты емес»
Жеңіс Сейдоллаұлы: «Бала күнгі арманым хоккейші болу еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу