Жеңіс Сейдоллаұлы: «Бала күнгі арманым хоккейші болу еді»

Oinet.kz 17-12-2017 1109

Screenshot_40.jpg

Жеңіс Сейдуллаұлы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, әнші, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

– Жеңіс Сейдоллаұлы, «Диагноз» газетінің оқырмандары бала Жеңістің бала күні қол созған арманын білгісі келеді. Сіз кішкеньай кезіңізде нені армандадыңыз, өскенде кім болам дейтін едіңіз?

– Біз әке-шешеден он баламыз. Мен соның ішінде ортаншысымын. Сегізінші класқа дейін ешқандай пәннен емтихан тапсырмадым. Себебі, сабақты өте жақсы оқыдым. Ол уақытта үздіктер емтихансыз-ақ келесі класқа көшірілетін. Отбасында он бала болсақ, солардың алдыңғылары мектепке барып жатқанда, соңғылары үйде асыр салып жүрген кішкене бала едік. Алдыңғылар мектепті бітіргенде кішкентайлар мектепке енді барып жатты. Сонда біздің үйден мектепке бір барғанда кем дегенде бес бала оқушы атандық.

Мектептегі барлық іс-шараларға қатысатынмын. Бірінші кластағы суреттерім альбомымда сақтаулы. Сол суреттерге қарсам, оқушы кезім, бала күнгі сәттерім көз алдыма тізіліп тұра қалады. Ойласам, жауапкершілік сезімі, тапсырылған іске мұқият болу мінезі бала кезімнен қалыптасқан екен. Ол кезде әр класта «звеновой» болатын. Яғни бір оқушы, сол қатардағы барлық балалардың сабақ үлгеріміне, тәртіптілігіне, тазалығына жауапты болу міндеті жүктелетін. Мен, міне сол «звеновой» болдым. Ал әр ісіме жауапкершілік, талапшылдық мінезі бауырларымнан жұққан қасиет екен. Қазақта «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы сонда барады» деген сөз бар. Менің алдымдағы әпкелерім ерекше тәртіпті, әрі сабақта үздік еді. Біз соларға қарап өстік, соларға қарап бой түзедік. Олар мұнтаздай таза болып жүреді, біз де үсті-басымызға қыл жұқтырмадық. Олар сабақты жақсы оқиды, біз де оқу үлгеріміміздің төмендеп кетпеуін мақсат тұттық. Мектептен келгенен кейін, бір үйдегі бірнеше оқушы мәре-сәре болып, үлкен картаны жайып тастап, география, тарихты жарыса, таласа-тармаса оқыдық.

Ал сабақтан бос уақытта, ата-анамыз тапсырған үй шаруасын бітіріп тастаған соң, қыста коньки тепкенді ұнаттым. Себебі, ес білгелі шайбалы хоккейден мемлекетаралық жарыстарды есім кете қарайтынмын. Себебі, бала кезгі арманым хоккейші болу еді. Хоккейге қатты қызыққаным соншалықты, ерте жасымнан коньки теуіп, хоккей ойнадым. Арман таусылған ба? Сосын бала кездегі тағы бір арманым – тезірек әскери адам, офицер болсам дедім. Әскери адам болуға ұмтылуымның себебі ол кезде әскери адамдардың ЦСКА (Әскерилердің орталық спорт клубы) дейтін үлкен  командасы болатын. Сол команда құрамында хоккей ойнау бала күнгі арманым еді. Сол арманым көп уақыт бойы алға жетеледі. Кейін өнер жолын қуып Алматыға келгенде де, көңілдің кейбір сәттерінде Медеуге мұз айдынына барып, коньки тебетінмін. 

– Демек, қазір де хоккей ойнай аласыз ғой?

– Бұрынғыдай шеберлік жоқ. Бірақ, қолыма хоккей таяғын алып, бір адамдай хоккей ойнай аламын. 

– Хоккейші болу арманыңыздан әншілікке бет бұруыңызға не себеп болды?

– Ұмытпасам, жетінші класта әкем гитара сыйлады. Бұл музыкалық аспаптың қатты ұнағаны сонша, бір айға жетер-жетпес уақытта гитараны меңгердім. Гитараны үйренгеннен кейін мені бірден мектептің вокалды-аспапты ансамбліне алды. Осылайша, гитараға қосып ән айтып, өнердің, әннің тереңіне сүңгіп кеттік. 

Сегізінші класты бітірген соң әкем мені электро-радиотехникалық техникумға түсіргісі келді. Ол кезде «ол оқуға бармаймын!» деп үзілді-кесілді айту қайда... Содан әлгі техникумға келдім де әдейі емтиханды қате тапсырып, оқудан құладым. Үйге келіп, «оқуға түсе алмадым» дедім. Әкем бетіне ұзақ қарап алды да, «әдейі түспедің-ау, гитараны бекер әперген екенмін» деді. Бір жылдан соң, тоғызды бітіріп, әкеме мықты музыкант боламын деген уәдемен, Шымкент қаласындағы музыка училещесіне келіп, құжаттарымды тапсырдым. Оқуға қабылдандым. Өте жақсы оқыдым. Біріншіден, құштарлық мықты еді, екіншіден әкеме берген уәдем бар. Ұстаздарымның білімі, жанашырлығы, ата-анамыз сияқты басымыздан сипап, қамқорлыққа алуы арқасында жаман оқуға құқымыз жоқ еді. Шымкентте жүріп облыстық филармонияда «Ауылым – әнім» атты ансамбьлдің белді мүшесі болдым.

– Әңгіме басында бала кезге саяхат жасауымыздың өзіндік себебі бар. Әр бала, әсіресе ауыл топырағын шаңдатып өскен әр сәбидің денсаулығы шымыр, иммунитеті мықты болып ер жетеді. Жалпы, бала денсаулығының мығым, мықты болуы үшін қандай шарттар керек деп ойлайсыз?

– Біз бала кезімізде аяғымызды шыны кесіп кетсе, не тікенек кіріп кетсе, жараңа топырақ себесің де, ары қарай ойын қуалап кете бересің. Иммунитетіміздің мықтылығынан шығар, әлгі жара кейін өздігінен бітіп кететін. Көп ауырып-сырқамадық. Ауылда өскен бала мен қалада өскен баланың айырмашылығы көп. Тәрбиесі де екі түрлі. Қазір ол тәрбиенің қайсы жақсы, қайсы жаман деп бөліп-жара алмаймыз. Себебі, сол қалада қазір өзіміз тұрып жатырмыз. Қалада өскен өз баламызға барынша дұрыс тәрбие беруге тырысып бағып жүрміз. Ауылдағылар да баласына ерекше көңіл қойып, тәрбиелейді. Менің ойымша, баланың көбірек аулаға шығып, жора-жолдастарымен ойнап, көпшіл болып өскені дұрыс. Қазір не көп, көптеген секциялар көп. Футбол, хоккей, тенис, баскетбол, волейбол, күрес, жүгіру дейсіз бе, осындай секцияларға жасөспірімдер көбірек қатысса екен деймін. Біріншіден, баланың денсаулығы мықты болады, екіншіден, көпшіл атанады және балада командалық мінез қалыптасады. Досты сатпау, жаман сөз айтпау, артық сөйлемеу, бір-біріне әркез қол ұшын беруге даяр тұру, бір-біріне адал болу, қарым-қатынасты әркез жақсы ұстау сияқты жақсы мінезді сіңіріп өседі. Құдайдың адамға берген ең жақсы қасиеті – бір-бірімен сыйласып араласа білу ғой. Көпшіл болған, сыйласа білген адам бұл қоғамда  басқаша көзқараспен өседі. Сол көзқарас студент кезде бекіп, одан кейінгі өміріңде темірқазыққа айналады деп есептеймін. Бұл жай ғана денсаулықтың мықты болуы үшін емес, адам жанының жақсара түсуі үшін қажет ұстанымдар. 

– Әнші – ел алдында жүреді. Оның дауысы ғана емес, дене сымбатына да ерекше көңіл бөлетін мінезі бар. Сіз өз денсаулығыңызды қалай күтесіз?

– Он бес жылдай уақыт болды, қазір бұрынғыдай ұзақ гастрольдік сапарларға шыға бермеймін. Иә, гастрольдік сапарлар жоқ емес, бар. Бірақ, одан басқа, үкімет сеніп тапсырған жауапты қызметтердің да барын ұмытпауым керек. Сол жұмысты асқан жауапкершілікпен атқаруға күш саласың. Осы жылдар бойы жинақтаған тәжірибеңді, біліміңді, білігіңді, тәрбиеңді ортаңмен, ұжымыңмен бөлісесің. Ел алдында жүргеннен кейін ең алдымен халықтың көңілінен шығу үшін, өз-өзіңе қарап, артық сөйлемей, жүріс-тұрысыңды қадағалап, мемлекеттің алға қойған бағдарламаларын жүзеге асыруға осы елдің бір азаматы және жауапты тұлғасы ретінде іске кірісесің. Міне, осындай қарбалас жұмыс пен сахнаның арасында жүріп жан және тән саулығын ойламауға қақың жоқ. Жалпы, қай мәселеде де адам өзі таза болуы керек деп есептеймін. Адам өзі таза болғаннан кейін, оның жаны да таза. Ал жаны таза адамға ауру көп жолай қоймайды. Әсіресе, «жұлдыздық ауруы». Сол тазалықты, жақсылықты айналаңа шашып, бөлісіп жүрсең, айналаң да тазарады, жақсарады. «Жаман адамға қырық рет сен жақсысың десең, ол жақсы адамға айналады» дейді. Сол рас сөз. Сондықтан, жақсылық пен тазалық бар жерге ауру да, жаман әдет те үйір болмайды дегім келеді. 

– Заманауи адам үшін салауатты өмір салты тек денсаулық күтімі не болмаса тән сұлулығы ғана емес. Ол тұтас бір өмір сүру философиясын қамтиды десек те болады. Сіздің ұғымыңызда салауатты өмір салты дегеніміз не?

– Белгілі жазушы Мағира Қожахметованың «Түс құпия» деген кітабы бар. Сол кітапта мынандай ой айтылады: «Бірінші байлық – денсаулық» дейміз. Мейлі,солай-ақ болсын. Себебі, қай жерің ауырады, жаның сол жерде сияқты, бебеулетіп, қинап ала жөнеледі. Алайда, денсаулығың мықты болып, адамгершілік қасиеттен жұрдай болсаң, адамдарға жақсылық дәнегін себе алмасаң, оның несі жақсы? Сондықтан, әрбір адамның мәпелеп, күтіп, баптап өсірген үлкен адамгершілік ағашы болуы керек. Соның ең мықты бір бұтағын «денсаулық» деп ал. Ол адамгершілік ағашында «денсаулық» атты бұтақтан өзге, «сұлулық», «тазалық», «тәрбие», «кішіпейілділік», «сабырлылық», «сыпайылық», т.б. мінездер де жеке-дара бұтақ болып, көгеріп-көктесін. Сонда ғана сен мына өмірге текке келіп, текке кетпейсің».

Менің салауатты өмір салты атты философиям осыған сәйкес келеді деп ойлаймын. Себебі, салауатты өмір салты тек қана денсаулық емес. Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөз жан семіртеді» дейді. Сахнада ел алдында жүрген соң, жауапты лауазымды қызметтер атқарғандықтан, жақсы сөйлеуіміз керек. Себебі, жақсы сөз жанды ғана емес, тәнді де емдей алатынына сенемін. 

– Айналаңыз толған өнер адамдары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері. Жан саулығы адам үшін үлкен маңызға ие ғой. Жалпы, жан саулығын адам қалай түзеп, жан байлығына қалай жетеді деп ойлайсыз?

– Жан байлығы – тәжірибе арқылы келеді. Біз жақсы отбасыда өстік, жақсы тәрбие алдық. Мектепте, арнайы орта және жоғарғы оқу орындарында мықты ұстаздардан білім алдық. Жақсы, тәрбиелі, зиялы орталарда жүрдік. Ғажап адамдармен араластық. Солардың жақсылығы бізге де жұқты. Кешірімді, сабырлы болу арқылы көп жақсылыққа жеттік. Бойымызға  зиялылық деген қасиетті қондырдық. Ол үшін жаның мен тәніңнің тәрбиесі үйлесім табуы керек. Көпшілігі сыртын жылтыратып, сонысын зиялылықпен шатастырып алатыны өкінішті. Зиялылық дегеніміз – өмірден көрген жақсылығыңды, тазалығыңды, тәрбиеңді айналаңа қайтара алу, өмірлік тәжірибеңмен, көрген-түйгеніңмен бөлісу, үлкендерден, жақсылардан жұқтырған жақсы мінез-құлқыңды өзгенің бойына сіңіре білу. Жан байлығы осындай жақсы мінездермен, сипаттармен толығады. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

Гүлнар Әлдешқызы: «Әлемде әрбір үшінші ересек адамда гипертония дамиды»
Ғалия Жолдасқызы: «Әйел саулығы – ұлт саулығы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу