Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалып жатыр

Oinet.kz 31-08-2022 897

Бүгін Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалады. Түркістан облыстық мәслихатының ресми сайтында, мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевтің жариялаған хабарландыруына қарағанда, бүгін сағат 11-00-де Түркістандағы Конгресс-хол ғимаратының фойесінде Түркістан облысы аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының жиналысы белгіленіп отыр. 

Screenshot_1.jpg

Күн тәртібінде бір ғана мәселе қойылған. Ол:

-Түркістан облысы әкімін тағайындауға келісім беру.

Өткен аптада Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов пен оның сыбайластарына қатысты қаулы шығарды. Сотталушыларға шығарылған алғашқы сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Заң бойынша апелляциялық алқаның қаулысы шыққан күні үкім күшіне енеді.

Кентау қаласының әкімі қызметін атқарып жүрген Дәурен Махажанов биыл ақпанда аса ірі көлемде пара алды, деген күдікпен ұсталған болатын. Әкімнің Кентауда жол жөндеу жұмыстарымен айналысқан мердігерден сұраған ақшасының көлемі 98 мың 500 долларды құрайды. Махажановты антикордың Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстап, оны дереу Алматыға алып кетті. Тергеу амалдары да сол жақта жүргізілді. Ол үш айда бітті.  Сот та Алматыда өтті. Экс-әкімнің ісі сотқа мамырдың аяғында түсті. Судья бір жарым айда үкім шығарып, Махажановты 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын.

Апелляциялық алқада Махажанов пен оның екі сыбайласына қатысты шағым бар-жоғы екі апта қаралды. 24 тамызда алқа үкімді өзгеріссіз қалдыру туралы қаулыны жария етті. Мемлекеттік қызметкерлерге жүктелген тәртіп бойынша осыдан кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 10 күн ішінде отставкіге кету туралы арыз беру тиіс. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағада, Шөкеев отставкіге арызды дәл сол 24 тамызда берген. 

Мәслихаттың Түркістан облысына жаңа әкімді тағайындауға келісім беру үшін жиналыс шақыруы  Шөкеевтің отставкіге берген арызының Президент тарапынан қабылдағанын білдіреді.  Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі қызметіне 2019 жылдың ақпанында тағайындалған болатын.

Тәртіп бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі қызметіне кемінде екі кандидатураны ұсынуы тиіс. Кандидатураларға дауыс берудің ашық немесе жабық өтетінін депутаттардың өздері алдын ала шешеді.

​Жемқорлық, жөнсіздік, арыз жазу... Түркістанның білім саласын жаңа оқу жылында не күтіп тұр?
Түркістан облысының жаңа әкімі - Дархан Сатыбалды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу