Ермек Байдуашов: «Сын сағатта бес әлем чемпионның арасына түсіп қалдым»

Oinet.kz 19-05-2019 1236

Screenshot_6.jpg

Фотода Ермек Байдушов сол жақта

Түлкібас өңірінен шыққан еркін күрес балуаны Ермек Байдуашовтың есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Кезінде Азия ойындары, Азия чемпионатында олжа салғанын ұмытқанымыз жоқ. Намысты ту етіп Лондондағы Олимпиада  ойындарында да күресті.  Белгілі балуан грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша облыстық федерацияның атқарушы директорлығына тағайындалғанда «әп бәрекелді» дескенбіз. Спорттың дамуына күш салатын осы саланың жайын жақсы білетіндер ғой. «Жас келсе іске» деген. Ермек Сатыбалдыұлы бұған қоса облыс орталығындағы «Мұз  сарайы» ЖШС директоры.

Федерация жұмысы жанданады. Алға қойған жобалар кезең-кезеңімен іске аспақ, - дейді  ол.-- Қазан айының 26-сы күні генерал Сабыр Рахымовтың жүлдесіне арналған турнирді ұйымдастырып жатырмыз. Бұл –  елдегі жастар арасында ең үлкен турнирлердің бірі саналады. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Грузия сынды әлеуетті командаларды шақырдық. Мен өзім бұл жарысты екі рет ұтқанмын. Жүлде қоры да жақсы.

Қазір облыста ересектер арасында тоқырау кезеңі жүріп жатқандай. Еркін күрестен ауыр салмақта Ержан Дүйсенбеков, жеңіл салмақта Ғабит Төлепбай мен Бердақ Пірімбаев қана сенімнен шығып жүр. Үміт күттіретін әзірге осы үшеуі. Басты жоспар – ендігі жылғы Олимпиада ойындарына дайындалу, жолдамаға иелік ету. Олимпиадалық іріктеу турниріне Ержан Дүйсенбековтің қатысуға мүмкіндігі бар. Бәрі өзіне байланысты. Келесі жылы ақпан айында ел біріншілігі өтеді. Соны кім ұтады, мамырда Астанада өтетін іріктеуге сол қатысады. 57 келіден басқа салмақтың бәріне сол жерде іріктеу болады. Жігіттер еңбек етіп жатыр.

«Классиктердің» жағдайы қалай?

– Грек-рим күресінен Асхат Жаңбыровтың да жолдамадан үміті бар.  Жаңбыров – әлемдік деңгейдегі тәжірибелі балуан. Егер бапкерлер сенім артып, іріктеуге қосса, мақсатына жетіп те қалар деген ой бар. Жақында грек-рим күресінен оқу-жаттығу жиындары Шымкентте өтуі тиіс.

Грек-рим күресінен Қазақстан кубогында үштікке,  еркін күрестен финалға ілінеміз бе деген жоспарымыз бар. Біздің кезімізде облыс командасы  бірінші не екінші орынға иелік ететін. Командалық сайыс өзінше қызық. Мұнда команда үшін күресесің. Ал жастарымыз жарап тұрғанын мақтанышпен айтамын. Таяуда жастар арасындағы әлем біріншілігінен Бақдәулет Әлментай елге қола жүлдемен оралды. Одан бір ай бұрын Азия чемпионатын жеңген. Бір жылдың ішінде осындай ерлік көрсетіп отыр. Бұл – өте жақсы нәтиже. Әлментаев ертең Сабыр Рақымовтың турнирінде де  күреседі.

Федерация тарапынан дарынды балуандарға зор қолдау жасалмақшы.  Федерация басшысы, бүгінде «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филалилы төрағасының бірінші орынбасары  Берік Серікұлының да елге берген уәдесі бар. Соны іске асырмақ ниетте ол кісі. Алдағы қарашадан бастап жиырма бес балаға стипендия беруді жоспарлап отырмыз. Ол ай сайын жақсы нәтиже көрсеткен жігіттерге беріледі. Олимпиадаға жолдама алса, жүз елу мың теңгеге дейін көтерілетінін тағы білсін. Облыс спортының өз қолдауы бар. Олимпиадаға баратындар кемі бес жүз мың теңге алады ғой.Бүгінде шотымызға жан-жақтан демеушілік көмектер келіп жатыр. Жиырма бес балаға ай сайын елу мың теңгеден үлестіру оңай емес. Дегенмен біз бұған әрекет жасаймыз.

– Лас-Вегастағы әлем чемпионатына барып қайтқаныңызды білеміз. Жігіттер қалай күресті?

Өз көзіңмен көріп, жарыстың атмосферасын сезіну бөлекше. Елге белгілі балуандар - Марс Ерназаров, Сәбит Кендібаев үшеуміз барып, жігіттерге дем беріп қайттық. Өзім де әлем біріншілігінде күрестім ғой..Ол кезде жігіттер жүлде алып, көңіл марқайып қайтатын. Бұл жолы...Рас, кейінгі кездері қазақ жігіттерінің қолы жүрмей-ақ қойды.Бәлкім, он екі, он алты сағат айырмашылықтың әсерінен бейімделе алмады ма екен...Әрине жеңісті бұрмалаған сәттерді де айту керек. Мәселен, төрешілер Дәулет Ниязбековтің жеңісін ұрлады. Екі ұпайлық әдісін бір баллмен бағалап жатқанын көрдіңіздер.  

Одан кейін Әділет Даулымбаев өте жақсы белдесті. Болгариялық әлем чемпионы Ганевке қандай қарсыласық көрсетті! Бұл – ерлік. Әрі әлем біріншілігіне алғаш рет қатысып отыр. Испанияның атынан шыққан өте беделді кавказдық Таймураз Фриевтің өзін жеңіп кетті. Негізінен, оған ұтылып жүрген. Кезінде Бувайсар Сайтиевке  «Неге Дағыстанда, Әли Әлиевтің турнирінде күреспейсіз?» деп біреу сұрақ қойса, ол: «Дағыстанда өтетін жарыстар, күрес емес, ит төбелес» деп айтқан екен. Мықты жарыс екенін меңзегені де. Міне, сол жарыста Әділет қола жүлде алды. Ол әлем біріншілігінен жүлде алғанмен бірдей. Біз соны да ала алмай кеттік..

Әділет – мінезді жігіт. Кілемде нағыз жауынгерлік кейіп танытатынын байқадым. Мұнан бөлек, Артас Сананың да еңбегі бағалауға лайық. Грузинмен сол-ақ тең күресті емес пе?!. Қап тауының өкілі қалғандарын тіпті қарсылас санаған жоқ.

– Әлем балуандарынан кімнің өнері тәнті етті?

Нағыз күрес көрсеткен жігіттер бар. Соның бірі - он тоғыз жасында жарқ етіп шыққан америкалық Кайл Снайдер. Ол финалда мақтаулы Абудусалам Гадисовты алтыннан айырды. АҚШ балуандарының әркез таңдандырып тұруы заңдылықтай. Екі, үш жыл сайын дарындар шығады ол елден.  Мәселен, Джордан Барроуз Олимпиададан бір жыл бұрын әлем біріншілігін ұтқанда ешкім елей қойған жоқ. Кездейсоққа балады. Бірақ Олимпиаданы да жеңіп шықты.

Ресейлік Магомедрасул Газимагомедовтің күресі таза өнер. Ол финалда ирандықты  қалай әдемі ұтты? Жіп сияқты байланып келіп  жеңіп кетеді...Ұтып жатса да тізгінді тартпайды екен. Магомедрасулдің күресі де Сайтивтің стиліне ұқсайды.

–Сіз күрескен салмақта Абдулрашид Садуллаев екінші рет әлем чемпионы атанды. Оның шеберлігі жайында айтушылар тіптен көп...

Бувайсар Сайтев секілді балуан жүз жылда бір туылады деп айтамыз. Садуллаев та сондай жігіттің бірі. Оның күресіне қарап үлгермейсің. Иә, қарсыластарын айқын ұтып жүр...

Лас-Вегаста мына бір жағдай есте қалыпты. Былтыр, биылғы әлем, Еуропа біріншілігін есептеп келсек, ирандық рекорд қойды. Садуллаевтан екі балл алғанына! Әлі ешкім одан екі ұпай алмаған ғой. Жарыс кезінде кавказдықтардың қасында отырғанмын. Есеп 6:1 болғанда Иран жігіті тағы бір балл алуға жанталасып жатқан. Сол кезде жанымдағы дағыстандықтар Садуллаевқа «берме, берме» деп айқайлайды кеп.  «Не болды бәрібір ұтып тұр ғой» десем, «екі балл алып рекорд қойып кетеді ғой» деп қарап тұр.

– Еркін күрес балуандарына не жетпей жүр? Батыр халықтың бүгінгі ұрпақтарының қайраты кеми бастағаны ма?

Жиырмасыншы ғасырдың күресі мен жиырма бірінші ғасырдың күресі бөлек. Күрес әрдайым даму үстінде. Демек  бапкерлік ғылым дамуы тиіс. Спортта тәртіп керек. Оған бәрі кіреді. Ол - бапкерлерге де, спортшыларға да қатысты. Қазір бапкерлердің жалақысы тым аз.  Содан кейін көбісі кәсіпкерлікке кетеді немесе директор болғанды құп көреді.

Он жыл құрама командада жүріп, тұрақты база болмағанына жанымыз күйетін. Бірде  боксшылардың базасына барамыз. Жиынның жартысында олар келіп қалса, далаға шығып кетеміз. База әр облыс орталығына керек. Ол болмай қалайша нәтиже күтесіз? Рас  бір кездері құлдырауды да бастан кешесің. Бір жылдары Ресейдің өзінде құлдырау болады. Екі, үш алтын алып жүріп, бір жолы бір алтынды қанағат ететін сәттерді айтамын. Кейде жапондар,  кейде үндістер күшейіп кетеді дегендей. Бір жылдары жолы болмай жүрген АҚШ балуандары  биыл олар екі алтынды көсіп алды. 

Бізде «Әлем чемпионы қашан шығады?» деген мәселенің көтеріліп жүргеніне біраз болды. Әйткенмен, ешкім де қол қусырып қарап отырған жоқ. Мынаған назар аударайықшы: бізде жасөспірімдерде, жастарда үнемі нәтиже бар. Әлемде, Азияда тұрақты нәтиже көрсетіп жүрміз. Неліктен? Өйткені, олар интернатта жатып, оқиды. Мұғалімдерден қорқады. Тәртіп бар. Оқу орынының  базасында жатып оиды ғой. Таңнан кешке дейін сонда жаттығады. 

Ересектерге келгенде тәртіп бұзылады. Ол кезде база жоқ, жарысқа барып келгеннен кейін жаттығу жайына қалатыны шындық. Ал интернатта олай емес. Тағы бір мәселе - біреуінің нәтижесі жақсы болса, бапкерді тыдағысы келмейді. Жас болсаң барлық ұстазды тыңдайсың. 

– Спорттық ғұмырыңыз жайында әңгіме қозғасақ. Азия чемпионатынан, Азия ойындарынан жүлде алып келдіңіз де, Олимпиадада бағыңыз жанбады...

Ол кездегі ойлар көмескі ғой қазір. Бірақ кей-кейде ойланасың.. Күрес есіңе түскенде «Олимпиададан неге орын ала алмай қалдым» деп өз-өзіңе сұрақ қоясың. Немесе Олимпиадада жүлдегер болғандарды көріп қалсаң еске түседі. Бір анығы - қазір ол сәтсіздік уақыт өткен сайын ұмытыла бастады. Осы күнімізге де шүкірлігіміз артқаннан шығар...

Олимпиада – саяси жарыс. Әр ел өзінің абыройы үшін жанталасады.  Коммерициялық жарыс секілді ғой. Әлем біріншілігінде ондай болмайды.

Лондонда бес елдің атынан күресетін кавказ балуандары бір топқа түсіп қалды. Мен де сол топтамын. Бес кавказдың бесеуі де әлем чемпионы. Украиналық Ибрагим Алдатов, өзбекстандық Зауырбек Сохиев, әзірбайжан Шариф Шарифов және Юсуп Абдусаламов, бәріміз бір жаққа шоғырландық. Қарымды парсы жігіті де осында. Келесі топтың ең мықтысы грузин Дато Марцагишвили мен маған ұтылып жүрген беларусь Сослан Гацтев болды. Қалғандары күрес дамымаған елден. Бұлардың бәрін Пуэрто рико жеңіп шығады.

Біріншіден, бес әлем чемпионының арасына түссем, екіншіден, белім де жарақатым да жазылып үлгерген жоқ-тын. Оны емдеймін деп жүріп, дайындықты да дұрыс істей алмадық. Одан бөлек, аяғыма ота жасау қажет.  Оны да бапкерлерге айтпадым, білдіртпедім де. Аяғым ауырса кішкене белім ауырды деп, белім ауырса, аяғым ауырды деп жүре бердік қой.  Олимпиада алдында жағдайды ушықтырмас үшін.

Қай жарыс болса да үнемі бірінші кездесуді уайымдайсың. Сол бірінші белдесуде маған азулы ирандық кезікті.. Негізі, Лашгари әзірбайжандық Шариф Шарифовты да ұтып тұрған еді... Соның кесірінен жұбаныш белдесуге де шыға алмадым.

Азия ойындарының жартылай финалында да ираннан жеңілген едім. Парсы жігіттерінің әрбірі қауіпті қарсылас. Күрес – олардың ұлттық спорты саналады. Иранның ұлттық құрамасының базасында болғанмын. Күрес базасының ішінде автобус жүреді. Аумағы атшаптырым жерде барлық жағдай жасалған. Ол жақтан күрес шықпағанда не шығады?

– Күрес өнеріне еліткен ұстаздарыңыз кім еді?

Жас кезде Жангелді Жұмабаев, Оңғар Үндемесеов сынды майталман мамандардың тәлімін көрдік. Екеуінің де еңбегі көп сіңді. Ересектерге өткенде Бақытжан Жақсығұлов, марқұм Түсіпхан Сайханов ағалардың көп көмегі тиді. Ұлттық құрамаға кіргеннен кейін Бауыржан Нұрмахановтың қол астында жаттықтым. Мені Олимпиадаға дайындаған осы кісі.  

Бауыржан аға менен бөлек,  А.Шапиев, А. Таңатаровты да дайындаған.  Алматыда жаттыққанымда  аптасына екі рет кросс жүгіртетін. Таңатаров Олимпиадада, Шәпиев әлем біріншілігінен жүлде алып, еңбегін ақтап шықты.

– Олимпиададан бері үш жыл да зымырап өтіпті. Осы аралықта нендей шаруаларды тындырып үлгердіңіз?

Олимпиададан кейін спортты қойып, Алматыда кәсіпкерлікпен айналысып жүр едім. Ағаларым облыс спортына жәрдем бер деп шақырғаннан кейін, былтыр  туған жерге келдім. Алдымен қалалық № 4 Л. Тәжиева атындағы спорт мектепте директордың орынбасары қызметін атқарып, тәжірибе жинадық. Биыл  8 маусым күні «Мұз сарайына» директор,  он бесінші маусымда облыстық күрес федерациясының атқарушы директоры қызметіне тағайындалдым. Спорт саласында қызмет етуге ынтам да, құлшыныс та жоғары. Еліме еңбек сіңіруге әрдайым дайынмын!

Қатарластарымнан қалмай 2010 жылы үйленіп, әке деген ардақты атты да иемденген жайым бар. Шүкір, Құдай берген екі ұлым өсіп келеді. Олар менің жолымды таңдаса бетінен қақпаймын.

Сұхбаттасқан – Т. ҚАСЫМ, 

Мұрағаттан, 2015 ж

Кенжебек Шайқақов, режиссер: «Қазіргі көрерменнің көңілі бос»
Гүлмира Сарина, әнші: «Әнші тарих алдында жауапты тұлға»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу