Оңғарбек Алхаров, фотограф: «Селфидің арқасында ақымақтар, құр мақтаншақтар көбейіп кетті»

Oinet.kz 06-08-2019 1422

hqdefault.jpg

Оңғарбек Алхаров, фотограф

- Әр адамға мамандық таңдауға белгілі бір себеп, оқиға әсер етеді. Сіз фотосалаға қалай келдіңіз?

- Менің негізгі мамандығым суретші. Осыдан оншақты жыл бұрын өзге ұлт өкілдерінің қазақтың тойын суретке түсіріп жүргенін байқадым. Яғни, біздің салт-дәстүрімізден, ұлттық қазынамыздан  бейхабар жандар қолына фотоаппарат алып, естелік сәттерді кадрға түсіруде. Сол сәтте мәдениетімізді, дәстүрімізді өзіміздің қазақ бауырлар түсірмесе өзгелердің оны бұрмалауы мүмкін деген ой келді. Қанша дегенмен бөтеннің затына біреудің жаны ашымайды ғой. Мен үнемі айтып келемін, ең бірінші мәселе — қазақтың тойын қазақ фотографы түсірсін. Себебі бойында қазақылық қасиеті жоқ фотографқа бәрібір. Тек жұмысын атқарып, ақша табуды ғана көздейді. Олар той сәттерінен еуропалық стильдегі фотосуреттер жасадым деп ойлайды. Алайда ашық-шашық киінген, тұрпатсыз суреттерді көрген кейінгі ұрпақ бұдан қандай тәрбие алсын?! Мәселе біреу, қазақтың тойына ұлтына нағыз жаны ашитын, салты мен дәстүрін насихаттауды ойлайтын, қаны қазақ фотографының қолтаңбасы керек. Бізде  басқа ұлттың өкілдері осы саланы әбден меңгеріп алған. Салт-дәстүріміздің жинағын да солар шығарады, шетелдерге барып көрмелерді де солар қояды. Бірақ олардың бойында халыққа қызмет ету, келешек ұрпақтың санасында ұлттық сезім ояту сияқты жанашырлықтар байқалмайды. Осылайша патриоттық сезімнің арқасында фотография әлеміне келген жайым бар. Әлі де болса фотосалада қазақтың жігіттері жетіспейтіні  қынжылтады. 

- Біздің елде фотограф болып жанбағу қаншалықты қиын немес оңай?

- Фотосаланы көбіміз күнкөрістің көзі деп білеміз. Әрине, барлық адам игерген мамандығының арқасында  нәпақасын табады. Алайда, фотосаланы күнкөрістен гөрі мамандық деп бағалаған дұрыс. Өйткені ол - өнер, шығармашылық жұмыс. Біз кез-келгеніміз ұялы телефон немесе фотоаппарат арқылы суретке түсіре аламыз. Бірақ кәсіби деңгейде емес. Қарапайым адам мен кәсіби фотографтың түсірген суреттерінде жер мен көктей айырмашылық болады. Оның үстіне фотограф мамандар сол саланың тарихын бес саусағындай біледі. Ал өзгелерден тым болмаса фотоаппараттың он құрылғысын атап бер десең бірін де білмейді. Міне, сондықтан фотографтарға мамандық иесі, шығармашылықтың адамы ретінде қарау керек. Ал жанбағу тақырыбына тоқталар болсақ, қазір бұрынғыдай ақпараттың тар заманы емес. Интернет арқылы қызықтырған сұрағымызға жауап ала аламыз, соңғы шыққан фотоаппараттарды қарап, тапсырыс бере аламыз. Ең бастысы туындыларымызды интернетке салып, әлеуметтік желілерге жариялай  аламыз. Осы мүмкіндік арқылы жұмысымызды елге паш етіп, тарата аламыз. Яғни іздеген, еңбектенген фотографқа әлем алдында көптеген есіктер ашық тұр. Солай бола тұра әріптестерім тарапынан босаңсу байқалады. Қазақстаннан шыққан фотографтар  әлемдік байқауларда топ жарыпты немесе туындысы пәленбай мың долларға сатылыпты дегенді әлі ести алмай жүрміз. Фотограф болып күн көру қиын деген сылтау ғана. Демек, отандық мамандарға көбірек жұмыс істеп, тек еңбектену қажет деп ойлаймын.        

- Қазақстанда фотоөнер саласының кемшін тұстары бар ма?

- Кемшіліктер бар. Біріншіден, елімізде фотограф мамандарын оқытатын оқу орны түгілі бірде-бір кафедра жоқ. Фотосалаға қызығатын жастарды үйрететін, жол көрсететін адамдар аз. Сол себепті ебі бар,  талантты жастардың маманданып кетуі қиын. Екіншіден, бізге фотография үйі ауадай қажет. Үшіншіден, ел арасында әзірге фотограф мамандарға деген сұраныс аздау болып тұр. Қарапайым мысал келтірейін, газет беттеріндегі суреттерді қарап отырсаңыз, сапасы сын көтермейді. Көбісі ғаламтордан жүктеп ала салады. Өйткені арнайы фотограф маманын жалдамайды. Егерде кәсіби маманды жұмыспен қамтып, жағдайын жасасақ, фотосаланың бойына қан жүгірер еді. Дегенмен бізде анау жоқ, мынау жоқ дей берсек алға жылжи алмаймыз. Ең бастысы Қазақстанда фотоөнер бар, қалыптасып келе жатыр. Енді оны әрі қарай дамыту өз қолымызда.

- Шығармашылық адамдарға тән шабыт кез-келген уақытта келуі мүмкін. Сізде қалай, фотоаппаратты өзіңізбен бірге үнемі алып жүресіз бе?

- Мен портреттік жанрда жұмыс істеймін. Мүмкін фоторепортерлікті таңдасам көшеде болсын, қоғамдық орындарда болсын фотаппаратты мойнымнан тастамай алып жүрер едім. Көп жағдайда тапсырыспен жұмыс істегендіктен шабытты сол уақытта шақырып аламын. 

- «Қас қағымды қарт тарихқа сыйлайсың, Ізсіз, түссіз жоғалтуға қимайсың» деп қара сөздің шебері Қадыр Мырза Әлі  айтқандай, фотоөнердің құдыреттілігі неде деп ойлайсыз?

- Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Жер бетіндегі адамдардың басым көпшілігі бір, екіден басқа тіл білмейді. Мен бір туындымды интернетке жариялайтын болсам оны миллиондаған адам көре алады және түсіне алады. Суретке тілдің және шекараның  қажеті жоқ. Өйткені суреттің өзі сөйлейді. Фотоөнердің осы құдыреттілігін пайдаланып мәдениетімізді, тарихымызды, дәстүрімізді әлемге дәріптеп, жарнамалауға болады.      

- Қазір селфи деген «дерт» шықты. Бұл да халықтың фотоөнерге қызығушылығының артқанын білдіре ме?

- Селфи – фотоөнердің адамдар өміріне соншалықты кірігіп кеткендігін білдіреді. Ол қызығушылықтан гөрі жарысқа айналып кеткен секілді. Себебі суретін ерекше еткісі келгендер түрлі құрбандыққа баруда. Лайк жинау үшін таудың, биік ғимараттардың, тіпті электр сымдарының үстіне шығып жатыр. Қаншасы мерт болуда. Мен ештеңеден қорықпаймын деген жалған намысшыл ақымақтардың  қауіпті аймақтарда суретке түсуі, оны ғаламторға жүктейтін құр мақтаншақтар көбейіп кетті. Селфи -  жаһанданудың, заманауи үрдістің кері жағы деп айтуға болады.  

- Ғалымдар мамандықпен «ауыру» керек деп айтып жатады. Осыған байланысты бір оқиғаны айтайын. Бір фотограф көшеде келе жатып көпірден суға өз-өзін тастайын деп тұрған әйелді көреді. Сол сәтте фотограф дереу фотоаппаратын алып әлгі адамның суға секіргенін күтіп тұрады. Ол қалағандай әйел көпірден секіреді. Қас-қағым сәтті фотограф шақылдатып суретке түсіріп алады. Ертесіне сенсациялық фотосуреттер газет бетіне шығып, фотографтың атағы дүркірей бастайды. Алайда кешкісін ол қатты ойға шомады. «Мен неге әлгі адамға жәрдем бермедім екен? Менің оны құтқаруға уақытым да, мүмкіндігім де болды ғой. Сонда мен адамгершіліктен гөрі, мамандықты жоғары қойғаным ба?» деп өз-өзін іштей мүжи беріпті. Осындай ситуацияда сіз не істер едіңіз?

- Мен әлбетте басқаша шешім қабылдар едім. Біреудің соңғы суретін жариялағаннан мен не ұтар едім? Әлгі фотограф, мейлі, өзін өлімге қиған жанға көмектесе алмаған жағдайдың өзінде оның суреттерін жарияламауы  керек еді. Сонда ар азабы оны мазаламас еді. Мына оқиғадан кейін «Атың шықпаса жер өрте» деген қазақтың мақалы есіме түсіп отыр. Тосыннан болған оқыс жағдайда дұрыс шешім қабылдай білсең сен сол саланың нағыз маманысың.

- Әр суреттің өзіндік сыры, тарихы болады. Туындыларыңыздың ішінде сізге қатты әсер еткені қайсы?

- Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір жігіт әжесін суретке түсіруімді сұраған болатын. Әжесі тоқсанға таяп қалған қарт кісі екен. Үйіне барып әжейді, отбасын түсіріп қайттым. Содан альбом жасауым керек болды. Материалдарды дайындап қойғаныма біраз уақыт болса да әлгі жігіт альбомды алып кетуге  екі ай дегенде бір-ақ  келді. Сөйтсем, әжесі сырқаттанып қалыпты. Альбомды алып кетті. Арада бір апта өткесін әлгі адам қайта келіп, маған ризашылығын айтты. Айтуы бойынша науқастанып қалған әжесі күнде таңертең басқа бөлмеде  қабырғада ілініп тұрған өзінің, отбасының фотосуреттерін көруге орнынан тұрып келеді екен. Фотоларды сипап, біраз қарап, қайтадан орнына жататын көрінеді. Менің түсінгенім фотоның құдыретінің арқасында орнынан тұра алмай қалған кейуана аяғынан тұрып кетті.  

- Әлеуметтік желілерге туындыңызды жариялаған кезде үнемі суретке сай керемет сөздер, ұйқасты өлеңдер жазып қоясыз.  Соған қарағанда ақындық өнеріңіз де бар секілді ғой?

- Фотоны түсірер кезде  фотографтың көкейінде бір ой тұрады. Сол мезетте сіз фотографтың жанында болған жоқсыз. Сондықтан кадрдағы көріністің арғы жағында жасырып тұрған иісті, желді сезген жоқсыз. Суретке жетіспей тұрған дыбыстарды, оқиғаларды, бір сөзбен айтқанда бейненің ішкі-жан дүниесін өлең арқылы, ойлы сөздер арқылы толықтырғанды ұнатамын. Әрине өлең шумақтарын өзім жазбаймын. Ұнаған ақын, жазушылардың сөздерін қолданамын.    

Әңгімелескен Айнұр Оңғарбай,

Мұрағаттан, 2016 ж

Гүлмәрия Барманбекова: «Кемпірбай ақыннның ұрпағымын деп оқуға түсіп кеттім»
Үміт Битенова: ​«Брежнев қайтыс болғанда екі күн жыладым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу